АМАНДЫҚ БАТАЛОВҚА ЖУРНАЛИСТЕР ТАРАПЫНАН 30-ҒА ЖУЫҚ САУАЛ ҚОЙЫЛДЫ

Уақыты: 30.05.2021
Оқылды: 1129
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВҚА Нұр-Сұлтан қаласындағы брифинг кезінде журналистер тарапынан жалпы саны 30-ға жуық сауал қойылды. "Жетісу" газеті әкімге қойылған сұрақ пен оған берілген жауаптардың бірқатарын жариялады.

Маржан БАҚТИЯРҚЫЗЫ, модератор: Елбасының Бес әлеуметтік бастамасында студенттерді жатақханамен қамту міндеті тапсырылған. Сонымен қатар, Тұңғыш Президент Жолдауында елде 100 дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салуды да жүктеген еді. Облыста бұл құрылыстар қалай жүргізіліп жатыр? Бұқаралық спортты дамытуға спорт кешендері әсерін тигізді ме?

Жауап: Облыста екі жоғары оқу орны бар. Біріншісі – Жетісу университеті болса, екіншісі, С. Демирел атындағы университет. Көп жылдан бері құрылысы бітпей тұрған нысанды иелерінен сатып алып, күрделі жөндеу жұмыстарын жүргіздік. Ғимарат реконструкциядан өтіп, 288 орынды жатақхана салынды. Сондай-ақ, үш колледжге, атап айтқанда, Талдықорған медколледжіне 280, политехникалық колледжіне   200, Бастөбе сервистік колледжіне 50 орынды  жатақхана салынып, пайдалануға берілген.

Спорт нысандарына келер болсақ, соңғы 3-4 жылдың ішінде 15 спорт кешенін салдық. Осы нысандарда балалар бокс, гимнастика, күрес сияқты көптеген спорт түрлерімен еркін айналыса алады. Кешен ауласында футбол алаңдары да қарастырылған. Алдағы уақытта Нарынқол, Бақанас ауылдарында спорт кешені қолданысқа беріледі.

Маржан БАҚТИЯРҚЫЗЫ, модератор: Бүгінгі таңда инфрақұрылым мәселесі маңызды болып тұр. Талдықорған –Өскемен тасжолының құрылысы қашан аяқталады деп жоспарлануда? Одан бөлек, Қаскелең тұрғындары Алтын Ордадағы жол кептелісіне тап болмай, еш қиындықсыз Алматыға қашан кіріп-шыға алатын болады?

Жауап: Талдықорған – Өскемен күрежолының құрылысы үнемі назарда. Премьер-Министр Асқар Мамин де үнемі келіп, жиналыс өткізіп тұрады. Тұрғындар мен мердігер компания арасында бірқатар мәселелер болды. Қазіргі уақытта шешімін тауып, оңтайландырылған. Жұмыс қарқыны жоғары. Жөндеу жұмыстарында жүрген жұмысшылардың 95 пайызы – жергілікті тұрғындар. Мердігер компания биыл Тадықорған – Үшарал жолының құрылысын аяқтап, қолданысқа береміз деп уәде берді. Одан ары қарай туристік нысандар орналасқан Ақши, Басшиге дейінгі жол жасалады. Жалпы, 2022 жыл соңына дейін барлық жабдықтарымен жол құрылысы аяқталады деп жоспарлануда.

Ал, Бішкек жолына келер болсақ, үлкен проблема болды. Мердігер компанияны ауыстырдық. Олар жыл соңына дейін барлық құрылыс жұмыстарын аяқтап береміз деп отыр.

Қорғанбек КӨПЕЙ, «Хабар 24» телеарнасынан: Алматы облысы халқының 70 пайыздан астамы ауылды жерде тұратыны белгілі. Шалғай ауыл жұрты сапалы медициналық мекемемен қашан қамтамасыз етіледі? Одан бөлек, аймақтағы үшауысымды мектеп мәселесі толық қай жылдары шешіледі?

