ӘЙГІЛІ НАРЫНҚОЛ КАРТОБЫ. БИЫЛҒЫ ТҮСІМ ҚАЛАЙ? ШАРУАЛАР НЕ ДЕЙДІ?

Уақыты: 29.10.2021
Оқылды: 1096
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Райымбек ауданында биыл 6050 гектар жерге таулы өңірдің дарқан дақылы отырғызыл­ған болатын. Соңғы апталарға дейін 4425 гектар жердің картобы қазылып алынды. Әр гектарға шаққанда 216 центнерден өнім жиналуда. Бұл жақсы көрсеткіш, елеулі нәтиже. Бұл туралы "Жетісу" газетінің тілшісі хабарлады.

Жалпы, теңіз деңгейінен екі мың метрге дейінгі биік, құнарлы жерде өсірілген, сапалы, дәмді картоп сұранысқа ие. Ауданда соңғы жылдары «Хантәңірі», «Үш Қақпақ» атты бірнеше картоп өсіру бағытындағы сервистік дайындау орталықтары құрылып, жемісті жұмыс жүргізіп келеді. Олар негізінен Голландиядан әкелінген картоптың супер-элиталық «Санта», «Агрия» атты тұқымын өсіріп, мол өнімге қол жеткізуде.

Біз сындарлы шақта Қақпақ ауылдық округінде жүргізіліп жатқан картоп жинау науқанының куәсі болдық. Үш Қақпақ өңірі – сулы да нулы жер. Суармалы жерге орналастырылған картоп, егіс алқаптары көңіл қуантарлық. Округ бойынша биыл 554 гектар жерге картоп отыр­ғызылған. Науқан қоры­тындылануға жақын. Әр гектарға шаққанда 200 центнерге дейін берекелі өнім алынуда.

Өз тұсында Нүсіпақын Сыдықақынов негізін қалаған «Бақыт» шаруа қожалығы округтегі ең алдыңғы қатарлы, мақтаулы құрылым. Марқұм әкесіне тартқан Мақсат, Ғабит, Ғани, Нұрдан, Нұрлы секілді бесаспап, еңбекқор ұлдар қожалықтың жұмысын жақсы жүргізіп келеді. Қожалықта  «МТЗ-80» маркалы жап-жаңа 3 трактор, ауылшаруашылығына, оның ішінде картоп өсіруге қажетті барлық техника бар. Ауыр жүк көліктері де жетерлік.

Қақпақ ауылының етек жағына отырғызылған 15 гектар картоп алқабында өнімді жинау қауырт жүргізіліп жатыр. Берекелі дақыл картоп комбайны арқылы жиналуда. Қожалық мүшелері бос тұрған картоп сақтайтын қойманы өз қажетіне жаратып алған. Алқаптан жеткізілген картоп қойма ішінде сортталып, тұқымдығы, сатуға лайықтылары бөлек-бөлек жиналуда. Мұнда да бір агрегат жұмыс істеп тұр. Түсім жаман емес. Әр гектарға шаққанда 200 центнерден картоп қоймаға құйылуда.

Қанат БІРЖАНСАЛ

Райымбек ауданы

Алматы облысы