Қаржылай қызмет көрсетеді

Уақыты: 05.10.2017
Оқылды: 1335
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Елбасының тапсырмаларына орай ауыл жағдайын жақсартып, ауылшаруашылығын дамытуға баса назар аударылып келеді. Осы ретте ауыл тұрғындарын шағын несиелендіру бойынша қаржылық қызметтер көрсетуге «Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ зор үлес қосып отыр. Бұл туралы аталмыш қордың облыстық филиалы директорының орынбасары Нұрлан Нығметов қысқаша айтып берді.

 – Нұрлан Шакенұлы, алдымен осы қаржы ұйымының негізгі атқарған жұмыстары туралы айтсаңыз? 
– «Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамы негізінен кәсіпкерлерді қаржылай қолдап, халықтың әл-ауқатын көтеруге ықпал етеді. Осы мақсатта несиеге қатысты әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асыруда. Жыл басынан бері қор тарапынан көптеген жұмыс іске асты. Мәселен, ауыл тұрғындарына кәсіп ашуға немесе ісін дамыту үшін «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың» 2017– 2021 жылдарға арналған           бағдарламасы аясында             1 920 000 000 теңге берілді. Сонымен бірге сүт және ет бағытында құрылған ауылшаруашылығы кооперативтерінің мүшелеріне сүт қабылдап, мал сою орындарын ашу мақсатында қаржы берілді. 
– Сіздер қандай бағдарламалар бойынша несие бересіздер және «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша жасалып жатқан жұмыстар бар ма? 
– Алдымен бағдарламаларды атап өтейін. Мысалы, «Береке»,  мал бордақылауға, «Игілік» мал басын көбейтуге, «Егінжай» егін шаруашылығымен айналысуға беріледі. Ал «Кәсіпкер» ауылшаруашылығынан тыс басқа да кәсіп түрімен айналысамын деушілерге, «Ынтымақ» техникалар мен құрал-жабдықтар алуға, «Ырыс» бағдарламасы сүт бағытындағы шаруамен айналысушыларға бағытталады. «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы» аясында биыл түрлі кәсіп көзін ашу мақсатында бес жүзден аса азамат несиеге қол жеткізді. 
– Сіздерден несиені қалай алуға болады? Кепіл мәселесі ауыл тұрғындарына қиындық туғызбай ма?
– Несие алу үшін жұмыспен қамту мекемесінен жолдама алып келген соң несие беру мүмкіндігін қарастырамыз. Сонымен бірге, Елбасы биылғы Жолдауында бес мың жеке шаруа қожалықтарының бірігуі қажеттігін атап өткен болатын. Осы біріккен ауылшаруашылығы кооперативтерінің мүшелеріне ауылшаруашылығы кәсіптерін одан әрі дамыту үшін несие беру мүмкіндігі бар. Кепіл мәселесі ауыл тұрғындарына қиындық туғызбайды. Себебі, қордың кепіл саясаты ауыл тұрғындарына лайықталып қабылданған.    
– Несие қайтарылмаған жағдайда не істейсіздер? Егер, алынған несие көзделген мақсатқа пайдаланылмай, басқа мақсаттарға жұмсалып кетсе ше?   
– Қазақстан Республикасының Заңдары мен қордың ішкі ережелеріне сәйкес несиені қайтару жұмыстарын атқарамыз. Мемлекет тарапынан кәсіпкерлікті дамыту үшін берілген қаражат мақсатты жұмсалуы тиіс. Бұлай болмаған жағдайда несие шартында көрсетілгендей айыппұл салынып, несие қайтарылады. 
– Сұхбатыңызға рахмет!

Айгүл БАЙЖҰМАҚЫЗЫ.