ӘДІЛЕТ МИНИСТРІ ЕҢБЕКШІҚАЗАҚ, ПАНФИЛОВ АУДАНДАРЫНДА БОЛДЫ

Уақыты: 02.11.2021
Оқылды: 1027
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Алматы облысына келген ҚР Әділет министрі Марат Бекетаев жазиралы Жаркент өңіріне ат басын бұрып, Кеңес Одағының Батыры Хамит Көбіков атындағы орта мектептегі күрделі жөндеу жұмыстарының барысымен танысты.

Панфилов ауданы. Екі мәрте Еңбек Ері Н.Головацкий басқарған «Қазақстанның 40 жылдығы» ұжымшарының қаржысына салынған мектеп 1971 жылы пайдалануға берілген. Жалпы сыйымдылығы 320 оқушының білім алуына арналған екі қабатты ғимарат отыз жылдан бері жөндеу көрмей, соңғы жылдары қабырғалары қақырап, ағаштан жасалған есік, терезелері кеуіп, саңылауланып, едені шіріп, тоза бастаған болатын. Ауыл тұрғындары бұл мәселелерді аудан, облыс басшыларына сан мәрте айтып, жазып күрделі жөндеуден өткізуді сұраған. Биыл бюджеттен 732 миллион теңге қаржы бөлініп, қыркүйек айында «Нұр Шапағат» құрылыс компаниясы күрделі жөндеу жұмыстарын бастаған болатын.

«Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік жобасының жергілікті жерде жүзеге асуын бақылай келген министр Сарыбел ауылындағы мектеп үйіндегі күрделі құрылыс жұмысының қарқынды жүргізіліп жатқанын көзбен көріп, аудан басшысы мен құрылыс ұйымының жауапты тұлғаларынан жағдайды сұрап білді. Мектеп ғимаратының шатыры толық жаңаланып, ішкі-сыртқы қабырғалары қырылып, сыланып, су құбыры, кәріз, жылу жүйелері жаңартылыпты. Мектептің жанындағы 1991 жылы салынған 120 орынды балабақша ғимараты да қосымша күрделі жөндеуден өткізілуде. Жалпы мұнда жергілікті 72 құрылысшы уақытпен санаспай еңбек етуде. Құрылысшылар Тәуелсіздіктің 30 жылдығы тойланатын 16 желтоқсанға дейін жөндеу жұмыстарын тамамдап, білім ошағының айналасын көріктендіріп, ауыл әкімінің кеңсесінде, спортзалда білім алып жатқан оқушыларды жаңартылған мектеп партасына отырғызбақшы. Министр құрылысшыларға жұмыстарын сапалы атқаруды тапсырды.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашов, аудан әкімі Талғат Өмірәлиев министрмен бірге жүрді.

* * *

Еңбекшіқазақ ауданы. Алматы облысына іссапармен келген ҚР Әділет министрі Марат Бекетаев Еңбекшіқазақ ауданының әкімі Әлібек Жақанбаевпен бірге «Ауыл – ел бесігі» жобасының қалай жүзеге асып жатқанын саралау мақсатында Шелек өңіріне барды. Бірнеше нысандарды аралап, жай-жапсарымен танысты.

Министр ең алдымен Шелек ауылындағы Хұсайын Бижанов атындағы орта мектепке бас сұқты. Аталған оқу орнының шежіресі жарты ғасырды құрайды. 1967 жылдан бері түлектердің алтын ұясына айналған мектеп қазір де биік беделге ие. Өткен жылы мектепке «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында күрделі жөндеу жүргізілген. Бәрі талапқа сай қайта жаңғырды. Аталған құрылысқа  441, 1 миллион теңге жұмсалған. Материалдық-техникалық базасы да толықты. Жағдайдың жақсарғаны мектеп ұжымын одан әрі қанаттандыра түскен.

Марат Бақытжанұлының назарынан Шелек ауылындағы жолдардың жайы да тыс қалған жоқ. Бұл бойынша бірқатар жұмыс ойдағыдай атқарылыпты. Мәселен, биыл 11 шақырымды құрайтын, 15 көшені қамтитын аумаққа асфальт төселді. Ауыл тұрғындары бұған дән риза. Өйткені, Шелек ауылы Алматы мен Жаркентті жалғастырып жатқан тораптың түйісінде. Сондықтан елді мекенге баратын, келетін автомобильдер қатынасы ешқашан үзілмейді. Жол жөндеу жұмыстарына мемлекет қазынасынан бөлінген 825,2 миллион теңге ойдағыдай игерілген.

Ауылды ауызсумен қамтамасыз ету де маңызды мәселенің бірі. Марат Бекетаев Масақ ауылдық округіне қарасты Қазтай Ұлтарақов елді мекеніне барған кезде оның куәсі болды. Мұндағы су құбырлары бүгінгі күннің талабына сай қайта жөндеуден өтіп жатыр. 411,6 миллион теңге мөлшеріндегі жұмыстарды «Көлсай Строй» ЖШС қолға алыпты. Қазір мұнда сыйымдылығы 500 текше метр болатын резервуар салынуда. Сонымен қатар 2 сүзгілеу стансысының құрылысы аяқталды. 17 шақырымға су құбырлары тартылды. Жобада көрсетілген жұмыстар жылдың аяғына дейін толық бітеді деп жоспарлануда.

Жүзеге асып жатқан осындай әлеуметтік мәні бар іргелі жұмыстар ауылдың алтын бесікке айналғанын дәлелдей түсті.

ӨЗ ТІЛШІЛЕРІМІЗ