АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА АҚЫЛЫ АВТОЖОЛДАРҒА ҚАТЫСТЫ ЖИЫН ӨТТІ

Уақыты: 19.02.2021
Оқылды: 1105
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Алматы облысының тұрғындары жол мәселесіне қатысты өткен қоғамдық тыңдауда «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-на жеңіл автокөлік иелері үшін Қазақстан Республикасының барлық аумағында ақылы жолдарды пайдалануға жылдық лимитсіз абономент қызметін іске қосуды ұсынды. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Талдықорған қаласында «Қапшағай - Талдықорған» автомобиль жолының учаскесінде ақылы жүйені енгізу мәселесі бойынша қоғамдық тыңдау өткізді. Бұған дейін мұндай іс-шаралар Қапшағай қаласы мен Кербұлақ ауданында өткен болатын. Жақын арада тыңдаулар Алматы облысының Көксу және Ескелді аудандарында да ұйымдастырылмақ.

«Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес өңірде «Алматы - Қапшағай» ақылы автобанының жалғасы болатын «Қапшағай - Талдықорған» ақылы автожолын іске қосу жоспарлануда.

Тұрғындармен кездесуде «ҚазАвтоЖол» өкілдері ақылы автомобиль жолдарының басты артықшылықтарын атап өтті. Компания мамандары ақылы жолдарды енгізумен «Қапшағай-Талдықорған» автожолы технологиялық жағынан қауіпсіз және пайдалану үшін ыңғайлы болатынын атап өтті. Өйткені, ол бюджеттік қаржыландыруды жоспарлауға тәуелді болмайды және дер кезінде жоғары деңгейде қызмет көрсететін болады.

Алматы облысы елді мекендерінің тұрғындары таныстырылымнан кейін ақылы жүйені енгізу мәселесін талқылау барысында бірқатар ескертулер мен ұсыныстарын айтты.

Атап айтқанда, жеңіл автомобиль иелері үшін жаңа қызметті – Қазақстан Республикасының барлық аумағында ақылы жолдарды пайдалануға жылдық лимитсіз абонементті іске қосу және оған қолайлы баға бекіту ұсынылды. Сондай-ақ, облыс орталығының тұрғындары экономикалық даму ерекшеліктерін ескере отырып, әр облыс үшін жол жүру ақысының сараланған мөлшерлемесін жеке енгізуді ұсынды.

Бұл мегаполистер мен аймақ тұрғындарының кірістеріндегі айырмашылыққа байланысты айтылып отыр.

Ақылы жол учаскесінде тұрақты төлем бекеттерінің орнына «ашық» төлем жүйесі қолданылады. Автокөліктердің өткенін тіркейтін арнайы камералар мен жабдықтар бақылау аркаларына бекітіледі. Жол жүру төлемі қолма-қол ақшасыз алдын ала төлем тәсілі бойынша жүргізіледі. Бұдан бөлек, пайдаланушыларға тегін берілетін RFID-белгілерді қолдану үшін шарт жасасу ұсынылады.

Жолға іргелес аудан тұрғындарының мүдделері мен құқықтары да ескерілді. Оларға жылдық абонемент бойынша жеңілдікпен жол жүру ұсынылады. Сондай-ақ, Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен оларға теңестірілгендерді, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды ақыдан босату жоспарлануда.

«Қазавтожол» мамандары ақылы жолдар әдеттегі жолдарға қарағанда жол төсемі мен жол бойындағы инфрақұрылымның сипаттамалары бойынша жүйелі түрде жөнделетінін атап өтті.

Өзін-өзі қаржыландыру қағидаты учаскелерде жоғары қауіпсіздік деңгейін қамтамасыз етіп, сапалы сервистік қызметтерді бекітуге мүмкіндік береді.

Мысалы, тәулік бойы жолдың қоқыстан, кірден және жауын-шашыннан патрульдейді және тазартады, жол жабынының, жарықтандыру жүйелерінің, жол белгілері мен ондағы ақауларды жедел ретке келтіреді. Төтенше жағдайларда жүргізушілерге көмектесу, қауіпсіздік жүйелерінің жұмысын бақылау және жүргізушілерді хабардар ету, сондай-ақ жолдағы жағдайды бақылау жеке сервистік қызметтер көрсетуге мүмкіндік береді.

Тыңдауда ақылы жүйе енгізілсе, жол бойындағы инфрақұрылымды дамыту да қамтылатыны айтылды. Мысалы, демалыс орындары, жанар-жағармай құю бекеттері, қонақүйлер, дәмханалар, супермаркеттер, дәріханалар, жылы дәретханалар және тағы басқа да жолаушыларға қажет нысандар салынады.

Пайдаланушылардың ыңғайлығы үшін ұлттық компания «QAJ Mobile» мобильді қосымшасын әзірледі. Оның көмегімен жүргізушілер өз балансындағы сомманы біліп, қызықтырған сұрақтарын қоя алады.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет - ғаламтордан