ТАЛДЫҚОРҒАНДАҒЫ КОТТЕДЖДІ ҚАЛАШЫҚ: 20-ДАН АСА ШАҒЫМ ТҮСТІ

Уақыты: 10.02.2021
Оқылды: 996
Бөлім: ЭКОНОМИКА

"Алматы – Талдықорған" күрежолының қалаға кіреберіс тұсынан бой көтерген коттеджді қалашық өзінің сән-салтанатымен ары-бері өткен жүргіншілердің көз қуанышына, тұрғындардың жан рахатына айналғанын жасыра алмаймыз. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Талдықорған қалалық құрылыс бөлімінің ақпараты бойынша, бұл аумақта 600-ден астам үй бой көтермек. Қажырлы еңбектің нәтижесінде бүгінде 400-ге жуық баспана қолданысқа беріліп, өз иесін тапты. Баспаналар ұзақ жыл үй кезегінде тұрып, кезегі келген көпбалалы аналарға, мүмкіндігі шектеулі жандарға, әлеуметтік сала қызметкерлеріне кезең-кезеңімен тапсырылғанда үй иелерінің қуанышына куә болып қайтқанбыз.

Бірақ көп өтпей көңілді қобалжытатын неше түрлі алыпқашпа әңгімені естіп қалып жүрдік. Осыған орай, журналистер нақты жағдайды көзбен көріп қайтуды шешкен еді. Бұл ойымызды қалалық құрылыс және тұрғын үй- коммуналдық шаруашылық бөлімінің мамандары қолдап, коттеджді қалашық тұрғындарымен кездесіп қайттық.

Ашығын айтқанда, коттеджді қалашықта әлеуметтік желілерде таралып жүргендей жағаұстатар орасан кемшілікті, жағымсыз жағдайды байқамадық. Құрылыс жұмысы қарқынды жүріп жатқандықтан инфрақұрылымды реттеу, арбаттарды абаттандыру, жол жиектерін көріктендіру, бітпеген нысандардағы көзге оғаштау көрінетін көріністер бар. Бірақ оның бәрі қалашық құрылысы толық біткенше кезең-кезеңімен атқарылатыны белгілі.

Сондықтан, біз құрылысы бітіп, қолданысқа берілген, баспана иелерінің шағымына арқау болған себептерге назар аудардық. Осыған орай қойған сұрағымызға қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Мейір Нұрғалиев:

– Өткен жылдары тапсырылған 388 үй иесінен бүгінге дейін 20-дан аса шағым түсті. Оның дені қабырғалардың қосылған тұсындағы жарықшалардың пайда болуы, сылақтардың көшуі, терезеден суық кіру, разедкалардың шығып кеткені, ең күрделі шағым – шатырларды жылылау бойынша түсті. Осы шағымдар бойынша ішкі жөндеу жұмыстарын қайтадан қалпына келтіріп, реттеп бердік. Ал қысқы қолайсыз ауа райында қалпына келтіруге болмайтын жөндеу жұмыстарын көктем шыға реттеуді жоспарлап отырмыз, – деген жауап алдық.

Бұл кемшіліктердің түпкілікті себебі – құрылыс жұмысын сапасыз жүргізген мердігер мекемелердің жауапсыздығына қатысты. Білгеніміздей, тұрғындардан түскен шағымның дені «Мирас» ЖШС-не тән болса, «Меломан» ЖШС салған үйлерден де ақау анықталған. Сөз арасында қалалық құрылыс бөлімінің уәдесін толық орындамаған «Мирас» ЖШС үстінен сотқа шағым түсіргенін ұқтық. Десе де, қала әкімдігіне қарасты мекемелердің берген жауабына сүйену біржақтылы түсінік қалыптастыруы мүмкін. Сондықтан, біз өз бетімізбен бірнеше үйдің иесімен пікірлесіп көрген едік.

– 2006 жылы үй кезегіне тұрып, 2020 жылы тамыз айында осы баспанаға ие болдым. 14 жыл үй жалдап тұрған маған бұл баспана хан сарайымен бірдей. Барлық инфрақұрылым толық қарастырылған. Су, газ, электр желілері тартылған. Менің ешқандай шағымым жоқ. Қайта осындай жайлы баспана салып, үй жалдаумен қиналдып жүрген бізге қолайлы жағдай жасап бергендерге алғысым шексіз. Әсіресе, жайлы баспана үш баламның алаңсыз өсуіне мүмкіндік берді. Енді үй болғасын кем-кетіктер болады. Оны үйді салған құрылыс компаниясы реттеп берді. Ай сайын 8 мың теңге төлеймін, – дейді №324 үйдің иесі Индира Мұқаметқалиева.

