АМАНДЫҚ БАТАЛОВ ҚҰРЫЛЫСШЫЛАРДЫ ТӨЛ МЕРЕКЕСІМЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ

Уақыты: 09.08.2021
Оқылды: 941
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВ тамыз айының екінші жексенбісі - Құрылысшылар күніне орай ыстық лебізін білдірді. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

"Құрметті құрылысшылар! Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Мен еңбек жолымды қарапайым құрылысшыдан бастап, осы саланың барлық баспалдақтарынан өттім. Сондықтан бұл мерекенің мен үшін орны ерекше. Сіздердің тер төгіп, тынымсыз еңбек етулеріңіздің арқасында көптеген шағынаудандар мен үйлер салынып, мектептер, ауруханалар тұрғызылды, жолдар мен көпірлер төселіп, саябақтар көркейтілді. Қаланың көркіне көрік қосылып, әдемі ғимараттар көз қуантады.

Бір сөзбен айтқанда, барлық ғимараттарда сіздердің қолтаңбаларыңыз мәңгілікке жазылып қалды. Кейбір деректерге тоқталар болсам, Алматы облысында кейінгі жылдары аудандарда 13 спорт кешені салынды. Талдықорғандағы олимпиадалық жүзу бассейні іске қосылды. Студенттерге арналған заманауи жатақханалар бой көтеріп, пайдалануға берілді. Басқа да әлеуметтік нысандарды көптеп айтуға болады. Биыл 1 млн.шаршы метрден астам баспана салынады. Оған сіздердің қажыр-қайрат, кәсіби еңбектеріңіздің арқасында қол жеткіземіз. Сіздер қалаған әр кірпіш, әр сылақ, төсеген әр шақырым жол елдің дамуына қосылған үлес деп білемін. Сіздерге қажырлы қайрат, зор жетістік, мықты денсаулық тілеймін! Отбасыларыңыз аман, еліміз тыныш, еңбектеріңіз жемісті болсын!

Құрылысшылар туралы мына бір әнді жас кезімізде "біз туралы" деп жақсы көретінбіз, мақтанатынбыз:

Спасибо, дружище, спасибо тебе,

За то, что идешь ты по трудной тропе!

Не каждому дано так щедро жить,

Друзьям на память города дарить", - деп жазды облыс әкімі әлеуметтік желідегі парақшасында. Сондай-ақ, елімізге белгілі әнші Мейрамбек Беспаев әлеужеліде Амандық Баталовты төл мерекесі - Құрылысшылар күнімен құттықтады. "Осы тамаша мерекеде мемлекетіміздің дамуына айрықша үлес қосқан, Талдықорған және өзге елді-мекендерде небір сәулеті жарасқан нысандарды жарқырата салып, ел ризашылығына бөленіп жүрген Амандық Ғаббасұлын ерекше құттықтағым келеді", - деп жазды әнші Мейрамбек.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"