Баға мөлшері бағамдалды

Уақыты: 10.10.2017
Оқылды: 1376
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Қымбатшылықтың кей кездерде жұртшылықтың әбігерін алып, халықтың ойын сан-саққа жүгіртетіні рас. Әсіресе, өткен аптада жанармайдың күрт қымбаттап кетуі көпшілікті дүр сілкіндірді. Қарапайым қисынға салсақ, өзімізде шығатын мұнайдың бағасы қалыпты болса, жанар-жағармайдың құны өспеуі тиіс. Алайда алыпсатарлықпен айналысатын топтар ел мүддесін өзінің бас пайдасынан төмен көретіндіктен бағаның өсуіне оп-оңай жол береді екен. Оған соңғы күндері базарлар мен сауда орталықтарындағы азық-түлік құнының қымбаттауы дәлел. Нарықтағы бағаның мөлшерін бағамдап, тиісті шешімдер қабылдау үшін облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашов арнайы рейд өткізді.

Құрамында облыстық ауылшаруашылық басқармасының басшысы Сексенбай Бекішев, облыстық кәсіпкерлік және индустриялды-инновациялық даму басқармасының басшысы Алимжан Тохтасунов, Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары Нұрлан Мәмбетжанов және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері бар топ облыс орталығындағы бірнеше базар мен сауда орталықтарына бас сұқты. Алдымен ашылғанына көп болмаған «ОтпМаркет» сауда орталығына барған жұмыс тобы жексенбі күні онда жұмыс жүрмейтінін білді. Сонымен қатар, мұнда өткізілген ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесіне қала тұрғындарының келмегені белгілі болды. Өйткені, халық әбден үйреніп қалған коммуналдық базардан сауда жасаған. Осыған орай әр сенбі күні бақша дақылдары әкелінетін коммуналдық базарға барған рейд мүшелері көкөніс пен жеміс-жидектің бағасымен танысты. Мұндағы картоптың бөлшек саудадағы құны 180 теңге болып тұр. Әдетте сенбі күндері жәрмеңкеде 80-100 теңгеге бағаланатын картоптың бағасы неліктен күрт көтеріліп кеткен деген ой бізді де мазалады.
Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары Нұрлан Мәмбетжанов:
– Екі арадағы делдалдықтың ықпалы азық-түлік бағасының өсуіне айтарлықтай әсер етуде. Жалғыз картоп емес, қызанақ, қияр, пияз, қырыққабаттың бағасы да дәл осылай көтеріледі. Арзанға алып, қымбатқа саудалаушылардың арқасында диқан жаз бойғы еңбегін арзанға сатуға мәжбүр, – деп делдалдықтың сырын ашқандай болды. – Өйткені, қолындағы өнімін тезірек өткізуді ойлайтын ауыл адамдары бақша дақылдарын егістік алқаптан сатып әкететін саудагерлерге бере салады. Соған байланысты делдал екі араға кеткен шығынының мөлшерін алған тауарға шағып жіберіп, картоп пен сәбізді өзінің бағасынан екі есеге артық саудалайды. Соның кесірінен базарлардағы баға құны көтеріліп, қарапайым халықтың түсінбеушілігін тудыруда. Шынын айтқанда, екі ортадан табыс тауып жүргендер жанашырлықты емес, керісінше, тұрғындардың қалтасын қағуды ойлайды. Бұл азық-түліктен бөлек киім-кешек, тұрмыстық заттарды сатушыларға да қатысты.
Бұдан соң коммуналдық базардың жанында «Смолл» сауда үйіндегі бағаны бақылап шыққандар қант пен ұнның бағасын нақтылады. Мұнда 1 сортты ұнның 10 келісі 600 теңгеден қойылыпты. Ал, қанттың 1 келісі 180 теңгеден бағаланыпты. Бұдан кейінгі бағаның құнын салмақтау «Дәулет» базарында жалғасты. Мұндағы сатушылардың айтуынша, картоп, сәбіз, қырыққабат, пияз сияқты көкөністер мен алма, алмұрт, бүлдірген секілді жеміс-жидектерді жеткізіп тұратындар сатуға тастап кетеді. Яғни, ақшасын сатылған соң ғана алады. Бір қызығы, өзімізде шығатын жұмыртқа соншалық қымбат болмауы керек еді. Алайда базарда 10 данасы 300 теңгеден сатылып жатқан жұмыртқа «Ақ құс» сауда маркасымен саудалайтын «Когер ЛТД» ЖШС-нің дүкенінде 250 теңгеден тұр. Осыған қарап, делдалдықтың баға тұрақтылығына әсерін байқауға болады. Бұдан соң сүт өнімдерін шығаратын «JLS Сүт» ЖШС-нің дүңгіршегіне бас сұққан рейд мүшелері ондағы бағаның қолжетімділігін байқады. Осыған орай облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашов «Когер ЛТД», «JLS Сүт» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің дүңгіршектерін көбейтуді, баға тұрақтылығын қамтамасыз ететін өзге де тетіктерді қарастыруды басқарма басшыларына тапсырды.

Мәди АЛЖАНБАЙ.