Жауап: Ағымдағы жылға бюджетті бекітпес бұрын, медициналық нысан құрылысына 1 млрд.теңге бөлу жағын қарастырдық. Жаңадан блокты-модульді медициналық пунктер саламыз деп жоспарладық. Жобасы 3-4 рет ұсынылды, көңілден шықпады. Десе де, ең соңғы ұсынылған жоба мақұлданды. Осы жылы 20 блокты-модульді нысанды салып, қолданысқа береміз. Тіпті, экономия есебінен олардың санын   22-23 нысанға жеткізуіміз де мүмкін. Құрылыс жұмыстары 2021 жылдың 4-ші тоқсанында аяқталады.

Жалпы, облыста 742 елді мекен бар. Оның 648-інде бюджеттік мекемелер бар. Қалғаны жекеменшік. Санағанымызда, 86 елді мекенде медициналық нысан жоқ екен. Десек те, соның барлығына салып қажет емес. Өйткені 46-сында халық саны өте аз. Сол үшін 42 елді мекенге блокты модульді медициналық нысан салынады деген жоспар бар. Сонымен қатар,  2022 жылы  қосымша  8 модульдік медициналық пункт, 2023 жылға дейін 15 елді мекенде 4 дәрігерлік амбулатория, 6 фельдшерлік-акушерлік және 5 медициналық пункт салынатын болады. Қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаттары дайындалып жатыр. Осының нәтижесінде біз ауылдық елді мекендердегі тұрғындарды толықтай медициналық мекемелермен қамтитын боламыз.

Биылғы оқу жылында бірінші сыныпқа 47 мыңнан астам оқушы қабылданды. Жыл сайын оқушы саны артуына байланысты, үшауысымды мектеп мәселесі толық шешімін таппай келеді. Жыл сайын жаңадан мектеп салынып, қолданысқа беріледі. Бір жылдары жылына 3-4 мектепті пайдалануға берген болатынбыз. Қазіргі уақытта 28 мектеп құрылысы жүргізілуде. Оның 7-уі «Жол картасы» бағдарламасы аясында іске асуда. 28 мектептің 15-і биыл қолданысқа беріледі. Қалғаны 2022 жылдың еншісіне қалады.

Вероника БАЯРОВА, «Хабар24» телеарнасынан: Биылғы жылы Алакөл ауданында жаңа аэропорт құрылысы жүргізіледі. Қабылданып жатқан шешімдер нәтижесінде ауданда теміржол және әуе қатынасы жолға қойылды. Осы жұмыстардың аяқталу мерзімі қашан?

Жауап: Көпшілік әуежай құрылысы аяқталғаны кеше еді, енді қайтадан жөндеу жұмыстарын жүргізбек деп дал болуда. 2015 жылы Елбасы Қорғаныс министрлігінің балансында болған әуежайды әкімдікке өткізуге қатысты тапсырма берген еді. Әкімдік құзыреттілігіне өткен уақытта бірінші кезекте жергілікті бюджеттен қаражат бөліп, терминал салдық. Бүгінгі күні Нұр-Сұлтан, Алматы, Талдықорғаннан туристер келуде. Ресей, Томск, Омск, Новосибирсктен чартерлік ұшақтармен Алакөлге келгісі келетінін айтып, ұсыныс тастауда. Алайда көрші мемлекеттерге әуе рейсін жүргізу үшін ұшатын жолақ жарамайды. Біз екі бөліктен тұратын жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеп қойдық. 4,7 млрд. теңге ұшақ қонатын алаң құрылысына, 2,5 млрд. теңге сыртын қоршап, аэронавигация орнату сынды жұмыстарға бөлінеді. Үкімет тарапынан аталған мәселе қолдау тауып, республикалық бюджеттен 4,7 млрд. теңге бөлінді. Біз тендер өткізіп, жақсы мердігер компаниямен келісімшартқа отырдық.

Ұшу-қону жолының реконструкциясы биыл басталады. 2023 жылы қолданысқа берілген уақытта Үшарал Boeing B767-300, B-767200ER, B757-200/300, Airbus A310-300 ұшақтарды қабылдай алатын болады. Құрылыс жұмыстары кезінде Үшарал әуежайы жабылмайтындығын айта кеткен жөн.

