Баспанамен қамтитын бағдарлама

Уақыты: 10.10.2017
Оқылды: 1282
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашовтың төрағалығымен селекторлық жиын өтті. Күн тәртібінде өңірімізде 2017 – 2021 жылға дейін «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасын жүзеге асыру және бағдарлама аясында банк есебінен тұрғын үйлерді 2017 жылы пайдалануға беру мәселесі қаралды.

Басқосуға облыстық сәулет және қалақұрылысы, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау, жер қатынастары басқармалары мен статистика департаментінің басшылары қатысты. Сондай-ақ, аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары, аудандық құрылыс, сәулет және қалақұрылысы, жер қатынастары бөлімдерінің басшылары, «Қазақстан Ипотекалық Компаниясы» ипотекалық ұйымы» АҚ, «ДАМУ» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ, «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ өкілдері де ойларын ортаға салды. Күн тәртібіндегі мәселелермен таныстырған соң Лаззат Махатұлы:
– «Нұрлы жер» бағдарламасын іске асыру маңызды міндет болып саналады. Ол үшін біз ипотекалық несиелендірудің қолжетімділігін арттыру, тұрғын үй салуды жекеменшік салушылардың қолға алуын ынталандыру, кредиттік тұрғын үйді тұрғын үй құрылыс салымдарының жүйесі арқылы салу, халықты жалдамалы баспанамен қамтамасыз ету және үлестік тұрғын үй құрылысын қолдау сынды тапсырмаларды тиянақты орындауымыз керек. Әсіресе, кредиттік тұрғын үй санын арттыруға күш салуға тиіспіз, – деп бағдарламада көрсетілген негізгі тапсырмаларды жіктеп көрсетті. 
Әрмен қарай «Қазақстан Ипотекалық Компаниясы» ипотекалық ұйымының өкілі Алмас Абишов атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Ол Алматы қаласы бойынша 74 жоба қолға алынғанын, ал Талдықорған қаласында тек 1 ғана жоба бар  екендігін тілге тиек етті. Өз кезегінде облыс әкімінің бірінші орынбасары ұйымға Алматы қаласының маңайында орналасқан аудандармен тығыз қарым-қатынаста болуын тапсырды. Өйткені, сол аудандарда тұрғындар саны көп әрі баспана қажеттілігі жиі туындайды. Лаззат Махатұлы келешекте «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы тұрғын үйлерді көптеп салу керектігін назарға салды. Сөйтіп, жаңа бағдарлама аясында баспана мәселесі 2021 жылға дейін өз шешімін таппақ.

Мәулен Әнербай.