БІР ЖЫЛДЫҢ ІШІНДЕ ЖОЛ ҚҰРЫЛЫСЫНАН 1300-ДЕН АСА АҚАУ ТАБЫЛҒАН

Уақыты: 24.02.2021
Оқылды: 1024
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Алматы облысында автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 9610 шақырымды құрайды. Оның ішінде республикалық маңызы бар жол 2822 шақырым болса, жергілікті деңгейдегі жолдардың ұзындығы - 6788 шақырым.

Өткен жылдың басында тас жол құрылысының сапасы 81 пайызды құраса, жыл соңында бұл көрсеткіш 84 пайызға аяқ басты. Жол құрылысшылары «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында дәл осы қарқында еңбек ете берсе, 2025 жылға дейін автомобиль жолдарының сапалы және қанағаттанарлық жағдайын 99 пайызға жеткізу мәселесі облыс әкімдігі баспасөзінің көлік және жолдар тақырыбына арналған қорытынды есебінде көрсетілген болатын.

Соңғы жылдары жол сапасының жақсара түсуі «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» РМК дүниеге келуімен тікелей байланысты екенін ауыз толтырып айтуға болады. Кәсіпорын тек өткен жылдың өзінде жол-көлік материалдарының 27,4 мыңнан астам сынамасы алынғанын жыл қорытындысында хабарлады. Осындай бақылау, тексеру барысында сапа орталығы құрылыс материалдарының 6 мыңнан астамы талапқа сай келмейтінін анықтаған екен. Дәл осындай табанды жұмысты Алматы облыстық филиалының қызметкерлері де атқара білді.

- Мекеме мамандары өткен жылы 1349 рет жолға шығып, құрылыс материалдары мен жол сапасын бақылауда 2397 сынама алды. Нәтижесінде, жол құрылыс материалдарының 570-і нормативтік құжаттардың талаптарына сай болмай шықты. 1325 технологиялық ақау табылып, шығындар көлемі 83 миллион теңгеге жетті. Жол сапасына қатысты бақылау жұмыстары «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» мекемесінің әрдайым басты назарында тұрады, - дейді «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» РМК Алматы облыстық филиалының директоры Жасұлан КЕРІМҚҰЛОВ.

«ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ»