АМАНДЫҚ БАТАЛОВ АЛМАТЫҒА КЕЛІП, БІРНЕШЕ САЛАНЫҢ ӨКІЛДЕРІН ҚАБЫЛДАДЫ

Уақыты: 31.05.2021
Оқылды: 1165
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Өткен аптаның соңында Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВ Алматыдағы өкілдікте кәсіпкерлер мен өнер адамдарын қабылдады. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Алдымен осы кеңседе орналасқан Алматы облысы аймақтық даму орталығына бас сұққан облыс басшысы орталықтың бақылау кеңесі мүшелерімен жүздесті. Облыс әкімінің орынбасары Серік Тұрдалиев қонақтарды таныстырып, жиында көтерілетін мәселелер жайында қысқаша хабарлама жасағаннан кейін аталған кеңестің мүшесі, экономика ғылымдарының докторы, италиялық кәсіпкер Джованни Капеннелли сөз алды.

Алдымен кездесуге уақыт тауып келгені үшін Амандық Ғаббасұлына алғысын білдірген ол төрт жыл Қазақстандағы Азия даму банкінің директоры қызметін атқара жүріп, ел экономикасын дамытудың мәселелерін зерделегенін, бұл бағытта бірнеше жобаға жетекшілік жасап, ғылыми жұмыстар жазғанын жеткізді.

Бүгіндері Алматы қаласына қоныс аударған кәсіпкер алдағы уақытта нақтылы істермен айналысқысы келетінін де айтып өтті. Бұл орайда Алматы облысының экономикалық және табиғи әлеуеті жоғары екені анық. Әсіресе, ауылшаруашылығы өнімдерін өңдеу мен машина жасау индустриясын дамытудың мүмкіндіктері жоғары.

Шетел инвесторларын тартудың да маңызы жоғары. Солар арқылы аймақ өндірісіне жаңа технологиялар әкеліп, аталған екі саланы әлемдік деңгейге жеткізудің мүмкіндіктері мол. Алматы облысында аграрлық сектордың басым екенін ескерер болсақ, мұнда ауылшаруашылығы құрылымдарын техникамен қамтамасыз ететін сервис орталықтарын ашудың берері көп.

Осы орайда Амандық Ғаббасұлы елімізде алғашқы болып қант қызылшасын өсірушілерге техникалық қолдау көрсететін сервистік орталықтар ашқанын айтып өтті. Бір кездері бөлшектеніп кеткен  шағын шаруа қожалықтарының қымбат әрі күрделі техникаларды сатып ала алмайтыны белгілі. Сол себепті сервистік орталықтарға 1,5 мың түрлі техника алынып, өлкемізде қант қызылшасы алқабының арта түсуіне оң ықпал етіп келеді. Алдағы уақытта Джованни сияқты кәсіпкерлердің көмегімен бұл саланы дамытуға назар аудару керек.

Бұл бағытта облыста атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын берген италиялық қонақ ауылшаруашылығын дамытудың үш құрамдас бөлігіне тоқталып өтті. Бірінші және ең маңыздысы – алқаптарды сумен қамтамасыз ету, каналдар мен құбырлар жүргізуге баса назар аудару керек. Екіншіден, Қазақстан экономикасына қаржы салғысы келетін кәсіпкерлерге түсінікті әрі қарапайым келісімшарт жүйесін қалыптастырған маңызды. Үшіншіден, елге қаржы құйғысы келетін шетелдіктерді мұндағы теңге бағамының тұрақсыздығы алаңдататын көрінеді.

Бұл орайда Джованни инвесторлардың сенімін арттыратын қаржылық жүйе қалыптастырып, болуы мүмкін қауіптердің алдын алатын шаралар жайында өзінің зерттеулері және тәжірибесімен бөлісуге дайын екенін жеткізді.

Жоғарыда аталған аграрлық сектор және машина жасау саласымен қатар білім беру мен ғылыми-зерттеу жұмыстарын жандандыруға көңіл бөлу керек. Себебі, жаңа технологиямен жұмыс жасайтын азаматтардың кәсіби біліктілігі талапқа сай болмайынша жоғары нәтижеге қол жеткізу мүмкін емес.

