ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ БЕС ӨҢІРДІҢ ТЫНЫС-ТІРШІЛІГІМЕН ТАНЫСТЫ

Уақыты: 29.05.2021
Оқылды: 1242
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Алматы облысы әкімінің орынбасары Арслан Дәндібаев Алакөлден бөлек тағы бірнеше ауданға арнайы іссапармен барып, өңірлердің бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысты. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Облыс әкімінің орынбасары Арслан Дәндібаев жұмыс сапары аясында Талғар, Еңбекшіқазақ аудандары мен Қапшағай қаласына барып, ондағы туристік нысандардың даму жоспарын көрді. 

Ақбұлақ», «Шымбұлақ», «Табаған» сияқты курорттар көпшілікке бұрыннан танымал. Енді солардың қатарына «Ой-Қарағай Лесная сказка» отбасылық демалыс орталығы қосылды. Туристік нысандарды ары қарай әлемдік стандарт бойынша дамыту күн тәртібіне қойылып, Үкімет Алматы тау кластері жобасын әзірлеуді тапсырған болатын. Осы жұмыстарды жүзеге асыру үшін  біріккен жобалық кеңсе құрылған. Нәтижесінде бірқатар жұмыс жүзеге асырылды. Алдағы уақытта орындалатын жоспарлар да аз емес.

Облыс әкімдігінің Алматыдағы өкілдігі ғимаратында өткен жиында Арслан Дәндібаевқа аталған жоба жан-жақты таныстырылды. Оның ұтымды тұстары жайында біріккен жобалық кеңсенің басшысы Еркебұлан Хасенов баяндады.

– Жобалық кеңсе құрамында «Қазақ туризм» компаниясы, Алматы қаласы және Алматы облысы әкімдігі, Ұлттық парктер, Орталық мемлекеттік органдар мен басқа да ведомостволар, туризм саласындағы әлемдік сарапшылар бар. Соңғы жылдары демалушылар арасында тау ішінде адасып кеткен, тіпті, ажал құшқан оқиғалар жиі кездесуде. Сондықтан аталған жобада құтқару қызметінің жандануын назардан тыс қалдырмадық. Биыл бұл қызмет түріне қосымша 19 бірлік қосылды. Тау бөктерінен арнайы 14 үйшік салуды жоспарлап отырмыз. Жолынан адасқан жандарға құтқарушылар келгенше осы үйлерде амалдап отыра тұруға мүмкіндік туады. Үйдің іші отын-сумен, дәрі-дәрмекпен жабдықталады. Әрине, байланыс мәселесі ең бірінші кезекте тұр. «Қазақтелеком» компаниясымен бұл жұмыстарды реттеуге күш салып жатырмыз. Цифрландыру аясында нысандарда бейне бақылау жүйесі, таулы жерде шұғыл шақыру түймесін енгізу де қарастырылған. Бірлескен жұмыстар аясында біз ең алдымен туризмді дамытудың дүниежүзілік стандарттарына ден қойдық. Талапқа сай 30 дәретхана салынды. Соның 23-і Ұлттық парк аумағында орналасқан. Жол бойындағы орындықтардың да дизайнын біркелкі етіп, әдемі де сәнді болуын қамтамасыз етіп жатырмыз, – деді Еркебұлан Хасенов.

Баяндамашы ары қарай осы жоба негізінде жүзеге асып жатқан игі істерді де тілге тиек етті. Ол – «Іле-Алатау» ұлттық табиғи паркі аумағына қарасты Аюсай шатқалындағы орталықтың құрылысы. Бұл нысан ойдағыдай аяқталса, тағы бір көрікті демалыс орны келушілерге  есігін айқара ашады. Жүздеген адам жұмыспен қамтамасыз етіледі деп күтілуде.

Жиында «Ой-Қарағай - Лесная сказка» мен «Ақбұлақ» жобасы да сөз болды. Алматы тау кластерінің Талғар локациясы бойынша арнайы жол картасы әзірленіп, бекітілді. Соның арқасында 2020 жылы ұзындығы 16 шақырым болатын  «Бірлік – Алмалық – Қазстрой – Рысқұлов – Ақбұлақ» жолдарына жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, «Ой-Қарағай» және  «Ақбұлақ», Шарын шатқалы, Көлсай көлдері мен Тұзкөлге апаратын жолдар жаңаланды. Электр желілерін тарту жұмыстары да қарқынды жүруде. Газдандыру, ауызсумен қамтамасыз ету де күн тәртібінде тұр. Облыстағы туризм инфрақұрылымын дамытуға 2020 жылы мемлекеттік бюджеттен 41,6 млрд.теңге бөлінген. 