Индира Мұқаметқалиеваның айтқандарын №416 үйдің тұрғыны Айдана Әлімбатырова да құптады. Төрт бала өсіріп отырған ана Айдана енесімен бірге бір шаңырақта отбасының берекесін тасытып отыр.

– Үй кезегінде он бес жыл тұрып, ай сайын алпыс-жетпіс мың теңгені үй жалдауға беріп, қысылып жүр едік. Бұл үйге кіргелі шаңырағымыздың берекесі арта түсті, – деп қуанышын жеткізді ол.

Жолшыбай жұмысына асығып бара жатқан № 368 үйдің иесі Асқар Рақымбаевты тоқтатып, көкейдегі сұрағымызды қоюға тырыстық:

– Он баланың әкесімін, үй кезегінде 10 жыл тұрып, осы үйді алдым. Иә, басында кемшіліктер болды. Ол  жаңадан салынған үйдің бәрінде болады. Тіпті, жеке қаржыңмен үй тұрғызсаң да кездесетін кемшілік. Қазір үйіміз жылы, бала-шағамен бірге берекелі өмір сүріп жатырмыз, – деп ағынан жарылды.

Әрине, кездескен тұрғындардың сұрағымызға шынайы жауап бергеніне сенімдіміз. Десе де, шешімін күткен жағдайларды да кездестірдік. №410 үйдің тұрғыны Айнагүл Үмбетова қалашықтағы табиғи газдың ақысын төлеуге қатысты шағымын айтып қалды. «Алтын алқалы» ана Айнагүл үйге кірген екі жылдан бері келісімшарттың болмауына байланысты табиғи газдың ақысын дер кезінде төлей алмапты. Енді екі жылдың ақысы жиналып, біраз сомаға жеткендіктен оны бірден төлеуге қалтасы көтермейтінін алға тартты. Газ ақысының дер кезінде төленбеуінің себебін қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің мамандарынан сұрап көрдік:

– Коттеджді қалашыққа табиғи газ желісі әрбір баспанаға тегін тартылып, пештер орнатылып, жағдай жасалды. Тұрғындар пайдаланған газдың ақысын төлеу бойынша 8 ақпан күні қалалық әкімдікте «ҚазТрансГазАймақ» АҚ Жетісу өңірлік филиалы, «Тавиди» ЖШС және қалашық тұрғындарының қатысуымен жиын өтті. Осы жиналыста газ ақысының дер кезінде жиналмауының себебі тұрғындарға түсіндіріліп, келісім бойынша үй иелері осыған дейін пайдаланған газдың ақысын өздері төлейтін болып шешілді. Бірақ әр үйдің жыл бойы жиналған ақы көлемі көп болуына байланысты әрбір тұрғын «ҚазТрансГазАймақ» АҚ Жетісу өңірлік филиалына арыз жазып, бөліп төлеуіне жағдай жасалды, – деді Талдықорған қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің бас маманы Алмас Барлыбек.

Халқымызда «Көш жүре түзеледі» деген сөз бар. Тұрғындарды баспанамен қамту тұрғысында елімізде мемлекеттік бағдарламалар атқарылып, көмек пен қолдау көрсетілуде. Мұндай жағдай көрші, тіпті, алыс шетелдерде де жоқ. Оған көз жұма қарауға болмайды. Бірақ «Біткен іске сыншы көп» дегендей, тұрғын үй зауытта құйылып шыққан тауар емес. Құрылыс жұмысы барысында түрлі кемшіліктің орын алатыны анық. Жоғарыда Асқар Рақымбеков айтқандай, жеке қаржыңмен салған үйдің де мінсіз болуы екіталай. Бір білгеніміз, үй құрылысына қатысты тұрғындардан түскен шағымның дені қаралған. Ауа райының қолайсыздығына байланысты сыртқы жөндеу жұмысына қатысты мәселелер күн жылынғанда реттелмек.

Қажет АНДАС

Талдықорған қаласы

Алматы облысы