САРҚАН АУДАНЫНДА 25 МЫҢ ТОННА "ДАЛА АРУЫ" ЖИНАЛДЫ: КҮЗГІ ЖИЫН-ТЕРІН

Уақыты: 25.10.2021
Оқылды: 1104
Бөлім: ЭКОНОМИКА

"Сарқанда 25 мың тоннадан астам жүгері жиналды", - деп хабарлайды "Жетісу" газеті аудан әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Саялы Сарқан ауданы ауыл шаруашылығына қолайлы жер болғандықтан, халықтың басым бөлігі осы салада жұмыс істейтіні баршамызға аян. Жыл сайын шаруалар сонау көктемнен, қоңыр күзге дейін бел жазбай еңбек етіп, ауданның дамуына өз үлестерін қосып келеді. Осы бағыттағы жұмыстар іске асып жатқан мемлекеттік бағдарламалардың нәтижесі деуге болады.

Атап айтқанда, ерекше сортты тұқымдарға субсидия, әр түрлі ауыл шаруашылық техникаларын алуда жеңілдетілген несие сондай-ақ, науқан кезінде жеңілдетілген жағар жанармаймен уақытылы қамтамасыз етті.

Былтырғы жылмен салыстырғанда дәнді дақылдардың көлемі 11 мың га, соның ішінде жүгері егістігінің көлемі 3 га мыңға артқан. 2020 жылы аудан бойынша 2200 га жүгері себілсе ал, биылғы жылы оның көлемі 4585 га жеткен.

- 50-ге жуық техниканың көмегімен жүгері жинау науқаны қазан айының басында басталып, бүгінгі күні толығымен аяқтадық. Жиналған өнімдердің басым бөлігі мал азығына жөнелтілмек. Негізгі дақылдардың барлығын өткен айдың соңына дейін ауа райының қолайлы кезінде орып үлгердік. Қарашаның соңына дейін майлы дақылдар және қант қызылшасын жинауды межелейтін боламыз, - дейді Сарқан аудандық ауылшаруашылық бөлімінің басшысы Жандос Өмірсадық.

Шаруалар тұқымды көбіне Ресейден және еліміздің басқа аймақтарынан тасымалдайды. Олардың ішінде «Алатау-107», «Краснодарский-507», «Туран-480 СВ», «Тургайская 5/87», «Сория», «Пионер», «Тулпар» және «NS - 640» тұқым түрлері бар.

Айта кеткен жөн, аудан бойынша жалпы, 58 мыңнан аса жерге дәнді дақылдар себіліп, одан 138 мың тонна өнім алынған.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"