ТАҒЫ ДА КӨМІР МӘСЕЛЕСІ. ОБЛЫСТЫҚ ӘКІМДІКТЕ БАСШЫЛАРДЫҢ ЕСЕБІ ТЫҢДАЛДЫ

Уақыты: 19.12.2021
Оқылды: 1042
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Ләззат Тұрлашовтың төрағалығымен жылу маусымы мәселесі талқыланған селекторлық кеңес өтті. Онда аудан, қала әкімдері мен орынбасарлары және коммуналдық мекеме басшылары қазіргі таңдағы жылыту маусымы мәселесін талқылады. Жиында облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Бағлан Абылқасымов жылыту маусымының өту барысы туралы баяндама жасады. Бұл туралы "Жетісу" газетінің тілшісі хабарлады.

Оның айтуынша, биылғы жылыту маусымы штаттық режимде өтуде. Жылу желілеріндегі температуралық режим бақыланып, нормада сақталуда. Бүгінде жылумен жабдықтау кәсіпорындарында көмір қалдығы 45 мың тонна, мазут қалдығы 8,5 мың тоннаны құрайды. Десе де, Текелі қаласының жылу электр орталығында отын қоры 18 тәулікті құрауда. Ол белгіленген нормативтен төмен. Сонымен қатар, «Талдықорғанжылусервис», «Панфилов Су құбыры» мекемелерінде тәуліктік қордың азаюы байқалуда. Осыған орай, бүгінгі күнге «Қаражыра» кен орнынан жеткізу жоспарының орындалмауына байланысты жылумен жабдықтау кәсіпорындарына басқа да көмір кен орындарынан қатты отынды жеткізу мүмкіндігі қарастыруылуда.

Аймақтағы сұйық отынға жалпы қажеттілік 26,2 млн.литр болса, оның 77 пайызы тасымалданған. Жылыту маусымына қажетті 1,33 млн.тонна көмірдің 90 пайызы халыққа сатылыпты. Десе де, Ақсу, Балқаш, Жамбыл, Еңбекшіқазақ, Қаратал, Сарқан, Талғар, Ұйғыр аудандарында және Текелі қаласында көмір жеткізудің төмен көрсеткіші байқалуда. Сонымен қатар, аудан және қала әкімдіктерінің ұсынған халыққа қажетті көмір көлемінің, «ҚТЖ Жүк тасымалы» АҚ-ның жыл бойы облыстың әр стансысына жеткізілетін көмір көлемімен сәйкессіздік бар. Автокөліктермен жеткізу бағасы бойынша тек Балқаш, Қаратал, Панфилов, Еңбекшіқазақ аудандары мен Қапшағай қаласы ғана толық ақпарат ұсынған.

Баяндамашының сөзінен кейін жылыту маусымының жалпы жағдайын саралаған Лаззат Махатұлы көмір қажеттілігін нақтылау бойынша жұмысты жүйелі жүргізбеген Алакөл ауданы мен Талдықорған және Текелі қалалары басшыларының есебін тыңдады. Сонымен қатар, «Қаражыра» кен орнынан көмір жеткізу жоспарының орындалмауына байланысты аудан, қала әкімдеріне жергілікті көмір тұйықтарының «Шұбаркөл» кен орнынан желтоқсан, қаңтар, ақпан айларында тасымалданатын көмір жоспарын ұлғайтуды тапсырды.

Қажет АНДАС

Алматы облысы