АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА МӘСЛИХАТТЫҢ КЕЗЕКТЕН ТЫС СЕССИЯСЫ ӨТКІЗІЛДІ

Уақыты: 31.10.2021
Оқылды: 980
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Алматы облыстық мәслихатының экономика, бюджет, құқықтық тәртіп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, депутаттық өкілеттіктер мен этика мәселелері бойынша тұрақты комиссиясының отырысында талқыланған бірқатар мәселелер кезектен тыс өтетін IХ сессияның қарауына енгізілді.

Жиынды ашып, жүргізген комиссия төрағасы Асқар Сүлейменов күн тәртібіндегі мәселелерді таныстырып, баяндамашыларға сөз берді. Облыстық мәслихаттың 2020 жылғы 15 желтоқсандағы «Алматы облысының 2021-2023 жылдарға арналған облыстық бюджеті туралы» № 64-339 шешіміне өзгерістер енгізу туралы облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Жомарт Әмірханов толыққанды айтып өтті.

– Биылғы тоғыз айдың қорытындысы бойынша түскен кірістер көлемі 106,3% пайызға орындалған. Яғни, нақты түсім 263,6 млрд.теңге болса, бекітілген жоспар 248 млрд.теңге. Осыны ескере отырып және шұғыл шешімін талап ететін шығындарды қаржыландыру мақсатында салықтық түсімдер болжамын 5,2 млрд.теңгеге арттыруға ұсыныс енгізіліп отыр. Білім беру саласы бойынша қосымша 14,0 млрд. теңге бөлу жоспарлануда. Бұл қаржы оқушылар санының артуына байланысты ыстық тамақ ұйымдастыру, тасымалдау, пән кабинеттерін сатып алу, мектептерді күрделі жөндеу, қызметкерлерге жалақы төлеуге жұмсалады, – деген Жомарт Амангелдіұлы денсаулық сақтау саласының шығынына қосымша 1,1 млрд.теңге бөлу жоспарланғанын айтты. – Медициналық пункт ашу үшін ғимаратты сатып алуға 210 млн.теңге, компьютерлік томограф және рентген аппараты үшін қосалқы бөлшектер сатып алуға 49,1 млн.теңге, жедел жәрдем стансысына 168,2 млн.теңге қарастырылуда.

Екінші болып сөз алған облыстық ауылшаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Коюмчан Омаров аймақта ауылшаруашылығы өнімін өндірушілерді субсидиялауды ұйымдастыруда орын алып отырған өзекті мәселелер мен оларды шешу үшін жергілікті атқарушы органдармен қолданып жатқан шаралар туралы баяндады. Оның айтуынша, жалпы бюджет қаражатынан мал шаруашылығын дамытуға 16 млрд.теңге, өсімдік шаруашылығына 9 млрд. теңге, инвестициялық субсидиялауға 12 млрд. теңге, ауылшаруашылығы өнімін қайта өңдеуге 1 млрд.теңге және басқа да салаларға 4 млрд.теңге қарастырылған. Бұл қаражаттың 32 млрд. теңгесі 9 айда 15 мыңнан астам ауылшаруашылығы тауарын өндірушілерге беріліпті. Нәтижесінде жыл басынан бері ауылшаруашылығы саласында 753 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, 242 млрд.теңгенің дайын тамақ өнімдері шығарылды. Іске асырылып жатқан құны 45 млрд. теңгені құрайтын 66 инвестициялық жобаның 32 нысаны пайдалануға берілді.

– Биылғы жыл қорытындысы бойынша ауа райы қолайсыздығына қарамастан ауылшаруашылығындағы жалпы өндіріс көлемін бір триллионға дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз. Ауылшаруашылығы басқармасы бюджеттік қаражатты уақытылы игеру, сол арқылы ауылшаруашылығы саласын дамыту және ауылдағы өмір сапасын жақсарту, ішкі нарықты отандық тауарлармен барынша қамту бағытындағы жұмысын үнемі бақылауда ұстауда, – деді басқарма басшысының міндетін атқарушы.

Комиссия отырысының соңында көтерілген мәселелер бойынша қаулы қабылданды. Әрмен қарай облыстық мәслихаттың кезектен тыс селекторлық режимде өткен IХ сессиясында облыстық мәслихаттың хатшысы Жанболат Жөргенбаев облыстық мәслихаттың 2020 жылғы 15 желтоқсандағы «Алматы облысының 2021-2023 жылдарға арналған облыстық бюджеті туралы» № 64-339 шешіміне өзгерістер енгізу және мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары бойынша мемлекеттік міндеттемелерді қабылдау туралы шешімдеріне өзгерістер енгізу туралы мәселені мәслихат депутаттарының назарына ұсынды. Екі мәселе бойынша баяндаған облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Жомарт Әмірханов:

– Әлеуметтік көмектің шығындарына қосымша 437,1 млн. теңге бөлу жоспарлануда. Талдықорған қаласында аутизм және басқа да менталдық бұзылулары бар балалардың күндізгі орталығын ашу үшін ғимарат сатып алуға 280 млн. теңге қарастырылды. Ал дене шынықтыру және спорт саласындағы шығындарға жергілікті бюджеттен қосымша 932,6 млн. теңге бөлу жоспарлануда. Жұмыспен қамту 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы және кредиттік тұрғын үй шеңберінде алынған қарыздар бойынша сыйақы төлеуге 521,8 млн. теңге және осы жол картасы және 2015 жылы жылумен, сумен жабдықтау жүйелеріне алынған қарыздар шеңберінде негізгі борышты өтеуге 273,1 млн. теңге қарастырылды, – деді.

Сессия қорытындысында барлық мәселелер бойынша бірауыздан шешім қабылданды.

Мәулен ӘНЕРБАЙ

Алматы облысы