ҚАПШАҒАЙ ТҰРҒЫНДАРЫНА КАЗИНОЛАРДЫҢ ӘСЕРІ БАР МА? ӘКІММЕН СҰХБАТ

Уақыты: 26.10.2021
Оқылды: 995
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Осыдан біраз жыл бұрын Алматымен іргелес Қапшағай қаласының өзінде тоқырау көріністері көзге айқын байқалып тұратын еді. Иә, ол күндер де артта қалды. Бүгінде айдынды көлдің жағасындағы шағын қала серпінді даму үстіндегі өрісті өңірге айналды. Қала әкімі Нұрлан ҚҰМАТАЕВПЕН арадағы әңгімеміз шаһарда атқарылып жатқан осынау оңды істер жайында өрбіді.

– Нұрлан Орынбасарұлы, қала экономикасы жайында сөз болғанда осы шаһарға орын тепкен ірі кәсіпорындар жайы алдымен ойға оралады. Өнеркәсіпті өңірдің бүгінгі жағдайы қалай? Қала әкімдігі қай бағытта жұмыс атқарып жатыр?

– Аузымызды қу шөппен сүртуден аулақпыз. Шырайлы шаһарымызда атқарылып жатқан оңды істер жетерлік. Солардың қатарында ең алдымен «Арна» индустриалды аймағында істелініп жатқан жұмыстарды атап өтуге болады. Бүгінде ірі өндіріс орындары сонда шоғырланып, жұмыстарын бастап жатыр.

Өткен жылдарды былай қойғанда биылдың өзінде ғана «Арнада» 6 инвестордың жұмысын бастап, қала экономикасына 217 млрд.теңге инвестиция тартылып отырғандығын айтсақ, бұл орайдағы жұмыстардың ауқымын көзге елестетуге болады. Солардың арасынан келесі қараша айында пайдалануға берілетін "ЛСТ АГРО" жылыжай кешенін, азық-түлік өнімдерін шығаратын «IVI Kazakhstan» серіктестігін, теңіз балығын өсіретін "Оспанова Девелопмент" серіктестігін атап өткім келеді.

Қаланың өнеркәсіп орындары биылғы жылдың қаңтар-қыркүйек айларында 67075,5 млн.теңгенің өнімін өндірді. Алдыңғы жылмен салыстырғанда өсім 128,7 пайызды, нақты көлем индексі 117,2 пайызды құрап, негізгі капиталға 28043,0 млн.теңге инвестиция тартылды. Көріп отырғаныңыздай, бұл орайдағы көрсеткішімізді қай жағынан да қомақты деуге болады.

– Қапшағайды қала дегенімізбен мұнда ауылшаруашылығымен де айналысатындықтарыңыз белгілі. Ол салада да айтар жақсылықтарыңыз бар шығар?

– Иә, біз ауылшаруашылығымен де айналысамыз. Нақтырақ айтатын болсақ, Шеңгелді алқабында 13600 гектар егістігіміз бар. Биылдың өзінде 8 мың гектардан астам алқап өңделіп, 800 гектарға қант қызылшасы дақылын отырғыздық. Одан басқа арпа-бидайымыз бен көкөнісіміз, осы өңірде көптеп өсірілетін пиязымыз да бар. Қысқарта айтатын болсақ, ауылшаруашылығы саласынан алынатын жалпы өнім мөлшері өткен жылдармен салыстырғанда арта түсіп отыр.

Осынау маңызды салада өзіндік проблемаларымыздың да бар екендігін айтпай кетуге болмайды, Соның ең бастысы арық жүйелерінің тозып, істен шығуы дер едік. Бүгінде нақ осы мәселеге байланысты үлкен жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Бұрындары қараусыз қалған жерлерге арық тартылып, ұңғыма қазылып дегендей су жүйесі жүргізілуде.

Былтыр арық жүйелері істен шыққан 1581 гектар алқапты жаңғыртудың жобалық-сметалық құжаттарын жасаған болатынбыз. Бүгінде бұл жобалар мемлекеттік сараптамадан өтті. Енді осыған қаражат бөлінетін болса бесінші сорап жүйесіне қараған егістік алқаптары толығымен игерілетін болады.

