ТАЛДЫҚОРҒАН ТҰРҒЫНДАРЫ ЖОЛ ЖАСАУШЫЛАРҒА АЛҒЫС ЖАУДЫРДЫ

Уақыты: 03.11.2021
Оқылды: 1030
Бөлім: ЭКОНОМИКА

«Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын!» дегенді ұстанған халқымыз әр кез қайырымды жандарды әспеттегені рас. Сондай қайырымдылыққа жаны жақын жанның бірі – Нұрбақыт Алтынбеков. Ол көп жылдан бері өзінің іскерлігімен халық құрметіне бөленіп жүр.

Қазіргі кезде де «Талдықорған қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» ММ-де қажырлы еңбек етіп келеді. Бір мысал келтірейік, Талдықорған қаласы Алдабергенов көшесінің тұрғындары көп жыл бойы жол азабын тартып келді. Ал кейбірінде тіпті шаң-тозаңның кесірінен аллергия пайда болды. Асығып жүргенде, кешкі уақыттағы таксилер де жеткізіп тастаудан бас тартатын жағдайға жетті. Осындай күй кешкенімізге 5 жыл болған. Десе де Нұрбақыт Алтынбеков уақытының тығыздығына қарамастан бар күш-жігерін аямай, біздің мәселеміз бойынша әкімшілік өкілдерін құлағдар етіп, нәтижесінде жолдарымыз жасалды. Бүгінде біздің жолдар тегіс әрі кең. Сондай-ақ, жаяу жүргіншілер жолы да салынды.

Қалалықтарды әрі-бері таситын автобус жүргізушілеріне де халық дән риза. Алайда олардың жалақысы төмен. Сондықтан, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауын басшылыққа алып, біздің жоғарыдағы жауапты мекемелер жүргізушілердің жалақысын көбейтсе екен деген тілек бар. Қазіргі кезде Талдықорған қаласының «ЖК және АЖБ» ММ басқарып отырған Қанат Хамитжанов бөлімше мамандарымен бірлесе отырып, дұрыс нұсқау берудің арқасында тек бір ғана көше емес, бүкіл қала көшелеріне абаттандыру жұмысы ойдағыдай жүргізілуде.

Даңғылдар бойына, аялдама жоқ жерге жол белгілері орнатылып жатыр. Бұған дейін жолаушы таситын автобустар аялдама орны жоқ жерге тоқтамай өте шығатын. Соның салдарынан мектеп оқушылары күздің қара суығы мен жаңбырлы күндері дірдектеп, әбден мезі болған еді. Осы жағдайымызды айтып, хат жолдағанымызда Қанат Хамитжанов өтінішімізді қарастырып, оң шешім қабылдап, тұрғындарды қанағаттандырды. Нәтижесінде, Алдабергенов көшесі бойына жол белгілері орнатылды.

Осындай жұмыстарды орындау барысында Нұрбақыт Алтынбековтің тікелей басқаруымен ел тілегі орындалып, игілікті істер жүзеге асып, бүкіл жұрттың алғысына бөленді. Осыған байланысты ел көңілінен шығып, сенімді ақтаған Қанат Хамитжанов пен Нұрбақыт Алтынбековке айтар алғысымыз шексіз. Жұмыстарыңыз жемісті болып, тек биіктен көрініңіздер демекпіз.

Болат ТОПАШЕВ,

Талдықорған қаласының тұрғыны

Алматы облысы

Сурет ғаламтордан алынды