БИЫЛ АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА 23 ЕЛДІ МЕКЕН КӨГІЛДІР ОТЫНҒА ҚОСЫЛАДЫ

Уақыты: 30.05.2021
Оқылды: 1026
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Алматы облысының әкімі Амандық Баталов Жетісу өлкесін газбен және ауызсумен қамту жұмыстары туралы айтып берді.

«Біз газдандыру бағытында да ауқымды жұмыстар атқарып келеміз. Өткен жылы облыс тұрғындарының 59%-ына газға қосылу мүмкіндігі жасалды. Биыл тағы 23 елдімекенде газға қосылуға жағдай жасалып, 61%-ға жетеді», - деді А.Баталов ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Әкімнің айтуынша, қалған аудандарды газдандыру үшін «Талдықорған - Үшарал», «Шелек-Кеген» магистралды газ құбыры құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасы аяқталады. Құрылыс жұмыстары келесі жылы басталады. «Облыста орталықтандырылған ауызсумен қамту деңгейі республика бойынша алдыңғы қатарда, яғни 98,3% (678 елдімекен). Биыл 7 ауылға су құбырын жүргізу арқылы бұл көрсеткішті 99,5% (685 елдімекен) жеткіземіз (48 елдімекен қалады), сол сияқты 11 ауылда ауызсу сапасы жақсартылады», - дейді А.Баталов.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"