АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА ШОШҚА ӨСІРЕТІН АЛЫП КЕШЕН ТҰРҒЫЗЫЛАДЫ

Уақыты: 26.02.2021
Оқылды: 509
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Алматы облысында швейцариялық технологияның негізінде шошқа өсіретін селекциялық-гибридті мал шаруашылығы кешені салынады. Шетелдік инвестор компания «KS Genetics Switzerland SA» өкілдерімен Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВ кездесіп, екіжақты меморандумға қол қойды. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Кездесу барысында облыс әкімі Амандық Баталов инвестор компания өкілдеріне аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму ерекшеліктері, басым бағыттары туралы баяндады.

– Республикада өсірілетін сояның 95% біздің өңірде өсіріледі. Ауылшаруашылығы дақылдарын өңдеу ісі де жолға қойылған. Бізде екі ірі қант зауыты жұмыс істейді. Биылғы жылы қант қызылшасының алқабы 16,3 мың гектарға жетіп, 55 мың тоннаға дейін қант шығарылады. Мал шаруашылығы да дамытылуда. Оған трансұлттық компаниялар да қатысуда. Неміс және америкалық компаниялармен бірлесіп, ірі қара мен ұсақ малдың етін өңдейтін екі ірі жоба іске асырыла бастады. Біз сіздермен бірлесіп жұмыс істеуге  әр кез қуаныштымыз. Мал шаруашылығы кешенінің құрылысына байланысты ұсыныстарыңызды бірге талқылауға дайынбыз, – деді аймақ басшысы өз сөзінде.

Өз кезегінде «KS Genetics Switzerland SA» компаниясының президенті және акционері Филиппо Ломбарди Амандық Ғаббасұлымен «ЭКСПО» Халықаралық көрмесінде кездесіп, тілдескенін еске алды. Сондай-ақ, шетелдік инвестор мал шаруашылығы кешенін салу туралы жобасын украиндық серіктестермен бірігіп, заманауи швейцариялық технологияны пайдаланып іске асырады.

Айта кетерлігі, шаруашылық жылына 50000 бас шошқа өсіреді. Жобаға 17 млн.евро инвестиция тартылады. Аталмыш кешеннің мақсаты – өнімділігіне кепілдік берілетін, ауруға төзімді, генетикалық манипуляциясыз таза қанды шошқалар өсіру. Жоба туралы кеңінен «KS Genetics Switzerland SA» компаниясының акционері, «KSG Agro» компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы Сергей Касьянов баяндады. Оның айтуынша, кешен құрамына репродуктор, ферма және құрама жем зауыты кіреді.

– Сіздердің өңірлеріңізде соя бар, жүгері бар. Біз жергілікті фермерлер дақылдарды бізге қажетті көлемде өсірулері үшін оларды қаржыландырып, дәл сол жерде оларды өңдеуді жоспарлап отырмыз. Енді бірлесіп жобаны жүзеге асыратын жерді анықтаса дейміз. Бізге бұрын сондай фермалар болған алаңдар да жарай береді. Болашақта дайын өнімдерімізді эспорттау да жоспарымызда бар, – деді инвестор.

Еңлік АРЫҚБАЙ

Алматы облысы