Оңғар  ТОҚАНОВ,  «Қазақстан»  ұлттық  арнасынан:  Биыл – Ж.Жабаев, М.Мақатаевтың мерейтой жылы. Осы орайда Алматы облысында қандай да бір шаралар атқарыла ма әлде карантинге байланысты мерейтой жоспарында өзгерістер бола ма?

Жауап: Пандемия біраз кедергілер тудырғанымен, мерейтойлық шаралар санитарлық талаптарды сақтай отырып, өз деңгейінде аталып өтеді. Мәселен, Жамбыл мен Мұқағали ақындардың музейлерінің жылжымалы көрмелерін республика көлемінде ұйымдастырып жатыр. Жамбыл кесенесіне реставрация жүргізіліп, Жамбыл ауданы аумағын абаттандыру, ақын есімімен аталған көше жолдарына жөндеу жұмыстары  жасалуда. Жалпы жыр  алыбының мерейтойлық  шараларына  566,1 млн. теңге қаржы қарастырылып отыр.

Жыл басында Ұлттық ғылым академиясының академигі Уәлихан Қалижанның «Жамбыл» атты қазақ және орыс тілдерінде кітабын шығардық. Жазушылар одағымен бірге «Жамбыл Жабаев» 30 томдық кітабын шығарғалы отырмыз. «Жетісу» телеарнасы Жамбыл Жабаев туралы фильм дайындады. Б.Римова атындағы драма театры арнайы спектакль әзірлеуде.

Мұқағали Мақатаевтың мерейтойлық шаралары да өз ретімен басталып кетті. Ақынның сөзіне жазылған әндердің байқауы, жыр мүшәйралары, суретшілер сайысы, спектакль дайындау, ғылыми-практикалық конференция сияқты шаралар белгіленген.

Атап өтерлігі, шекараның шебіндегі Нарынқолда ақынның еңселі ескеркіші орнатылып, ақын атындағы арнайы саябақ салынады. Ақынның туған ауылы Қарасазда абаттандыру, көркейту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қарасаздағы Мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтті.

Мария ГОРБАКАНЕНКО, СТВ арнасынан: Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандандыру бағытында қандай шаралар жасалуда? Қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу мәселесі қалай шешілуде?

Жауап: Бұрын интервенсиямен айналыстық. Әлеуметтік маңызы бар азық-түліктерді сатып алып, қоймада сақтаған кездеріміз болды. Баға көтерілген уақытта интервенсия жасадық. Соның нәтижесінде бағаны тұрақтандырып отырдық. Енді басқа жолын таптық. Бюджеттен 3 млрд. теңге бөлдік. Оның ішінде 2,3 млрд. теңге кәсіпкерліктер мен бизнес өкілдеріне субсидиялауға жұмсалды. 700 млн. теңгені қант, бидай, ұн сынды ірі азық-түлікті алуға кетті. Біз бағаны бір қалыпта ұстап тұрмыз.

Екінші сауалға келсек, қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу бізде өзекті мәселенің бірі. Жалпы, 1 млн. 200 мың тонна қалдық пен қоқыс шығарылады. Оның 500-550 мыңы Алматы қаласынан шығады. Біз осы мәселені шешу бағытында жұмыстар жасап келеміз. Нақтыласақ, 2023 жылға дейін органикалық және қатты тұрмыстық қалдықты қайта өңдеуге бағытталған 2 зауыт құрылысы жоспарланған.

Атап айтсақ, «Мериолизис» технологиясы бойынша толық циклді қоқысты қайта өңдейтін казақ-испандық «Waste Energy Kazakhstan» ЖШС компаниясымен бірлесе зауыт салынады. 41,8 млн. еуро инестицияны құрайтын зауыт қуаттылығы – жылына 120 мың тонна. Одан бөлек, қуаттылығы жылына 100 мың тоннаны құрайтын «ZORBIOGAZ» ЖШС қайта өңдеу зауытын салу да жоспарланған. Электр энергиясын, сондай-ақ, биокарбон мен тыңайтқыштарды алу мақсатында биогазды ала отырып, органикалық қалдықтарды толық қайта өңдеу технологиясы көзделген. Инвестицияның жалпы көлемі – 7,5 млн.еуро.

