Қомақты қаржы тартылады

Уақыты: 10.10.2017
Оқылды: 1699
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Ұлы Жібек жолының бойынан орын тепкен Талдықорған қаласының даму мүмкіндігі мол. Мұндай пікір өңір орталығында тұңғыш рет өткізілген «Талдықорған инвест – 2017» халықаралық инвестициялық форумында айтылды. Игі бастаманы қалалық әкімдік пен облыстық кәсіпкерлер палатасы бірлесе ұйымдастырды. Шарада еліміз кәсіпкерлерімен қатар Түркия, Қытай, Оңтүстік Корея, Германия жəне Ресейден 70-ке жуық компания өкілдері бас қосты.

Шараға облыс әкімінің орынбасары Жеңіс Тұяқов, Талдықорған қаласының әкімі Бағдат Қарасаев, облыстық кәсіпкерлер палатасының басшысы Ләззат Шыңғысбаева, қатысты. Алдымен халықаралық және республикалық қаржылық ұйымдардың көрмесі ұйымдастырылып, кәсіпкерлер үшін кездесулер өткізілді.

Форум қатысушылары Талдықорған қаласының даму және инвестициялық мүмкіндіктері туралы фильмді тамашалады. Жиналғандарды облыс əкімі Амандық Баталовтың атынан Жеңіс Шылбынұлы құттықтап, облыстың даму динамикасы жөнінде мағұлмат берді.

– Соңғы жеті жылда облысқа тартылған инвестиция көлемауқымды. Біз өңірге инвестиция саламын деген кəсіпкерлерді қуана қарсы аламыз. Əрі оларға барынша қолайлы жағдай жасауға дайынбыз, – деді облыс əкімінің орынбасары.

Бұдан соң Бағдат Әбілмәжінұлы бизнес-салымшыларға қаланың инвестициялық мүмкіндіктерін таныстырды. Жаңа экономикалық ахуалдағы жаңарған қаланың даму жоспарына тоқталды. Әрі облыс орталығы үшін шағын және орта бизнестің қандай маңызға ие екенін атап өтті.

Бүгінде қала қазынасына түсетін алым-салықтардың 50 пайыздан астамын шағын және орта бизнес береді. Мәселен, биыл 9 айлық көрсеткіш бойынша аталған кәсіпкерліктен 8 млрд. теңге көлемінде салық түскен. Бұл былтырдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 75 пайызға жоғары. Қазірде аталмыш кәсіп түрі бойынша он мыңға жуық бизнес субьектісі бар. Оларда 26 мыңнан аса адам еңбек етуде. Жыл басынан бері шаһарда 15 жаңа кәсіпкерлік нысан ашылып, үш жүзден аса адам жұмыспен қамтылған.

– Талдықорған көршілес екі алып ел – Қытай мен Ресейдің көлік магистральдарына жақын орналасқан. Бұл экономикалық тұрғыдан өте тиімді. Қалаға ауылшаруашылығы алқаптары іргелес жатқан аймақтар да біз үшін маңызды. Біз олармен бірлесе жұмыс істеу арқылы ауылшаруашылығындағы негізгі бағыттарды жылдам дамытуға мүмкіндік аламыз. Әрі соның арқасында сапалы, экологиялық жағынан таза өнімдерді көршілес мемлекеттерге іркіліссіз экспорттап, шығарылатын тауар көлемін де тез ұлғайта аламыз, – деді қала әкімі. Бұдан әрі өңір орталығының кәсіпкерлік үшін тиімді саналатын өзге де артықшылықтарын саралай келіп:

– Бизнес үшін бізде барлық жағдай жасалған. Сондықтан барлық әлеуетті инвесторларды өз жоспарын біздің қаламызда жүзеге асыруға шақырамыз, – деді ол.

Әлеуетті инвестор демекші, шара аясында мұндай мүмкіндігі жоғары кәсіпкерлерге барынша қолдау көрсетіліп, жағдай жасауға ерекше көңіл бөлінетіні жеткізілді. Сондай-ақ, мемлекет пен жекеменшік әріптестік негізінде салынатын тұрғын үйлер мен өзге де әлеуметтік нысандарға инвестор тарту мәселесі де қарастырылды.

 Форумға қатысушы «Лунь Юань ЖЕТЫСУ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Янь Гуан Хуанның айтуынша, олар үшін бұл басқосудың маңызы зор. Аталған серіктестік бүгінде Жетісу жерінде 2,600 млн. доллар қаражатқа мал бордақылау алаңын салуды бастап кеткен. Қазақстанның жергілікті өнімі өндірілетін өндіріс алаңында 5000 – 10000 қой бордақылайтын арнайы алаң болмақ. Жоба сәтті жұмыс істеген жағдайда Қытай инвесторы ары қарай тағы бірнеше зауыт салуға мүдделі.

Осы ретте Ләззат Алтынбекқызы сөз алып, инвесторлардың облыс үшін маңызы жайында әңгімеледі.

Жиын соңында Бағдат Әбілмәжінұлының қатысуымен бес меморандумға қол қойылды. Нәтижесінде Жетісудың бас шаһарына құны 10 млрд. теңгеден астам инвестиция тартылмақ.

  Қозыбай ҚҰРМАН.