АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕС АЛДЫНДА ЕСЕП БЕРДІ

Уақыты: 15.02.2021
Оқылды: 1172
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Алматы облыстық Қоғамдық кеңесінің отырысы өтіп, Жетісу жерінде атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесі талқыланды. Онлайн форматта өткізілген жиында екі мәселе қаралды. Оның біріншісі – облыстық қоғамдық кеңестің жаңа сайланған мүшелерін таныстыру болса, екіншісі, облыс әкімі Амандық Баталовтың «Алматы облысының 2020 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму нәтижелері және 2021 жылға арналған міндеттері туралы» есебін тыңдау.

Алқалы жиынды ашып, жүргізіп отырған Қоғамдық кеңес төрағасы Әлихан Тойбаев алдымен кеңес құрамына мүше ретінде Зағипа Балиеваның, Серік Мұқановтың, облыстық мәслихат хатшысы Жанболат Жөргенбаевтың, облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Жұмағұл Әлімбековтің, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыстық департаментінің басшысы Ләззат Бейсеқұлованың, облыс әкімінің этика жөніндегі өкілі Ғабит Тұрсынбайдың жаңадан қосылғанын жеткізіп, сөз кезегін облыс әкіміне берді.

– Өздеріңіз білетіндей, өткен жыл пандемияға байланысты қиын жыл болды. Дегенмен, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша қабылданған қолдау шараларының арқасында облыс экономикасының барлық негізгі салаларында оң серпін сақталды, – деген Амандық Ғаббасұлы жеткен жетістіктерді саралады. – Өнеркәсіп өсімі 1 трлн. 168 млрд. теңгеге, ауылшаруашылығындағы өсім 918 млрд. теңгеге жетіп, құрылыста – 6,8 процентті құрады (310,2 млрд). Облыс бойынша 957 мың шаршы метр тұрғын үй іске қосылды, бұл 2019 жылғы деңгейден 7 процентке артық. 4 процент өсіммен 680 млрд. теңгеден астам инвестиция тартылды. Бұл көрсеткіштерге қол жеткізуге Жұмыспен қамтудың жол картасы көп ықпал еткенін атап өткім келеді. Бағдарлама бойынша біздің облысқа 105,6 млрд. теңге бөлініп, 19,5 мың жұмыс орнын құрған 898 жоба аяқталды. Жалпы облыс бойынша барлығы 60,7 мың жұмыс орны құрылды. Мемлекеттік бюджетке түсімдер 562 млрд. теңге мөлшерінде қамтамасыз етілді, оның ішінде меншікті кірістер 25 процентке өсіп, 284 млрд. теңгеге жетті.

Баяндамашының айтуынша, биыл облыста жылына 60 мың тонна құрама жем шығаратын «Фид Миллс» зауыты пайдалануға берілсе, наурыз айында «Алацем» цемент зауыты іске қосылып, 360 адамды тұрақты жұмыспен қамтитын зауыт жылына 1,2 миллион тонна өнім щығарады. Сондай-ақ, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленіп жатқан Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған ұлттық жобасы аясында ет, сүт, қант, дәнді, майлы дақылдар, көкөністер мен жемістер өндіретін ірі инвестициялық жобалар айналасында жеті экожүйе құрылатын болады. Оған Жетісу жерінің әлеуеті жетеді. Атап айтқанда, 1,3 миллион бас ірі қара, 4 миллион бас қой мен ешкі, бір миллион гектарға жуық егіс алқабы экожүйе құруға қатысады. Соған байланысты қант қызылшасының егістігі 16,3 мың гектарға жеткізіліп, қант өндірісін 55 мың тоннаға жеткізу межеленген. Сондай-ақ, қызылша сығындысын өңдеп, түйіршіктелген жем шығаратын зауыттың құрылысы жоспарлануда. Одан бөлек, былтыр облыста «Жетісу Мажико», «Жетісу Соя» және «Агритеч» зауыттары іске қосылып, майбұршақ өсіру ісі ұлғайтылып отыр.

Ет өнімдерін өңдейтін трансұлттық компаниялар Жетісу жеріне қызығушылық танытуда. Мысалы, германиялық «Бауманн» компаниясы жылына 30 тонна қойдың етін өңдейтін «Жетісу қой» жобасын жүзеге асыруға кіріспекші. Ал, америкалық «Тайсон Фудс» компаниясы жылына 500 мың бас ірі қараның етін шығаратын зауыттың құрылысын Қапшағай қаласының маңынан салмақшы.  Облыста құс еті мен жұмыртқаны экспортқа шығару соңғы үш жылдың ішінде екі есеге өсіп, 7,1 миллион АҚШ долларын құрады. Былтыр Іле ауданында іске қосылған «НаурызАгро» құс фабрикасы жылына 32 миллион жұмыртқа өндіруді бастаса, Ұйғыр ауданында ашылған «OTAN GreenFood» құс фабрикасы жылына 30 мың тонна құс етін дайындауды межелеп отыр. Одан бөлек, қуаттылығы 37 мың тонна құс етін дайындайтын «Прима құс» зауытының құрылысы басталмақшы. Міне, осындай жетістіктермен былтыр ауылшаруашылық саласындағы жалпы ішкі өнім мөлшері 1 триллион теңгені құрап, бір адамға шаққандағы еңбек өнімділігі 2,8 миллион теңгені құрады.

