Жол сапасы сараланды

Уақыты: 10.10.2017
Оқылды: 1339
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Өткен бейсенбі күні Қаракемер ауылындағы кәсіптік-техникалық колледжінің мәжіліс залында облыстық мәслихаттың бірлескен комиссияларының  көшпелі отырысы өтті. Мәжілістің күн тәртібінде облыстағы көліктік-логистикалық инфрақұрылымдарды дамыту мен мәдениет мәселелері ҚАРАЛДЫ. Жиналысқа Еңбекшіқазақ, Ұйғыр, Іле, Талғар және Панфилов аудандарының әкімдері, облыстық, аудандық мәслихат депутаттары және «Нұр Отан» партиясы аймақтық ФИЛиАЛДАРЫНЫҢ жетекшілері қатысты.

Жиналысты тұрақты комиссияның төрағасы Қанат Қожабеков ашып, жүргізіп отырды. Алғашқы мәселе бойынша «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автомобильдік жолдар құрылысына бөлінген қаражаттың мақсатты және тиімді қолданылуы, жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы» «Алматыжолзертхана» басшысы Сахи Кенжеғұл баяндама жасап, облыстағы атқарылған істерден бірқатар мысалдарды ортаға салды. 
Бұл бағытта жобаланып, облыс аймағында жасалып жатқан жолдың жалпы ұзындығы 304,4 шақырымды құрайды. Жол бірінші техникалық санатқа жатқызылып, төрт жолақты қозғалыспен және цемент-бетонды төсеме бойынша салынуда. 2013 жылдың соңында басталған жұмыс биыл толығымен аяқталады деп жоспарланып отыр.
Осынау жол бойындағы кездесетін транспорттық жүктемені ескере отырып, сондай-ақ  Гүлдала, Еңбекші, Бәйтерек, Ават, Балтабай, Ащысай, Бәйдібек би, Тескенсу, тағы басқа елді мекендердегі жергілікті тұрғындарға бөгет жасамау мақсатында бірқатар айналма жолдар қарастырылған. Алматы – Шелек – Шарын бағытындағы жолдар айналмалардың арқасында бұрынғы жолдан 50 шақырымға қысқарып отыр. Бүгінгі күнге дейін бұл жұмыстарға арналып бөлінген 120 миллиард теңгенің 119 миллиард теңгесі ойдағыдай игерілді. 8 учаскеде 4 мердігерлік компания құрылысшыларының жұмысты қарқынды түрде сапалы жүргізіп жатқанын айтуға болады.
– Бүгінгі таңда жобада көрсетілген жол жұмыстары 100 пайыз орындалды. 484 су құбыры және 89 көпір жасалып бітті. Жұмыстардың бәрі бекітілген кестеге сай орындалып келеді. Таяу арада барлық бағыт бойынша жол-көлік қозғалыстары толық жүзеге асады деген сенімдеміз, – деді баяндамашы.
Әрине, облыс халқы мұндай қуанышты жаңалықтарға құлақ түріп, халыққа көрсетілетін қызметтің одан әрі өркендейтініне зор сенім артып отыр. Десек те, үлкен жұмыстардың арасында ескерілмей қалған кейбір мәселелердің бар екені де жиналыста ашық айтылды. Панфилов ауданы әкімінің орынбасары Шухрат Құрбанов өз сөзінде бірқатар жайларға тоқталды. Мәселен, аудан аумағындағы Үшарал – Сарпылдақ және Жаркент – Құндызды автомобиль жолы облыстағы маңызды көлік дәлізі болып табылады. Бірақ, оны жасау барысында жергілікті жердің кейбір мәселелері назардан тыс қалған. Атап айтқанда, «Тодини» компаниясының ауыр салмақтағы жүк көліктері құрылыс материалдарын тасимын деп жергілікті тас жолдарды жарамсыз еткен. Ауыл тұрғындары тарапынан республикалық мекемелерге арнайы хат жолданса да, халықтың бұл талабы түбегейлі шешімін таба алмай келеді. Осы жайларға назар аударылуы керектігі жан-жақты сөз болды.