Алматы облысы мен Алматы қаласының бір-біріне кірігіп жатуы туризм саласын да дамытуға мүмкіндік береді. Бұл орайда Алматы облысы мен Италияның Эмилия-Романия облысы бауырлас өлке атанса, мүмкіндіктер арта түсер еді. Себебі, Эмилия-Романия облысында ауылшаруашылығы мен машина жасау өндірісі жақсы дамыған.

Бұл орайда италиялық кәсіпкер облыстың губернаторымен алдын ала әңгіме жүргізіп, қолдауын алып қойғанын да айта кетті. Италиялық кәсіпкер Джованни Капеннеллиге ұтымды ұсыныстары үшін алғыс айтқан аймақ басшысы облыс тізгіні қолына тиген күннен бастап қазақстандық кәсіпкерлермен, бизнес өкілдерімен тығыз жұмыс жасап келе жатқанын жеткізген. Инвесторларды тарту, экономика өсімі, жаңа жұмыс орындарының ашылуы осы азаматтардың қолдауы нәтижесінде мүмкін болып отырғаны шындық.

Бұл кездесу болашақта атқарылар ауқымды шаралардың, Қазақстан мен Италияның, Эмилия-Романия мен Алматы облыстарының өзара ынтымақтастығының бастауы болмақ. Әсіресе, ауылшаруашылығы техникаларын құрасыратын зауыт салу жоспарының болашағы бар. Сондықтан өлкеміздің дамуына оң ықпалын тигізетін кез-келген бастаманы қолдайтынын жеткізген Амандық Ғаббасұлы 1984 жылы АДК волейбол командасының  жетекшісі ретінде алғаш рет Италияға барған сапарын әңгімелеп, алған әсерлерімен бөлісті.

Жиын барысында кеңес мүшелері, «Ракурс» Экономикалық талдау орталығының директоры Ораз Жандосов пен «Банк ВТБ Қазақстан» АҚ-ның тәуелсіз директоры Досым Қыдырбаевтар сөз алып, өз ойларын ортаға салды.

* * *

Осыдан кейін Амандық Баталов «Қазақфильм» киностудиясы АҚ президенті Ақан Сатаевты қабылдады. Осының алдында бір жолыққанда Ақан Қорғамбайұлының Алматы облысының аумағында кино түсіру полигонын салу жөнінде өз ойын білдіргенін тілге тиек еткен аймақ басшысы мұндай елге пайдалы ұсыныстарды қашанда қолдайтынын жеткізген. «Көшпенділер» эпопеясын түсіру кезінде арнайы салынған «Кочевник» кешені бүгіндері кино саласын дамытуға сүбелі үлесін қосумен қатар өз азаматтарымыз бен шетелдік туристердің жиі қатынайтын орнына айналған.

Болашақта Қапшағай көлінің жағалауынан тағы бір үлкен кешен салынар болса, жергілікті тұрғындар үшін жаңа жұмыс орны ашылып, Көлсай, Шарын шатқалы, Қапал-Арасан, Талхиз бен Қойлық қалашықтары төңірегінде туристік маршрутты одан әрі дамытуға мүмкіндік туатыны сөзсіз. Сондықтан қазақ киносын өркендетуге үлес қосып жүрген Ақан сияқты дарынды әрі ұлтжанды азаматтарға қолдау көрсету әрбір саналы жанның парызы десе де болады.

Өз кезегінде сөз алған Ақан Қорғамбайұлы өзінің және барлық киногерлердің атынан түсіністігі мен қолдауы үшін Амандық Ғаббасұлына алғысын білдірді. Кинорежиссердің айтуынша, елімізде жаңадан шыққан фильмдердің 80 пайызы Алматы облысының аймағында түсіріледі екен. Бұл бағытта жергілікті билік тарапынан үнемі қолдау көрсетіліп келеді. Алдағы уақытта Қапшағай су қоймасы төңірегінен кинополигон салу жобасы жүзеге асар болса, қазақ киносы жаңа бір белеске көтерілумен қатар арадағы байланыс нығайып, жаңа жұмыс орындары мен туризмді дамытуға қажетті нысандардың бой көтеретіні сөзсіз. Бұл жерде Еуропа қалаларының, Мәскеудің, Алматының ескі көшелерінің көшірмесі, қазақы ауылдың, орыс деревнясының, ортағасырлық қорған-қамалдардың, соғыс окоптарының  үлгілері де салынады деп жоспарлануда.

