МӘСЛИХАТТЫҢ БЕСІНШІ СЕССИЯСЫ ӨТІП, ЖЫЛДЫҚ ЕСЕП САРАЛАНДЫ

Уақыты: 28.05.2021
Оқылды: 875
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Алматы облыстық мәслихатының кезекті V сессиясы өтіп, Жетісу жерінде атқарылған жұмыстардың нәтижесі сараланды. Жартылай онлайн сипатта өткен жиынды  жүргізіп отырған облыстық мәслихат депутаты Гүлнар Тойлыбаева сессияда облыстың 2020 жылға арналған бюджетінің орындалуы және тиісті кезеңге арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамында қабылданған өңірдің салық-бюджет саясатының негізгі бағыттары, облыста жергілікті мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларының іске асырылу барысы, қоршаған ортаны қорғау мен табиғат пайдаланудың жай-күйi, форвардтық сатып алуға қатысатын өнім берушілердің тізімін қарау және бекіту жөніндегі үйлестіру кеңесінің дербес құрамын бекіту, облыстағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі өңірлік ведомствоаралық комиссиясының дербес құрамын бекіту, кезекті сессияның төрағасын сайлау сынды алты мәселе қаралатынын атап өтті.

Бірінші мәселе – облыстың 2020 жылға арналған бюджетінің орындалуы және тиісті кезеңге арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамында қабылданған өңірдің салық-бюджет саясатының негізгі бағыттарының іске асырылуы туралы облыстық қаржы басқармасының басшысы Жасұлан Естенов баяндама жасап, былтырғы жылдың нәтижесін таныстырды. Оның айтуынша, өткен жылы бюджеттің игерілу көрсеткіші 99,7 пайызға жеткен. Игерілмей қалған 2302,3 миллион теңге мемлекет қорына қайтарылды. Тақырыпқа орай, облыстық тексеру комиссиясының төрағасы Мейрам Мұсаев, облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Жомарт Әмірханов, мәслихаттың экономика және бюджет мәселелері бойынша тұрақты комиссиясының төрағасы Асқар Сүлейменов қосымша баяндама жасап, Жетісу жерінде атқарылған жұмыстардың нәтижесін оң бағалады. Осылайша былтырғы бюджеттің орындалуы туралы жылдық есепті мәслихат депутаттары дауыс беру арқылы бекітті.

Одан соң екінші мәселе – облыста жергілікті мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларының іске асырылу барысы туралы есеп беру және облыстық мәслихаттың 2019 жылғы 16 шілдедегі «Іске асырылуы жоспарланатын жергілікті мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларының тізбесін бекіту туралы» №49-253 шешіміне өзгеріс енгізу қажеттілігін негіздеу үшін облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Жомарт Әмірханов баяндама жасап, қосымша жұмсалатын қаржының есебін берді. Оның айтуынша, былтырғы карантиннің экономикаға тигізген әсері баршылық. Атап айтқанда, пандемияға байланысты «СТК Sokol» ЖШС, «Шин Лайн» ЖШС, «Прима Құс» ЖШС сияқты ірі инвестициялық жобаларды іске асырудың мерзімі ауысқан. Сондай-ақ, «Қорғас» ШЫХО және «Қорғас-Шығыс қақпасы» АЭА аумағында жобаларды іске асыру тоқтатылған.

Облыста ана өлімі толастамай тұрса, апаттық және үшауысымды мектептер әлі де жұмыс істеуде. Дегенмен, үшауысымды мектептерді жою жұмыстары біртіндеп жүргізіліп келеді. Былтыр 3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту үшін 18482 орын ашу көзделген болатын. Пандемияға байланысты соның 7122 ғана ашылған. Одан бөлек, көшедегі қылмыстың алдын алу бойынша профилактикалық жұмыстарды күшейту қажет. Ол үшін барлық көшелерді жарықпен және бейнебақылаудың заманауи жүйесімен қамтамасыз ету керек. Сонымен қатар, тәртіп сақшыларының жұмысы күшейтіліп, қарапайым халықтың құқықтық сауаттылығы артуы қажет.

Өзекті мәселелерге қатысты сұрақ қойған мәслихат депутаттары бірқатар тақырыптардың ашылуына септігін тигізді. Мысалы, мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары бойынша Ақсу ауданының Қызылағаш суару алқабын салу жобасын іске асыруға жұмсалатын қаржы 15 мың гектар жерді сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретіні анықталды.

Күн тәртібіндегі үшінші мәселе – Жетісу жеріндегі қоршаған ортаны қорғау мен табиғатты пайдаланудың жай-күйi туралы облыстық экология департаментінің маманы Ерасыл Бекжанов атқарылған жұмыстардың есебін берді. Оның айтуынша, өзен-көлдердің, орман-тоғайды қоқыстан тазартудың бірден-бір жолы –жергілікті әкімдіктер мен полиция бөлімшелеріне маңайдың тазалығын қадағалауды тапсыру керек. Сонда ғана қоршаған ортаны ластау азаяды. Әйтпесе, тұрғылықты халық бір-бірінің заңсыз әрекетіне көз жұма қарауын тоқтатпайды.

Тақырыпқа орай мәселе көтерген облыстық мәслихат депутаты Асқар Сүлейменов Талғар қаласын қақ жарып ағып жатқан тау өзенінің жағасына салынған үйлер жыл өткен сайын қауіпті жағдайға тап болуын атап өтті. Өйткені, өзен суы жағалауды жырып, жағалау бекіту шараларының өзін жарамсыз етіп тастаған. Осыған байланысты облыстық экология департаменті мамандарымен бірлесе жұмыс істеп, төтенше жағдайдың алдын алу керектігін ұғындырған депутаттың ұсынысы қолдау тапты.

Сессияда қаралған форвардтық сатып алуға қатысатын өнім берушілердің тізімін қарау және бекіту жөніндегі үйлестіру кеңесінің дербес құрамы, облыстағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі өңірлік ведомствоаралық комиссиясының дербес құрамы бекітіліп, кезекті сессияның төрағасын сайлау мәслихат депутаттарының қолдауын тапты.

Мәди АЛЖАНБАЙ

Алматы облысы