Еңбекшіқазақ ауданының әкімі Бинәлі Ысқақ ауыл тұрғындары мен жергілікті кәсіпкерлердің үлкен жолдар жасалып жатқан кезде үнсіз қалып, өздеріне қатысты мәселелерді дер кезінде көтере алмағандарына қынжылды. Өйткені, жолға қатысты жағдайлардың бәрін ауыл тұрғындарынан артық ешкім білмейді. Егер тұрғындар мәселені алдын ала көтергенде  жол жасау жобаларына тиісті өзгерістер енгізілуі әбден мүмкін еді. Барлық жұмыс біткеннен кейін барып дабыл қағудың қымбатқа түсетіні бәрімізге белгілі болып отыр. Мұндай мәселелерге алдағы уақытта жергілікті халық сергек қарауы керек. 
Жиналысқа қатысушылар үлкен жолдың бойындағы елді мекендерде бірқатар қиындықтар туғанын алға тартты. Кейбір жерлерде шаруа қожалықтарының егістік жерлері мен жайылымдары жаңа салынған жолдың әсерінен екіге бөлініп қалған. Соның салдарынан оңай істелетін жұмыстар енді күрделеніп кеткен. Мұны алдағы уақытта ескермесе болмайды. Сол сияқты, Шелек – Алматы бағытындағы халықаралық дәліздің біраз тұстары арнайы қоршалмаған. Ашық қалған жерлерден мал үлкен жолға шығып кетіп, жүргізушілерге қауіп төндіру жайлары орын алуда. Осындай әңгімелердің бәрі нақты мысалдармен айтылды.
Облыстық мәслихаттың хатшысы Сұлтан Дүйсембінов айтылған ұсыныс-пікірлердің барлығы жан-жақты ескерілетінін, тиісті мекемелерден сұралатынын, қажет болған жағдайда ҚР Парламентіне дейін жететінін жиналғандарға паш етті.
Комиссия отырысында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бастығы Ақан Әбдуәлиев «Мәдениет саласында 2016 жылы және 2017 жылдың бірінші жартысында атқарылған жұмыстар туралы» баяндама жасады. Облыста 561 мәдениет мекемесінің жұмыс істейтінін айтты. Мәдениет саласындағы штат саны 2903,5 бірлікті құрайды. Бұл жұмыстарға 4878,5 мың теңге бөлінген. Аталған мерзім ішінде 45879 шара ұйымдастырылып, оған 9 миллионнан аса адам қатысты. Әсіресе, даңқты тұлғаларға арналған мерейтойлар өнеге, тәлімдерімен есте қалды.
Сондай-ақ «Таланты мира» қорының шақыртуымен екінші мәскеулік Халықаралық музыкалық фестивальге М. Төлебаев атындағы халық аспаптары оркестрі және халықаралық байқаулардың лауреаты Әсем Сембина қатысты. «Алтынай» мемлекеттік халық биі ансамблі Астанада өткен халықаралық «Шабыт» байқауының бас жүлдесін иеленді. Анкара қаласында Сүйінбай Аронұлының, Белград қаласында Жамбыл Жабаевтың ескерткіштерінің ашылғаны да көзайым жаңалықтар.
Облыс аумағында осы тектес көптеген мәдени шаралардың қызықты әрі мазмұнды өткені әңгіме арқауына айналды. 
Сонымен қатар Есік қаласындағы «Алтын Адам» мемлекеттік қорық-музейінің кейбір мәселелері сөз болды. Еңбекшіқазақ аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Салтанат Беспаева комиссия отырысында есеп беріп, жоғарыда айтылған баяндаманы одан әрі толықтырды.
Мәслихат комиссиясының отырысында жұртшылық тарапынан айтылған ұсыныстар мен тілектер толықтай ескеріліп, қаралған мәселелер бойынша тиісті қаулылар қабылданды.

Болат МӘЖИТ.
Еңбекшіқазақ ауданы.