Ақан Сатаев, сонымен қатар, Талдықорған қаласында түрік халықтарының балалар фильмдерінің фестивалін өткізу ұсынысын да жеткізді. Бұл да кино өндірісінің өркендеуіне ықпал етіп, халықтар арасындағы ынтымақтастыққа жаңа серпін беретіні кәміл.

Кинофестиваль өткізуге Талдықорған қаласының мүмкіндігі жеткілікті екенін тілге тиек еткен Амандық Ғаббасұлы бұл ұсынысты қолдайтынын және қажетті көмек көрсетуге дайын екенін жеткізді. Бүгіндері 200 мыңнан аса тұрғыны бар қала халықаралық дәрежедегі басқосуларды ұйымдастыруға қажетті қонақүйлермен, кинотеатрлармен, дәмханалармен, жиынжайлармен қамтамасыз етілген.

Ал кинополигон мәселесіне келер болсақ, оған қажетті жер бөліп, жол мен электр желілерін жүргізіп беруді облыс өз жауапкершілігіне алуға қауқарлы. Ал одан әрі шараны ұйымдастырып, құрылыс жұмыстарын жүргізу республикалық деңгейде қолдау табады деген сенім бар. Бұл, айналып келгенде, еліміздің мәдениетін, өнерін, абырой-беделін көтеруге ықпал ететін ауқымды шара болмақ.

* * *

Аймақ басшысы бұл күні Junior Eurovision халықаралық байқауының күміс жүлдегері Қарақат Башанова мен оның анасы Әлияны қабылдады. Алдымен еліміздегі 700-ге тарта үміткердің ортасынан оза шығып, әлемнің ең таңдаулы талапкерлерінің арасында екінші орынды жеңіп алған қаршадай қазақ  қызының ел абыройын асқақтатып, қазақ өнерінің дәрежесін көтергенін сөз еткен Амандық Ғаббасұлы көп жағдайда жанымызда жүрген асылдарымызды бағалай бермейтінімізге өкінішін білдірді.

"Димаштың атын Қытайдағы ән байқауы әлемге әйгілесе, Қарақатты Junior Eurovision халықаралық байқауына қатысқаннан кейін ғана бағалап отырмыз. Сондықтан, осындай дарынды ұл-қыздарды бесігінен бағалап, дұрыс дамуына қолдау көрсету күнделікті жұмысымыз болуы керек", – деді өлке басшысы.

Қарақаттың анасы Әлия отағасының дүниеден озуына байланысты Талғар ауданындағы Рысқұлов ауылында екі отбасының бір пәтерде тұрып жатқанына, оның үстіне Алматы қаласындағы Күләш Бәйсейітова атындағы дарынды балаларға арналған республикалық мектебінде скрипка аспабын меңгеріп жүрген Қарақаттың қатынап оқуына қиындық тууына байланысты пәтер алуға көмек беруін өтінген. Бұған дейін несиеге алған пәтерінен қаржы тапшылығы үшін бас тартуға мәжбүр болған екен.

Қазақ өнерін әлемге танытуға үлес қосқан жас дарынға қолдау көрсетуді азаматтық парызы санаған Амандық Баталов отбасын пәтермен қамтамасыз етудің мүмкіндіктерін қарап, алдағы уақытта қолдан келген көмегін жасауға уәдесін берді. Сонымен бірге, жуырда Украинада өтетін ән байқауына, Петербург қаласындағы скрипкашылар додасына қатысу үшін жол қаражатын шешуді, жеңімпаздың жаңа әндеріне "аранжировка" жазуға жәрдемдесуді облыстық мәдениет басқармасының басшысы Мәрлен Көлбаевқа  тапсырды. Соңынан Қарақат пен анасы Әлия облыс басшысымен естелік суретке түсті.

Қуат ҚАЙРАНБАЕВ

Фото - Жұмабай МҰСАБЕКОВ

Алматы қаласы