МЫҢҒЫРҒАН МАЛ ӨСІРЕМІЗ, БІРАҚ ТЕРІСІ МЕН ЖҮНІ ТҮККЕ ЖАРАМАЙДЫ

Уақыты: 04.11.2021
Оқылды: 1399
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Мыңбаев ауылындағы Қ.Медеубеков атындағы Қазақ қой шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында асыл тұқымды ұсақ малдар көрмесі өтті. Көрме аясында ғалымдар мен шаруалардың басын қосқан семинар болып, саладағы кейбір өзекті мәселелер талқыланды.

Аудан әкімдігі ұйымдастырған семинар-көрмеге шаруа қожалық жетекшілері, «Қазақ қой өсірушілері ұлттық одағы» бірлестігінің төрағасы Тынышбай Досымбеков, қойдың асыл тұқымды түрлерін дамытумен айналысатын басқа да республикалық ұйымдардың басшылары, Қазақ ұлттық аграрлық университетінен және Балтық жағалауы елдерінен делегаттар келді.

Шараға қатысушылар алдымен аталған институттың тәжірибе алаңындағы көрмені аралап көрді. Мұнда осы аймақта өсірілетін асыл тұқымды қойлардың сегіз түрі келушілер назарына ұсынылды. Атап айтқанда, «Еділбай», «Ордабасы», «Сарыарқа», «Дегерес» қой тұқымдары көрсетілді. Аудан шаруалары өздері өсіріп отырған асыл тұқымды қойларын таныстыра отырып, іс-тәжірибе алмасты.

Одан кейін ауылдық Мәдениет үйінде отандық асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту барысы талқыланды. Жиында сөз алған аудан әкімі Нұрлан Ертас өркениетті өндіріске бет бұрып, саннан сапаға көшу қажет екенін атап өтті.  Алдағы уақытта Шопан ата түлігін өсіруде табыс табу үшін өнімділігі жоғары асыл тұқымдысын ұстау басты шарт екені баса айтылды. Етті және жүнді бағыттағы қой өсіру бүгінгі заман талабы. Мәселен, ұлттық бренд саналатын қазақтың Еділбай қойының өзге тұқымнан ерекшелігі – ауа райына бейімделгіш, суыққа төзімді. Тағы бір артықшылығы – нарықта өтімді. Қозылары тез жетіледі, небары төрт айлық қозысының өзі 45 келіге дейін салмақ тартады.

Осы тұқымды бағып, игілігін көріп отырған ірі шаруашылықтың бірі – Үлгілі ауылындағы «Мұрынбай» шаруа қожалығы. Ондағы мал басы алты жарым мыңнан асады. Оның үш мыңы аналық бас, қалғаны тоқты-торым, қошқар сияқтылар. Етті және жүнді бағыттағы бұл ақ қойдың бітімі тығыршықтай. Етінің 80 пайызы қаракесек. Жер жатырқап, күй талғап жатпайды. Қожалық басшысы Серік Жолдасұлының айтуынша, асыл тұқымды қой өсірудің пайдасы жай тұқымға қарағанда айтарлықтай. Бағасы да қымбаттау сатылады, мемлекет те демеуқаржы төлеуде қымбатырақ бағалайды. Айталық, басқа қойлар екі жарым мың болса, Еділбай тұқымы әр басына төрт мың теңгеден субсидияланады.

Семинарда ауданда келешекте асыл тұқымды мал үлесін 20-25 пайызға жеткізу көзделіп отырғаны, асылдандырумен айналысу ауқымын кеңейту қажеттілігі айтылды. Мұнда 2015  жылы  асыл  тұқымды  қой  саны  50  мың тұяқтан әзер асса, бүгінде екі еселеніп, 110 мың басқа жетіп отыр. Оның себебі, бірқатар шаруа қожалығы кейінгі он жыл көлемінде ғылымның жетістіктеріне сүйеніп, тұқым асылдандыруда Қазақтың қой шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтымен бірлесе жұмыс істеп келеді. Оның нәтижесі семинар-көрмеде жан-жақты көрсетілді. Ірі қара мен қой саны бойынша облыста көш бастап тұрған Жамбыл ауданында қазір қой-ешкі миллионнан асады. Ал қыста жалпы саны 920 мың бастан астам ұсақ мал қыстамақ. Оның 500 мыңға жуығы төл беретін саулықтар.

Семинарда саладағы түйткілдер талқыланды. Кезінде жүз пайыз биязы жүнді қой өсірген аграрлы ауданда оның үлесі неліктен бүгінде отыз пайыз ғана? Себебі өндіріс болмағандықтан жүнге мүлде сұраныс жоқ. Облыс аумағында бірде-бір жіп иіретін немесе тері илейтін фабрика жұмыс істемейді. Сондықтан тым болмағанда көрші қырғыз ағайындар сияқты қарекет жасауды қолға алу керек. Олар жеңіл өнеркәсібін дамытып, жүнді киім етіп бізге сатады. «Өңдеу өнеркәсібін қалпына келтірмейінше ешқашан Шопан ата шаруашылығының шекесі шылқымайды», – деді ғалымдар жағы. Ал әзірге мыңғырған мал өскенімен терісі мен жүні түкке жарамай тұр. Сондай-ақ, ет өндірудегі мәселе де қозғалды. Бүгінде республика аумағында 17 миллион 700 мың бас ұсақ мал бар. Сәйкесінше, жылына 148 мың тонна ет өндіріледі екен. Мамандардың есептеуінше, әр адам жылына 10 келі шамасында қой етін тұтынуы керек. Сонда экспортты айтпағанда, ел ішіне жылына әлі де 50 мың тонна ұсақ мал еті жеткіліксіз болып отыр.

Серік САТЫБАЛДИЕВ

Мыңбаев ауылы,

Жамбыл ауданы

Алматы облысы