КЕЛІСІЛМЕГЕН ҚЫЗМЕТ ТҮРЛЕРІМЕН АЙНАЛЫСҚАН БІРНЕШЕ МЕКЕМЕ АНЫҚТАЛДЫ

Уақыты: 12.02.2021
Оқылды: 842
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу пайыздан астамы мемлекетке тиесілі заңды тұлғалар және олармен үлестес тұлғалардың қызметтеріне талдау жасады.

Талдау нәтижелері бойынша департамент Алматы облысында келесі мемлекеттік заңды тұлғалардың, атап айтқанда, «Ақсу тұрғын үй» ЖШС, «АлатауКомСервис» ЖШС, «ЖетісуОблГаз» ЖШС, «Қаратал ауданының тұрғын-үй пайдалану қызметі» ЖШС, «Текелі қаласының тұрғын-үй пайдалану кешені» ЖШС, «Қапшағай тұрғын үй» ЖШС, «Талғар тұрғын үй» ЖШС, «Талдықорған Көркейту» ЖШС Жарғыға сәйкес келмейтін және монополияға қарсы органмен келісілмеген қызмет түрлерімен айналысатындығын анықтады.

Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінің нормаларына сәйкес, мемлекеттік заңды тұлғалар жүзеге асыратын қызмет түрлері монополияға қарсы органмен келісілуі тиіс. Сонымен қатар, мемлекеттік заңды тұлғалар жүзеге асыратын қызмет түрлерінің тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетіндігін атап өткен жөн.

Аталған мемлекеттік заңды тұлғалардың іс жүзінде көрсетілген қызмет түрлері, сондай-ақ, Жарғысында көрсетілген қызмет түрлері Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 28 желтоқсандағы №1095 «Акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу пайыздан астамы мемлекетке тиесілі заңды тұлғалар және олармен үлестес тұлғалардың жүзеге асыратын қызмет түрлерінің тізбесін бекіту туралы» Қаулысымен бекітілген қызмет түрлерінің тізбесіне сәйкес келмейді.

Осылайша, аталған мемлекеттік заңды тұлғалардың іс-әрекеттерінде Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы монополияға қарсы заңнамасын бұзу фактісі байқалды.

Осыған байланысты департамент жоғарыда аталған мемлекеттік заңды тұлғаларға монополияға қарсы органмен келісілмеген қызметті жүзеге асыру бөлігіндегі заңбұзушылықтарды тоқтату туралы және заңнамаға сәйкес келмейтін қызмет түрлерін Жарғыдан алып тастау туралы нұсқаулық жіберді.

ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті

Сурет - ғаламтордан