"МЕНІ ҚҰДАЙ ЖІБЕРДІ": ЖҮЙКЕ АУРУЫНА ШАЛДЫҚҚАН ЖІГІТ ҚАМАУҒА АЛЫНДЫ

Уақыты: 10.10.2020
Оқылды: 1103
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Талдықорған полицейлері тағы бір қарақшылық дерегін ізін суытпай ашты. Бұл жайында Алматы облысының полиция департаменті хабарлады.

Талдықорған қаласы полиция басқармасының кезекші бөліміне көпқабатты үйдегі пәтерлердің біріне қарулы шабуыл жасалғаны туралы хабарлама келіп түсті. Аталған дерек ҚР Қылмыстық кодексінің 192-бабы, 3-бөлігі, 4-тармағы бойынша тіркелді ("Тұрғын, қызметтiк, өндiрiстiк үй-жайға не қоймаға заңсыз кiрумен жасалған қарақшылық").

Оқиға орнына жеткен "Шығыс" қалалық полиция бөлімі жедел уәкілдері жәбірленуші мен оның әпкесі көрсеткен белгілерге назар аудара отырып, 3 сағат ішінде облыс орталығының 24 жастағы тұрғынын көрші аулалардың бірінен  ұстады. Сотқа дейінгі тергеу амалдары барысында күдіктінің шизофрения диагнозы бойынша психиатрда есепте тұратындығы анықталды.

Оның ашық есікті пайдаланып, екінші қабаттағы пәтерге кіріп, үстелден ас үй пышағын алғаны және ұйықтап жатқан 24 жастағы тұрғынға бет пен бас аймағына пышақ жарақатын салғаны анықталды. Күдікті көрші бөлмедегі дауысқа жүгіріп шыққан зардап шегушінің әпкесіне оны Құдай жібергенін және оған тиіспейтіндігін айтып, ұялы телефон мен қуаттағыш құрылғыны алып, оқиға орнынан бой тасалаған.

Заттай дәлелдемелер: пышақ, телефон, қуаттағыш құрылғы іске айғақзат ретінде қоса тіркелді. Қоғамға қауіп төндіретін күдіктіні сот қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын қолдана отырып, қоғамнан оқшаулау туралы шешім қабылдады.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"