Қазіргі кезде ауызсуды ғана емес, егістік алқаптарын суаратын суды да үнемдеу мәселесі күн тәртібіне шығып отыр. Соған орай қайта пайдалануға берілетін егістік алқаптарында тамшылатып суару технологиясы, жаңбырлатқыш қондырғылар қолданылатын болады. Ойға алған ісіміз толығымен орындалған жағдайда жиналатын өнім көлемі де айтарлықтай өсе түспек.

– Айдынды көлдің жағасында орналасқандықтан жағажайға келіп демалушыларға жағдай жасау жайын айтпай тұра алмаймыз.

– Иә, маңызды мәселенің бірі – туризм саласы. Бұл сала бойынша да ауқымды жұмыстар атқарылылуда. Нақтырақ айтатын болсақ биылдың өзінде 3,5 млрд.теңгеге инвесторлар келіп, жағалауда көптеген демалыс орындарын салып жатыр.

Биыл індет жағдайына байланысты алысқа бара алмаған алматылықтардың 50 пайызы Қапшағайға келіп демалды десек асырып айтқандық емес шығар. Әсіресе сенбі, жексенбі күндері ағылып келіп жатты. Тіпті қаламызда ешқашан болмаған кептелісті де көретін күнге жеттік. Түйіндеп айтқанда көл жағасында биылғы жылы барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып 900 мыңнан астам адам демалып, оларға 2,4 млрд.теңгенің қызметі көрсетілді.

Бір жақсы жері – көлге келіп демалушыларға қызмет көрсету жайы өзекті деген бір мәселені – қалалықтарды жұмыспен қамту мәселесін шешуге көп ықпал етеді. Жаз айлары кезінде қапшағайлықтардың үштен бірі осы салада жұмыс істегенін айтсақ, бұған айқын көз жеткізуге болады.

Келешекте туризм саласы бойынша 5 ірі жобаны жүзеге аспақшы. Бүгінде қаламызға туризм мәселесімен айналысатын үлкен-үлкен мекемелер келіп, шоғырланып жатыр. Қажетті инженерлік жүйелерін тартып, оларға да тиісті көмек көрсетудеміз.

– Қала тұрғындарының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын жақсартуға ойын үйлерінің – казинолардың әсері бар ма? Олар қалаға салық төлей ме?

– Өздеріңіз де білесіздер, ойын үйлерінің, букмекерлік кеңселердің бәрі қаламызға шоғырлануда. Қазіргі кезде қала бойынша 6 казино жұмыс істеп тұр. Олардың біразы пандемияға байланысты өткен кезеңде жұмыстарын тоқтатқан болатын. Қазір карантиндік талаптардың жұмсартылуына байланысты жұмыстарын қайта жаңғырта бастады.

Ойын үйлері салықты негізінен республикалық бюджетке төлейді. Қапшағайға тиізетін пайдасы – қала тұрғындарының біразы, үш мыңнан астам қала тұрғыны, сол казиноларда жұмыс істейді.

– Салық демекші, осы мәселеге қатысты көрсеткіштерді де келтіре кетсеңіз.

– Биылғы жылдың қаңтар-қыркүйек айларында бюджетке түскен салықтар мен басқа да міндетті төлемдер 58704,3 млн.теңгені құрап, жоспар 106,0 пайызға орындалды. Бұл орайдағы көрсеткіштің өсу қарқыны 2020 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,5 есе жоғарылады. Республикалық бюджетке 28083,6 млн. теңге түсіп, өсу қарқыны екі есе жоғары болды. Ал жергілікті бюджетке түсімдер бойынша да жоспар-болжам 108,4 пайызға асыра орындалып, жоспарда белгіленген 31522,9 млн.теңгенің орнына 34168.7 млн. теңге қаражат түсті. Бұл көрсеткішті жыл аяғына дейін 45 млрд.теңгеге жеткіземіз деп отырмыз.

– Қапшағай дегенде жаңғыртылатын энергия көздері – жел және күн электр стансылары да ойға оралады. Олар қаншалықты нәтижелі жұмыс істеп жатыр?

– Қала бойынша жаңғыртылатын энергия көздерінің саны 12-ні құрайды. Олар, яғни 5 жел генераторы мен 6 күн электр стансысы Қапшағай ГРЭС-імен қосқанда 444 МВт энергия өндіреді.

