АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА ЖЕМШӨП ҚОРЫ ЖЕТКІЛІКТІ МЕ? ШАБЫНДЫҚ ҚАЛАЙ?

Уақыты: 08.08.2021
Оқылды: 1816
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Мал азығын жеткілікті мөлшерде дайындауды қамтамасыз ету мақсатымен Алматы облыстық және аудандық деңгейде жедел штабтар құрылып, жемшөп дайындау жөніндегі шаралар жоспары жасалынып, бекітілді. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Облыс аумағында 6,6 миллион ауылшаруашылығы жануарлары есепке алынған, оның 2,9 миллионы жеке қосалқы шаруашылықтарда күтіп-бағылуда. Есепті мерзімде ірі қара өткен жылмен салыстырғанда  4,5%-ке өсіп, 1312 мың басты құрады. Өз кезегінде қой-ешкі 4,2%-ке көбейіп, 4,8 млн. басқа, жылқы 5,7%-тік көрсеткішпен  415,6 мың басқа, түйе 3,5%-тік көрсеткішпен 8,9 мың басқа жетті. Аудан әкімдіктерінің жедел мәліметтеріне сүйенетін болсақ, мал басының шығыны тіркелмеген.

Аудандарда мал азығын дайындаумен айналысатын 295 бригада ұйымдастырылып, олардың құрамына 1600 адам тартылған. Шабындық басында шөп шабатын 1576 және шөп тайлайтын 1401 құрылғы жұмыс істеуде.

Облыстың мемлекеттік орман қоры аумағындағы15,2 мың гектар жер шабындық ретінде, 899,9 мың гектар жер жайылым ретінде пайдаланылады. Айрықша қорғалатын табиғи аумақтардағы 164 гектар алқап шабындық, 59 мың гектар алқап жайылым мақсаттарына бөлінген.

Мал азығының өткен жылдан қалған қоры да есепке алынып отыр. Ақсу мен Алакөл, Ескелді, Жамбыл, Ұйғыр аудандарында өткен жылдан қалған осындай 30,2 мың тонна жемшөп қоры бар.

Ағымдағы жылы жоспар бойынша 3,4 млн.тонна ірі мал азығы (2818,1 мың тонна шөп, 680,2 мың тонна сабан) және 1,2 млн тонна шырынды азық (512,3 мың тонна пішендеме, 710 мың тонна сүрлем), сонымен қатар 684 мың тонна жем) дайындалуы тиіс. Қазіргі кезде көпжылдық дақылдар екінші рет шабылып, 2097,5 мың тонна шөп (жоспардың 74,4%), 356,8 тыс.тонна пішендеме (жоспардың 69,6%), 190,7 мың тонна сабан (жоспардың 31%),  98,8 мың тонна жем (жоспардың 14,5%) дайындалды.

Бүгінде өңірлерде мал азығының резервтік қорын жасау бойынша жұмыстар жүргізілуде. Осылайша мал азығының бір жарым жылдық қорын жасау жоспарланып отыр.

Азық-түлік корпорациясы арқылы жемге деген 7,7 мың тонна көлеміндегі қосымша қажеттілік (4 мың тонна бидай, 3,7 мың тонна арпа) нақтыланды. Ауылшаруашылығы тауарларын өндірушілермен тұрғындарға қажетті жемшөп дайындау жөнінде меморандумдар жасау бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр (20 аудан мен қалаларда меморандумдар жасалынды).

Маңғыстау облысында табиғат қолайсыздықтарынан зардап шеккен фермерлерге гуманитарлық көмек көрсету мақсатымен облыс белсенділерінің, «Қазақстан Темір Жолы» и «Жетысу» ӘКК күшімен 26 вагон шөп пен бір вагон жем жіберілді. Еңбекшіқазақ ауданы осы мақсатпен Маңғыстау облысының Шетпе стансысына 22 вагон мал азығын (21 вагон шөп пен 1 вагон жем – 40-45 тонна) бағыттады. Ұйғыр ауданының белсенділері де Маңғыстау облысының Бейнеу стансысына 4250 тай шөп тиелген 5 вагонды аттандырды.

Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасуда. Мәселен, Панфилов пен Ескелді аудандарының белсенділері тағы да 10 вагон шөп жинап, сауапты жұмыс жасады.

Осы айтылғандарға қоса облыс көлемінде атқарылатын егін орағы мен жемшөп дайындау жұмыстарына 13,8 мың тонна дизельді отын бөлінсе, оның 1,8 мың тоннасы жемшөп дайындаушыларға қарастырылған. Жанармай базаларына кепілдендірілген дизельді отынның 1091 тоннасы жеткізілді. Нәтижесінде егін орағы мен жемшөп дайындау жұмыстары кезінде жанар-жағармаймен жабдықтау жөнінде проблема туындаған жоқ. Дизельді отын литрінің орташа бағасы облыс бойынша алғанда 177 теңгені құрайды, мұның өзі нарық бағасынан 15%-ке арзан (жанармай құю стансысындағы баға литріне 205-208 теңге).

Жалпы алғанда жемшөп дайындау жөніндегі жұмыстар тұрақты бақылауда.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет ғаламтордан алынды