Топырақтың құрамы зерттелуде

Уақыты: 10.10.2017
Оқылды: 4183
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Қазақстан астық бойынша қысқа  мерзімде әлемдегі ең ірі экспорттаушы елдердің қатарына кірді. Ары қарай майлы, етті секторлардың экспорттық мөлшерін арттыруға ден қойылуда.

Тәуелсіздік алғалы осы саланы дамыту бойынша тоғыз бағдарламалық құжат әзірленді. Міне, енді агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған тағы бір мемлекеттік бағдарламасы әзірленіп, Мемлекет басшысының 2016 жылғы 9 қыркүйектегі Қазақстан Республикасы Үкіметінің кеңейтілген отырысында берген тапсырмасына, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында белгіленген стратегиялық мақсаттарға сәйкес дамытылды. 
Аталған бағдарламаның мақсаты –  ауылшаруашылығы өнімдерінің аса қажетті түрлерін жетілдіру арқылы халықтың ішкі қажеттілігін қамтамасыз ету. Еліміздің ауылшаруашылығы алқаптарының жалпы алаңы 177,8 млн. гектарды, оның ішінде жайылымдар 146,9 млн гектар, егістік пен тыңайған жер 26,7 млн. гектар, шабындық 4,2 млн гектарды құрайды. Десе де, кейінгі жылдары өңірлерде жер сапасының нашарлауы байқалды. Оның үстіне жыртылған алқаптың құнарлылығын арттыру және жайылымды суландыру жөніндегі іс-шаралар да толық көлемде жүргізілмей келеді. Сенімді ақпаратқа сенсек, елімізде топырақтық және геоботаникалық зерттеулердің сапалы материалдарымен небәрі 27,8 млн гектар қамтамасыз етілген, бұл жалпы тұтынудың 14,8%-ын құрайды. 
Жаңа бағдарламаның мақсаты – осы келеңсіздіктердің алдын алады. Бағдарламада көрсетілгендей, мемлекеттік жер кадастрын жүргізуді Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы  жүзеге асырады. Мемлекеттік жер кадастрын жүргізу бойынша жұмыстарды қаржыландыруды және ұйымдастыруды  ҚР Ауылшаруашылығы министрлігі жер ресурстарын басқару комитеті жүзеге асырады. 
Агроөнеркәсіптік кешенін дамыту бағдарламасы аясында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Алматы облысы бойынша филиалы – жер кадастры және жылжымайтын мүлікті техникалық тексеру департаменті биыл Панфилов, Еңбекшіқазақ және Жамбыл аудандары бойынша 355,0 мың гектар ауылшаруашылық мақсатындағы жерге зерттеу жұмысын жүргізді. Оның нақты нәтижесі жыл соңына қарай анықталады. Десе де, алдын ала болжам бойынша, облысымыздағы жерлердің құнарлылығы, тағы да басқа өлшемдері тұрғысынан көңіл қуантатын көрсеткішке жетеді деген ойдамыз. Осы бағдарлама бойынша келесі жылы 850,0 мың гектар ауылшаруашылық мақсатындағы жердің топырағын зерттеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Демек, бұл сан жыл өткен сайын артып, бес жылдан кейін бүкіл республика аумағындағы жердің топырақ құрамы толықтай зерттеуден өтіп, агроөнеркәсіп кешенін дамыту жолындағы барлық мақсат толық орындалады деген сенімдеміз.

Орынбасар АЛМАБЕКОВ,
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес АҚ облыс бойынша филиалының бас маманы.