АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНА ӘДІЛЕТ МИНИСТРІ КЕЛІП, БІРНЕШЕ ЕЛДІМЕКЕНДІ АРАЛАДЫ

Уақыты: 29.10.2021
Оқылды: 1270
Бөлім: ЭКОНОМИКА

"Ауыл – Ел бесігі" жобасының жүзеге асырылуын тексеруге Алматы облысына арнайы келген Әділет министрі Марат БЕКЕТАЕВ барлық аудан, қала әкімдерімен онлайн форматта кездесу өткізіп, әрбір өңірде атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Астаналық қонақпен өткен селекторлық отырысты ашып, жүргізіп отырған облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат ТҰРЛАШОВ баяндама жасап, Жетісу жеріндегі жетістіктерді ұсынды. Бұл туралы "Жетісу" газетінің тілшісі хабарлады.

Баяндамашының айтуынша, облыстағы 732 ауылда барлығы 1,5 миллион тұрғын бар. «Ауыл – Ел бесігі» жобасы қолға алынғалы бері, яғни 2019-2020 жылдары 264 мың тұрғыны бар 25 ауылда құны 19,8 миллиард теңге болатын 75 жоба жүзеге асырылған. Соның нәтижесінде күніне 360 адам жаттыға алатын 2 спорт нысаны тұрғызылып, білім саласының 17 нысаны, денсаулық сақтау саласының 3 нысаны, 2 мәдениет нысаны жөндеуден өткізілген. Одан бөлек, ұзындығы 23 километрге тең сумен қамту жүйесі, елді мекенді электрмен қамтитын 70 километрлік желі, 138 километрлік елді мекен ішіндегі жол салынған. Сондай-ақ, 6 елді мекенде балалардың ойын алаңдары, саябақтар, скверлер, тротуарлар мен арықтар жасалған. Осы жобаларды жүзеге асыруға 43,2 миллиард теңге бөлінген.

Биыл 298 мың тұрғыны бар 41 ауылда құны 18,4 миллиард теңге болатын 55 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Соның нәтижесінде 1500 орынды 3 мектепке денешынықтыру-сауықтыру кешені мен қосымша ғимарат, 5 Мәдениет үйі, фельдшерлі-акушерлік бекет салынып, 7 мектепке, 2 ауруханаға, 4 Мәдениет үйіне жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Одан бөлек, елді мекен ішіндегі 124 километр жол, 50 километрлік су жүйесі, 118 километрлік электр желісі, 337,5 километрлік газ құбыры салынады.

Одан соң Панфилов ауданының әкімі Талғат Өмірәлиев, Райымбек ауданы әкімінің орынбасары Ғалым Жусанбаев, облыстық құрылыс басқармасының басшысы Дәурен Жолжанов, облыстық тұрғын үй және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Бағлан Тәнекенов кезекпен сөз алып, өздеріне тиесілі өңір мен саланың жұмысын таныстырды.

Жиынды қорытындылаған ҚР Әділет министрі Марат Бекетаев өңірдегі жұмысқа көңілі толмайтынын жеткізіп, жыл аяғына дейін жобаланған жұмыстардың көрсеткіші жоғары болуын тапсырды. Осыған орай Жетісу жеріндегі көрсеткіштерді Премьер-Министрге жеткізетінін, оны шешудің жолдарын ұсыныс ретінде беретінін айтып өтті. Сондықтан түйткілді мәселелерді бірлесе шешудің жолын қарастыруды облыс басшылығына жүктеді.

***

Мәртебелі мейман Іле ауданына қарасты Боралдай ауылындағы «Әдемі» балабақшасына да ат басын бұрды.

Жалпы, Іле ауданында бүгінгі күні 9 мемлекеттік және 186 жекеменшік балабақша 17 мыңнан астам жеткіншекке мектепке дейінгі тәрбие берумен айналысып келеді. Бұл кезекке жазылған бүлдіршіндердің 98,5 пайызын қамтып отыр. Боралдай ауылында 2006 жылы салынып, пайдалануға берілген мемлекеттік балабақша жылдар өте тозығы жетіп, күрделі жөндеуді қажет ететін. Осыған байланысты 2020 жылы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасына енгізілген ғимараттың жөндеу жұмыстарына 437,1 миллион теңге қаражат бөлініп, «Гунн строй сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жұмысты уақтылы әрі сапалы атқарып шыққан екен. Бұл жерде ғимараттың жылу жүйесі, шатыры, ішкі әрлеуі мен ауланы абаттандыру мәселелері толықтай шешімін тапқаны байқалады. Әділет министрі Марат Бақытжанұлы заман талабына сай салынған балабақша ғимараты мен ойын алаңын көріп, атқарылған жұмысқа оң бағасын берді.

