Маңызды мәселерер қаралды

Уақыты: 10.10.2017
Оқылды: 1250
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Облыс әкімнің бірінші орынбасары Лаззат ТҰРЛАШОВ  басқарма басшылары мен орынбасарларының баяндамасын тыңдап, аудан әкімдерімен тікелей байланыс арқылы селекторлық кеңес өткізді. Жиында жол, өрт сөндіру қызметі, сот процесіне алқабилерді белсенді қатыстыру қажеттігі сөз болды.

ӨРТ МӘСЕЛЕСІ. Өрт оқиғалары, одан зардап шегу, шығынға ұшырау туралы статистикалық деректерді облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Юрий Чернышов келтірді. 2016 жылы облысымызда 1034 өрт оқиғасы тіркелсе биыл 324 оқиғаға көбейіп, 1358 жағдай тіркеуге алынған. Өрттен зардап шеккендер саны – 30 адам. Ал былтыр 46 адам болған. Адам өлімі былтырғымен салыстырғанда төмен. Мәселен, былтыр 22 адам көз жұмса, биыл 18 адам қаза болды. Материалдық шығындар көлемі – 150 млн. 281 мың теңге. Былтыр 103 млн. 077 мың теңгені құраған. «Облыстағы өрттің 70 пайызы жеке тұрғын үй кешендерінде орын алады. Өрттен қаза болғандардың көбісі газ жарылу, иіс тиюден ажал құшады. Жалпы 2012-2017 жылдар арасында облысымызда газ жарылу фактісі 82 рет тіркелді. Өрттің алдын алу шараларын жүйелі түрде жүргізіп жатырмыз. Болашақта облысымызда 111 өрт сөндіру орны мен алыс-жақынға арналған көліктер пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Бірқатар елді мекенде осы мәселе дұрыс жолға қойылмаған, солардың барлығын жаңартып, қалпына келтірмекпіз. Алдымызда жылыту маусымы келе жатыр, сол кезде арнайы рейд жүргіземіз»  – деп қорытты Юрий Анатольевич.  Облыс әкімінің бірінші орынбасары жыл соңында осы бір өзекті мәселе жөнінде тағы бір есеп беру қажеттігін ескертті.     
ЖОЛ ЖӨНІНДЕ. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Ғалым Дәрібаевтің баяндамасы облысымыздағы жол мен көлік қозғалысы жөнінде болды. Облысымызда жалпы пайдаланымдағы көлік жолының ұзындығы – 9 334 шақырым. Оның ішінде республикалық маңызы бары – 2 546 шақырым, ал облыстық маңызы бары – 6 788 шақырым. «2016 жылдың 14 қазанындағы облыс әкімінің қаулысымен «Қауіпсіз жол» іс-шаралар жоспары бекітіліп, сол бойынша бірқатар жұмыстар жүргізілді. Соңғы тоғыз айдың қорытындысы бойынша облыста 1 394 жол апаты тіркеліп, 280 адам көз жұмып, 1 872 адам әртүрлі жарақаттар алды. Тіркелген жол-көлік оқиғасының 457-і республикалық, 937-і жергілікті жолдарда болған. 2017 жылы облыстық маңызы бар автомобиль жолдарын жөндеу және күтіп-ұстау жұмыстарына 12 997,603 млн. теңге қарастырылып (909,771 млн. теңге – республикалық бюджет, 12087,832 млн. теңге – жергілікті бюджет), қазіргі уақытта жолдардың 10,8 шақырымына құрылыс және қайта жаңарту, 45,5 шақырымына және 3 көпірге күрделі, 214 шақырымына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Талдықорған көлік прокуратурасы, мемлекеттік кірістер департаменті, жергілікті полиция қызметі, сонымен қатар көлікті бақылау инспекциясымен келісімге келіп, тұрақты түрде рейд жүргізіп жатырмыз. «Қауіпсіз жол» қаулысының іс-шаралар жоспарын орындау мақсатында әлі де талай жұмыстың басын қайырамыз», – деп түйіндеді ол. 
АЛҚАБИЛЕРДІ ТАҢДАУДАҒЫ ҚИЫНДЫҚ. Бүгінде сот процесіне алқабилерді тарту, оларды жұмысқа шақыру қиын мәселеге айналып отыр. Жергілікті органдар кандидаттардың тізімін түзгенде көп ретте шалағайлыққа жол берді. Оның үстіне ел арасында алқабилер жөніндегі үгіт-насихат жұмыстары да дұрыс жолға қойылмаған. Осы аталған олқылықтарды баса айтқан облыс әкімнің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашов аудан әкімдеріне және осы іске міндетті қызметкерлерге тапсырма жүктеп, тез арада қорытынды шығаруды талап етті. 
Жыл басында облысымызда бес қылмыстық іс бойынша сот алқабилердің қатысуымен өтті. Бірақ сол бесеуіне де алқабилер толық жиналмаған. Тіпті біреуінде алқабилер іріктелмей қалып, екінші мәрте қайта шақырылған. Осы турасында баяндама жасаған облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Берікжан Байжүнісов: «Жергілікті органдар берген тізімдердегі көп адамның көрсетілген мекенжайда тұрмайтындығы анықталды. Тіпті бірнеше жыл бұрын көшіп кеткендердің есімдері кездескен жағдай да орын алды. Осындай жағдай Талдықорғанда көп кездесті. Алқабилерге үміткер 210 адамның 73-і көрсетілген мекенжайларында тұрмайтын болып шықты», – деді. 
ҚЫЛМЫСТЫҚ ІСТЕР ТУРАСЫНДА. Облысымызда қылмыстық істер қатары азаймай тұр. Жалпы 346 бейнебақылау камерасы орнатылған. Бұл өз кезегінде қылмысты дер кезінде анықтауға зор мүмкіндік беріп жатыр. Қылмыстық істердің көпшілігі ішімдік ішкендердің қатысуымен орын алған және басты айыпталушылар да солар. Облыстық ІІД жергілікті полиция қызметі басшысының орынбасары Шыңғысхан Сабыровтың баяндамасында айтылғандай «Ағымдағы жылдың тоғыз айында 206 тұлға мәжбүрлі түрде емдеу мекемелеріне орналастырылды. Қоғамдық орындарда мас күйінде жүрген 4532 тұлғаға қатысты әкімшілік хаттама толтырылды. Қабылданған шараларға қарамастан мас күйінде жасалатын қылмыс 5,2 пайызға өсіп отыр».  
Бұл басқосу басқа жиындармен салыстырғанда өзгеше өтті. Лаззат Махатұлы әр баяндамашының сөзін мұқият тыңдап, керек тұстарын түртіп алып отырды. Жыл соңында бұл есептердің өсіп не кемитіндігі анық. Сол тұста атқарылған жұмыс жайын тағы бір тыңдап, жылды қорытындылауды жоспарлады.

Серік ҚАНТАЙ.