Жылыту маусымына дайын

Уақыты: 07.10.2017
Оқылды: 1143
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Облыстық әкімдіктің кіші жиынжайында облыс әкімінің орынбасары Айдарбек Байжановтың қатысуымен селекторлық жиын өтті. Онда 2017 – 2018 жылдардағы жылыту маусымына дайындық барысы тыңдалып, күзгі тазалық айлығына орай ұйымдастырылған шаралардың атқарылу барысы қаралды. Оған аудан әкімдері мен орынбасарлары қатысып, нақты жағдайды саралады.

Жиналыста облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Асқар Кенженов баяндама жасап, алдағы жылыту маусымына дайындық мәселесін айтып өтті. Осыдан кейін аудан, қала әкімдері мен орынбасарлары өңірлердің жылыту маусымына сақадай-сай екендігін жеткізді. Күзгі тазалық айлығы да ойдағыдай жүріп жатыр.
Алайда, қазіргі таңда өңіріміздегі көмір бағасының қымбаттауы елді мекен тұрғындарының мазасын кетіре бастаған көрінеді. Бұл мәселені алғашқы болып Ескелді ауданының әкімі Бағлан Тәнекенов көтеріп, бағаның күрт қымбаттағанын облыс басшыларының назарына салды.  
Бүгінгі баға көрсеткіші бойынша көмірдің әр тоннасы Қарасай, Ескелді, Қаратал,  Көксу аудандарында 14 мың, Жамбыл мен Талғар ауданында 16 мың, Ақсу, Сарқан аудандарында 17-18 мың,  ал алыс ауылдарда 20 мың теңге айналасында сатылуда. Ал облыс бойынша ең арзан көмірді Райымбек ауданының тұрғындары  игіліктенуде. Онда бір тонна көмір 10 мың теңгеден сатылып жатыр. Тіпті, жұрттың жағдайымен санасатындар да көп екен.
– Ескелді ауданындағы «Хильниченко и К»  сенім серіктестігі өз қарамағындағы жұмысшыларға көмірдің әр тоннасын 11,5 мың теңгеден тасып беруде. Ал жекеменшік көмір сатушылар осы аудан тұрғындарына 14,5 мың теңгеден сатып жатыр. Былай қарағанда, екеуі де бір жерден тасылады. Ал бағасы әр алуан, – дейді Бағлан Сағындықұлы. 
Қазан айы бастала дауылдатып, нөсерлетіп жеткен суық ауа ағысы тау қаласы Текеліні қасат қармен қымтап тастады. Осыған орай Текелі қалалық әкімдігі 1 қазаннан бастап коммуналдық нысандарға жылу беруді бастап кетіпті. 
Әрине, мезгіл сайын сан құбылып отыратын баға мәселесін ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің аумақтық департаменттері қадағалап отыратынын бәріміз білеміз. Сала мамандары қатты отын бағасының күрт өсіп кеткеніне тосқауыл қоямыз деп сенім білдірді. 

 

Қажет АНДАС.