– Аталған бағдарлама бойынша Іле ауданында биылғы жылы Байсерке ауылдық округіне қарасты Қоянқұс елді мекенінде электр желілерін қалпына келтіру жұмыстары жасалып жатыр, – деді журналистерге берген сұхбатында аудан әкімі Бағдат Қарасаев. – Оған 102 миллион теңге бөлінген болатын. Соның нәтижесінде ауылда 7,7 шақырым электр желісі тартылып, 6 көшенің желілері жаңартылды. Жұмыс қараша айында толықтай аяқталады деп күтілуде. Мұның сыртында ауданымызда «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша 2024 жылға дейін жалпы құны 5 миллиард теңге болатын 23 жоба енгізіліп отыр. Келер жылы аталған бағдарлама аясында 830 миллион теңгеге Боралдай ауылының жолдарын жөндеу, Жетіген және Көкқайнар ауылының электр желілерін қалпына келтіру, Өтеген батыр елді мекенінде жарықтандыру жұмыстарын жүргізу көзделген. Бұл ауылдардың жолдарын, тұрғын үй-шаруашылық мәселелерін, электр желілерін жаңартуға мүмкіндік беретін берекелі жоба десем артық айта қоймаспын.

***

Одан соң Кербұлақ ауданына «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша жасалып жатқан жұмыстармен танысу үшін барған Әділет министрі аудан орталығы Сарыөзек ауылындағы Ә.Сарыбаев атындағы Мәдениет үйін аралап көрді. Марат Бақытжанұлы бастаған қонақтарды қарсы алған аудан әкімі Ғалиасқар Сарыбаев Мәдениет үйін күрделі жөндеуден өткізу үшін 315 миллион 110 мың теңге бөлінгенін айтып, ғимаратқа жүргізілген жұмыстың барысын көрсетті. Сондай-ақ, 2019–2020 жылдарда аталмыш жоба бойынша мектептердің, ауылдардың ішкі көше жолдарының орташа жөндеуден өткенін, Сарыөзек ауылының көшелеріне түнгі жарық шамдар орнатылғанын, Қоғалы, Қарағаш ауылының ішкі көше жолдарын орташа жөндеу жұмыстарының жүргізілгенін мәлімдеп, биыл Қоғалы ауылдық Мәдениет үйін күрделі жөндеуден өткізуге, Шанханай ауылындағы Ш.Уәлиханов атындағы музейдің ғылыми орталығына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге тиісті қаржы бөлінгенін атап өтіп, атқарылған жұмыстың нәтижесін таныстырды.

Қазақстан Республикасының Әділет министрі Марат Бекетаев ауданда әлі талай шаруалардың атқарылатынына сенім білдіріп, сәттілік тіледі.

***

Министр Марат Бекетаев бастаған топ Ескелді ауданы, Бақтыбай ауылына да барып, «Ауыл ­– ел бесігі» жобасы бойынша тартылып жатқан газ құбырларының жұмысымен танысты.

Биыл облыс бойынша 19 елді мекенге газ құбырлары тартылып жатыр. Соның бірі ­– Бақтыбай ауылы. «Компания ГазСтрой» ЖШС қолға алған жобаның құны 901 млн. теңгені құрайды. Қыркүйек айында басталған жұмыс 2022 жылдың  наурыз айында аяқталады. 87 шақырымға жоғары, орташа, төмен газ қысымдары салынады. Нәтижесінде 1191 үй газбен қамтылмақ. Ауылда жұмыс қарқынды жүруде. Газ құбырын салуға 60 жұмысшы, 20 техника жұмылдырылыпты. 

Шара барысында облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Бағлан Тәнекенов бүгінде 156 елді мекенге газ тартылғанын, 1 млн.200 мың халыққа газ құбырлары жеткізіліп, қосылуға мүмкіншілік берілгенін айтты. Сонымен қатар, Бақтыбайдағы газ құбыры  кестеге сай тартылып жатқанын жеткізді. «Компания ГазСтрой» ЖШС құрылыс алаңының басшысы Ғалымжан Бибатжанов: «Бүгінге дейін төменгі қысымның 30 пайыздан аса құбыры қойылды. Бетон құю мен орташа қысым бойынша 50 пайыз жұмыс аяқталды. Барлық техникамыз бар. Жұмысты уақытылы бітіреміз», – деді.

Соңында Марат Бақытжанұлы жұмысты сапалы әрі уақытылы аяқтап, ауыл тұрғындары ертерек көгілдір отынмен қамтылуы тиіс екенін жеткізді.

Мәди АЛЖАНБАЙ

Қуат ҚАЙРАНБАЕВ

Айдар ҚАЛИЕВ

Айнаш ҚАСЕНОВА

Алматы облысы