Күнту АРЫНБЕК, «Baribar.kz» сайтынан: Алматы облысында балалар шығармашылығын қолдау қалай жүзеге асуда? Талғар ауданының тумасы Қарақат Башанова «Junior Eurovision» конкурсында 2-орын алды, осы азаматқа қандай құрмет көрсетілді?

Жауап: 12 жасар жеңімпаз қыз біздің Талғар ауданынан дегенді естігенде қатты қуандым. Содан кейін орынбасарыма қандай тілегі бар, қандай көмек қажет екенін анықтауға тапсырма бердім. Басқа балаларға үлгі боларлық дарынды балалар біздің облыста көп. Оқушылар сарайында қазір 5 мыңнан астам оқушы түрлі бағытта: ғылыми-техникалық, көркем-эстетикалық, туризм және өлкетану, аэромобильді үйірмелерге қатысады. Сонымен қатар, онда «Технопарк» және IT сыныптары жұмыс жасайды.

Қарақат Алматы қаласында К.Байсейітова атындағы коллежде оқиды. Анасымен сөйлестік. Олар отбасында 3 әпкелі-сіңлілі екен. Үшеуі Алматы қаласында оқып, тұруы үшін несиеге пәтер алған көрінеді. Осы жағынан көмек қолын созуымызды сұрады. Алдағы уақытта кездесіп, сөйлесіп, қандай көмек көрсете алатынымызды сұраймыз.

Рабиға НҰРБАЙ, «Стратегия – 2050» сайтынан: Коронавирус инфекциясының облыс шегарасында таралуына жол бермеу бағытында қандай жұмыстар атқарылуда?

Жауап: КВИ-дің бірінші толқыны болған уақытта барлық жерде блок-постар қойдық. Бізде 5 шегаралық аймақ бар. Бұрын шегарадан 200-250 көлік өтсе, қазіргі уақытта 10-15 көліктен артық өтпейді. Карантиндік талаптардың енгізілуі өз нәтижесін берді.

КВИ-дің облыстың басқа аудандарына таралуын уақтылы анықтау және болдырмау мақсатында термометрия жүргізу, келгендерге сауалнама жүргізу үшін «Қорғас» ШЫХО-да тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды. Бүгінгі таңда КВИ-дің импортталған жағдайлары тіркелген жоқ.

Коронавирус инфекциясына (COVID-19) байланысты санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, сондай-ақ, Қазақстан – Қытай шегарасында автокөлік жүргізушілерінің қозғалысын реттеу мақсатында облыс әкімдігі «Алматы – Қорғас» автожолында орналасқан жүк көлігі жүргізушілерін вакцинациялау үшін мобильді бригадалардың шығуын ұйымдастырды.Бүгінгі күні бірінші компонентпен 1335 адам, екінші компонентпен 950 адам егілді. Бұл бағытта жұмыс жалғасуда.

Айта кетерлігі, облыс әкімі Амандық Баталовқа қойылған сұрақтардың басым бөлігі медицинаға, коронавирус инфекциясымен күреске, зейнеткерлікке, инфрақұрылымдарды дамытуға, Алматы маңындағы елді мекендердің ауызсу мәселесі мен спорт клубтарын қолдау бағытына қатысты болды. Сондай-ақ, газдандыру мәселесі «таза Талдықорған» статусына қалай әсер еткендігі де сұралып, толыққанды жауап алынды. КВИ-мен күрес бағытында атқарылған жұмыстар мен дәрі-дәрмек қоры, ауруханалардағы жатын орындар санына қатысты да қосымша сауалдар қойылды. Одан бөлек, Gatе city серіктес қаласын дамыту жоспары қашан аяқталатындығы да айтылды. Яғни, ағымдағы жылы құрылысы аяқталып, жоспарға сәйкес жұмыстар басталып та кеткен. Өз кезегінде Амандық Ғаббасұлы журналистер тарапынан қойылған сауалдарға толыққанды жауап берді.

Сұрақ-жауапты жазып алған - Еңлік АРЫҚБАЙ