Жиында аталған демалыс орындарының басшылары сөз алып, өздеріне қарасты аумақта инженерлік-инфрақұрылымдық жұмыстарға қатысты жобалық-сметалық құжаттардың жасалуы кешеуілдеп жатқанын тілге тиек етті. «Ақбұлақ» сауықтыру кешеніне баратын жолайрықта туристердің қауіпсіздігі үшін бағдаршам орнатылса екен деген ұсыныстарын алға тартты. Арслан Дәндібаев тиісті мәселелелердің оң шешімін табуына барынша қолдау көрсетілетінін жеткізді.

Облыс әкімінің орынбасары Есік көлінің бүгіні мен болашағын сөз етті. Алматы қаласынан 60 шақырым жерде, тау деңгейінен 2800 метр биіктікте орналасқан көлдің тамаша көрінісі көз тартады. Кезінде бұл жерде демалыс орындары, мейрамханалар жұмыс істеген. Туристер көп баратын көрікті нысандардың бірі болған. Енді көл жағалауын заманауи үлгіде дамытып, оның туристік әлеуетін көтеретін кез жеткенін жиналғандар қапысыз ұқты. Осы жұмыстарға бел шешіп кіріскелі отырған инвесторлар аз емес екен. Түрген шатқалы да ғажайып сұлулығымен баурап алады. Ондағы сарқырамалар жан сарайыңды ашады.

Облыс әкімінің орынбасары Қапшағайдағы демалыс орындарын да аралады. Ондағы қызмет көрсету жұмыстарымен жан-жақты танысты. Сапар барысында аталған нысандардың болашағы зор екеніне ешкім күмән келтірмеді. Әлемдік стандартқа сай сапалы қызмет көрсетілсе, туризмнің нағыз қайнар көзіне айналатыны сөзсіз.

Облыс әкімінің орынбасары Арслан Дәндібаев Сарқан ауданына арнайы келіп, балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің және «Жоңғар Алатауы» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің жұмыстарымен танысты. Спорт мектебіндегі жастардың салауатты өмір салтын қалыптастырудағы нәтижелі істерді көзбен көрген облыс әкімінің орынбасары ұлттық табиғи парктің туристік маршруттары жөнінде жан-жақты мағлұмат алды.

"Жоңғар Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі» экологиялық, мәдени, тарихи және эстетикалық құндылығы жоғары табиғи таулы ландшафтарды өз қалпында сақтап қалу мақсатында құрылған, – дейді  ұлттық табиғи парктің директоры Марат Қабиев. – Біздің басты мақсатымыз Жоңғар Алатауының орталық аймағының солтүстік тау беткейлерінің экожүйесін сақтап қалу, ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізу мен өзгерген экожүйені қалпына келтіру".

Парк аумағының 1,05 пайызын Сиверс алмасының жабайы жемісті орманы алып жатыр. Сиверс алмасы барлық мәдени алма сорттарының арғы тегі болып табылады және ғаламдық маңызы бар жемісті ормандардың бірегей агробиоалуантүрлілігін сақтап қалып, өсімін молайту үшін ерекше қорғауды талап етеді.

Ұлттық парктің негізгі бағыттарының бірі – экологиялық туризмді дамыту. Экотуризм – қоршаған ортаға жағымсыз  әсерді  ең аз мөлшерде келтіруге саналы талпыныс және қаржылай көмек жасайтын, жергілікті халыққа кіріс көзін құратын туризм түрлеріне жатады. Қазіргі уақытта парк аумағында 11 туристік маршрут, 2 экологиялық соқпақ жұмыс істейді. Осыған орай, турбазалардың туристерді қабылдауға дайындығы, олардың қауіпсіздігі және байланыс жүйесі алдын ала пысықталуда.

Айта кетейік, Арслан Дәндібаев мұның алдында Алакөл ауданына барған еді. Сондай-ақ, облыс әкімдігінің өкілі Ақсу ауданында атқарылып жатқан жұмыстармен де танысып, өңірдегі жауапты тұлғаларға тапсырма берді.

Болат МӘЖИТ,

Жомарт ИГІМАН

Алматы облысы