Мұндай өсім шағын және орта кәсіпкерлік, туризм, инфрақұрылым, баспанамен қамту, сапалы ауызсу, автокөлік жолдарын жөндеу, әлеуметтік қамсыздандыру, білім, денсаулық сақтау, спорт, құқық қорғау органдары, мемлекеттік қызмет сынды салаларда көптеп саналады. Аталған салалардың барлығы қажетті техникамен қамтылып, керекті құрал-жабдықтармен жабдықталған. Әсіресе, халықты баспанамен қамтамасыз ету ісінде бірқатар жетістіктер бар. Атап айтсақ, облыста пәтердің кезегінде 51,8 мың адам тұрса, жер телімін алуға өтініш білдіргендердің саны 154,2 мың адамға жетті. Былтыр тұрғын үймен қамтамасыз етілген 2 395 отбасының 1258-і көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан болса, 180 отбасы демеушілердің көмегімен баспаналы болды. Биыл салынатын 1 миллион текше метрден астам көпқабатты тұрғын үйден 3731 отбасы жаңа пәтер алады. Оның ішінде «Бақытты отбасы», «7-20-25», «Шаңырақ» бағдарламаларымен 1906 адам баспанаға ие болады.

Еліміз үшін аса маңызды тарихи кезең – Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен қатар Алматы облысының әкімшілік орталығының Алматы қаласынан Талдықорғанға ауысқанының 20 жылдығы қатар келіп тұр. Осы кезең ішінде көптеген жақсылық орын алып, бірқатар жетістікке қол жетті. Соның бәрі барлық саланың жұмысын ұдайы қадағалауда ұстағанның нәтижесі екендігіне тоқталған облыс әкімі алдағы уақытта қол жеткізілген көрсеткіштердің төмендемейтінін атап өтті. Ол үшін экономикалық дамудың жоғарғы көрсеткіші жалғасып, инвестиция әкелу мен халықтың табысы артуы тиіс. Ет, сүт, май, көкөніс пен жеміс-жидек өңдейтін ірі жобалар жүзеге асырылып, шағын және орта кәсіпкерлікке қолдау көрсетіледі. Тұрғын үйлердің, ауыларалық жолдардың құрылысы тұрақты жүргізіліп, тұрғындарды сапалы ауызсумен қамтамасыз ету жалғасады. 2025 жылға дейін 77,5 миллион ағаш көшеті отырғызылып, үшауысымдық мектептердің қатары азаяды. Денсаулық сақтау саласындағы барлық ұйымдар қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп, медицина сапасы артады.

А.Баталовтың баяндамасын мұқият тыңдаған облыстық Қоғамдық кеңестің мүшелері өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, өзекті мәселелерді шешудің жолдарын сұрастырды.

Атап айтсақ, Роза Ақжаркенова облыс орталығындағы жабайы сауданы болдырмаудың жолын қарастыру жабық базарлар салуда екендігін атап өтіп, соған қатысты қандай шаралар қолға алынып жатқанын сұраса, Әмір Ғазалиев азық-түлік бағасының күн санап өсіп бара жатқанын, саудагер атаулы тауар құнын өсіруден танбайтынын алға тартып, қажетті азық-түліктің бағасын тұрақтандыру бойынша қандай жұмыстар атқарылатынын сұрады. Ал, онлайн сұрақ қойған Қайрат Нұрханов тұрмыстық қалдық алаңдарын салуды дұрыс жолға қоймаса Жетісу жерінің экологиясы құлдырап кететінін атап өтсе, Нұрбай Жантілеуов Кербұлақ ауданы Жоламан ауылдық округіндегі суландыру жүйесін аудан балансына алудың жергілікті дихандар үшін қажет екендігін алға тартты. Қойылған сауалдарға нақты жауап берген Амандық Ғаббасұлы көтерілген мәселелердің аяқсыз қалмайтынын жеткізіп, айтылған ескертулердің қоғамның түзелуі үшін маңызды екендігін алға тартты.

Одан соң отырыста қаралған мәселеге байланысты Қоғамдық кеңес мүшелері Ермек Келемсейіт, Роза Ақжаркенова, Әміре Әрін, Ақшабай Керімбеков кезекпен сөз алып, облыс әкімінің есебіне «қанағаттанарлық» деген баға беріп, өздерін толғандырған мәселелерді атап өтті. Олардың ішінде Әміре Әрін жасаған ұсыныстың – көнеден тартып, қазақ әдебиетіне елеулі үлес қосқан жетісулық ақын-жазушылардың 20 томдық шығармалар жинағын шығарудың өте маңызды екендігін атап өткен А.Баталов Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай қаламгерлер шығармашылығы топтастырылып шығарылатынын жеткізді.

Отырыста көтерілген мәселелерге қатысты дауыс беріп, қолдау білдіріп отырған Қоғамдық кеңес мүшелері облыстық мәслихаттың хатшысы Жанболат Жөргенбаев пен Қоғамдық кеңес төрағасы Әлихан Тойбаевтың былтыр атқарылған жұмыстар туралы баяндамаларын тыңдап, оң бағасын берді.

Мәди АЛЖАНБАЙ

Алматы облысы