ТАЛДЫҚОРҒАНДАҒЫ ҮЙЛЕР ЖАҢАРТЫЛҒАН ҚАЗАНДЫҚПЕН ЖЫЛЫТЫЛАДЫ

Уақыты: 05.10.2021
Оқылды: 1151
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Талдықорған қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрым Алиұлының айтуынша, облыс орталығында жалпы 71 әлеуметтік сала объектісі бар. Оның 46-сы білім беру мекемесінің 37-сі орталықтандырылған жылуға қосылған, 9-ы автономды жылуға ие. 11 денсаулық сақтау объектісінің 4-і, 14 мәдениет мекемесінің 4-і орталықтандырылған жылуға қосылған.

Бюджеттік мекемелердің қатты және сұйық отын дайындау ісі де негізінен орындалған. Айталық, «Шарур логистик» ЖК мәдениет мекемелері бойынша жоспардағы 53 тонна, №1 емхана бойынша жоспарланған 121 тонна, №2 емхана бойынша жоспарланған 30 тонна қатты отын толықтай жеткізілген. Ал «Рустамов» ЖК білім беру саласы бойынша жоспарланған 96 тонна сұйық отынды, 830 тонна қатты отынды тасымалдау жұмысын толық аяқтаған.

Жылыту маусымына дайындық штаттық режимде үзіліссіз жүруде. Кейінгі жылдары қаладағы қазандықтарды күрделі және ағымдағы жөндеу мен табиғи газға ауыстыру қарқынды жүргізілуде. Айталық, «Жетісу» шағынауданына орналасқан №1 квартал қазандығы қайта жаңғыртылып, 2013 жылы пайдалануға берілді. Бүгінде онда 35 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Қандықтың жұмысын қайта құруға өткен жылы 637 млн.теңге, биыл 436,8 млн. теңге бөлінді. Қазандықтар табиғи газ және мазутты отын ретінде пайдаланады. Екі қабатты ғимаратқа орналасып, айналасы абаттандырылылған жылыту қазандығы 112 жүктеме үй, 70 көп қабатты тұрғын үй, 8 бюджеттік ұйым, 97 басқа тұтынушылардың үйлерін жылатады.

Алдабергенов пен Төлебаев көшесінің қиылысына орналасқан №2 қазандық 2009 жылғы желтоқсанда пайдалануға берілген. Биыл аталған қазандыққа Талдықорған қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі тарапынан экологиялық қауіпсіздік деңгейін арттыру мақсатында қайта жаңғырту жұмысы жүргізілуде. Мердігер "АзияЭнергоПроект Монтаж" ЖШС. Жобаның құны 1,893 млрд.теңге, конкурс қорытындысы бойынша 1834 млрд.теңге сомасына ҚМЖ шарты жасалған. Негізгі отын ретінде газ және резервтік сұйық отын М100 маркалы мазутты пайдаланады. Екі қабатты ғимаратқа орналасқан нысанда 2 (КВГМ– 16,5-150) қазандық бар. Қайта құруға дейінгі қуаты 21 Гкал/сағ болса, жаңартудан кейінгі қуаты 42,5 Гкал / сағ. жетпек. Аталған қазандық 135 жүктеме үй, 35 бюджеттік ұйым, 117 басқа тұтынушылардың үйлерін жылытады.

№3 қазандыққа өткен жылы 976 млн.теңгеге күрделі жөндеу жұмысы жүргізілген. Бүгінде 28 адам жұмыс істейді. Екі қабатты ғимаратқа орналасқан нысанда қуаты 28,4 Гкал/сағ жылу беретін 2 (КВ-ГМ-20-150) қазандық бар. Осы арқылы 44 жүктеме үй, 20 көпқабатты тұрғын үйді, 9 бюджеттік ұйым, 32 басқа тұтынушыларды жылумен қамтамасыз етеді.  Жылыту маусымына 4894,7 мың текше метр табиғи газ кетеді. Жылыту желісі 12,8 шақырымды құрайды.

«Шығыс» шағын ауданындағы №5 қазандық 2015 жыл пайдалануға берілді. Биыл Талдықорған қалалық тұрғын үй-коммуналдық бөлімі тарапынан экологиялық қауіпсіздік деңгейін арттыру мақсатында қайта жаңғырту жұмысы жүргізілуде. Мердігер "АзияЭнергоПроект Монтаж" ЖШС жүргізетін жобаның жалпы құны 712 млн.теңгені құрайды. Онда КВр-6, 8-115 маркалы 3 су жылыту қазандығы, КВр-1,74-115 маркалы 1 су жылыту қазандығы бар. Қазандық жаңартылғаннан кейінгі қуаты 19,5 Гкал/сағ-қа жетеді. Осы арқылы 32 жүктеме үй, 1167 пәтер, 25 бюджеттік ұйым, 2 басқа тұтынушылардың қыстан қысылмай шығуына жағдай жасамақ.

Демек, биыл тұтас қала жаңартылған қазандықтар бойынша жылытылады.

Қажет АНДАС

Талдықорған қаласы

Алматы облысы