Аталған сала бойынша негізгі капиталға биылдың қаңтар-қыркүйек айларында 33,9 млрд. инвестиция тартылды. Жыл аяғына дейін бұл көрсеткішті 49 млрд.теңгеге, тіпті одан да ары кетіп 55 млрд.теңгеге жеткізу ойда бар.

Қазіргі кезде өркениетті елдер экологияға зиянын тигізбейтін жаңғыртылатын энергия көздерін көптеп өндіруге ден қойып отыр. Соған орай өңірімізде осындай энергияны көптеп өндіруге назар аударылып отырғаны қуантады. Алдағы уақытта да бұл салаға тиісті қолдау білдіретін боламыз.

– Өзіңізбен жолығуға келе жатып жақсы бір жаңалықты құлағымыз шалып қалды. Көптен ыстық су көрмеген қала тұрғындары осы бір өркениет жетістігіне қол жеткізіпті.

– «Көптен» деген сөзді нақтылай түсетін болсақ, Қапшағайда 25 жылдан бері ыстық су болмаған екен. Соған орай тұрғындар тарапынан орынды өкпе-реніштің болғандығы да түсінікті. Биылғы жылы осы бір өзекті мәселені шешудің мүмкін болғандығына қатты қуанып отырмыз. Жаз бойы қалада ыстық су болды.

Орталық қазандық газға қосылып, бүгінде бір қалыпқа келіп қалдық деуге болады. Алдағы уақытта үйлерге ыстық су тұрақты беріліп тұратын болады.

– Қала әкімі қызметіне кіріскеніңізге 1 жыл 3 ай ғана болған екен. Жаңа лауазымдағы жұмысыңызды неден бастағаныңызды айтып өтсеңіз.

– Мен қызметке тағайындалған кез пандемияның өршіп тұрған шағы болатын. Соған байланысты о бастағы күш-жігерімді емдеу мекемелеріне, ондағы дәрігерлерге тиісті жағдай жасауға жұмсадым.

Қала тоғыз жолдың торабында тұрғандықтан пандемия белең алған кезде Балқаш, Кербұлақ, Іле аудандарының көптеген тұрғындары біздің ауруханалардан ем алды. Сырқаттанып келгендердің бәрі өз облысымыздың тұрғындары, оларға «Ауылдарыңа қайт» деп айта алмайсың. Қолымыздан келгенінше көмек көрсеттік.

Осы жерде кәсіпкерлеріміздің атына шынайы алғысымды білдіре кеткім келіп отыр. Олар қала ауруханасына қымбат тұратын оттегі стансысын, басқа да қаншама қажетті жабдықтарды сыйға тартты. Бүгінде ондағы балалар бөлімшесіне оттегі жылытылған, ысытылған қалпымен беріледі. Ондай жағдай басқа ауруханалардың ешбірінде жасалмаған.

Індет кезінде кәсіпкерлермен бірлесе отырып дәрігерлердің жемісті жұмыс істеуіне барлық жағдай жасадық деп сеніммен айта аламын.

– Қалада өзіңіздің басшылығыңызбен басқа да қаншама жақсы жұмыстардың атқарылып жатқанын білеміз. Шағын сұхбатта олардың бәрін тізіп шығу мүмкін де емес. Сондықтан әңгімеміздің соңында өтінішіміздің жайына – газетімізге жазылу жайына көшкіміз келіп отыр.

– Баспасөзге жазылу науқанының жай-жапсарын жақсы білемін деп айта аламын. Өйткені, бұған дейін атқарған қызметтерімде нақ осы жұмыспен көп айналыстым. Жақсылығымызды жарқырата көрсетіп, жұмысымыздың алға басуына ықпал ететін, облыс әкімдігі құрылтайшы болып отырған «Жетісу» мен «Огни Алатау» газеттерін қала жұртшылығының арасында кеңінен насихаттайтын болсақ, одан ұтыла қоймаспыз деп ойлаймын. Ендеше сіздердің жұмыстарыңыздың да алға басып, оқырмандар қатарының қара ормандай қалыңдай беруіне тілектеспін.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбатты жүргізген - Нүсіпбай ӘБДІРАХЫМ,

Қазақстанның Құрметті журналисі

Қапшағай қаласы

Алматы облысы