Қызылша алқабында қызу еңбек

Уақыты: 14.10.2017
Оқылды: 1150
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Өңірімізде қант қызылшасының өніміне деген сұраныс артып, облыстың, қала берді республиканың табыс көзіне айналып үлгерді. Күні кеше ғана Көксу қант зауыты алғашқы өнімдерін қабылдауды бастап, халық алқаптағы жиын-терінге қызу кірісті.

Солардың бірі – Көксу ауданы, Лабасы ауылдық округіне қарасты Талапты ауылындағы «Нурдымакун» жеке шаруа қожалығы. Жұмыстың жүру барысын бағамдай барған бізді шаруа қожалығының басшысы Қизат Абиров күтіп алып, бірден еңбегінің мән-жайымен таныстырды. Олар былтыр тек қана бес гектар жерге тәтті түбір ексе, биыл 22 гектар алқапқа қант қызылшасын отырғызып, бір гектардан 500-550 центнер өнім алуды жоспарлауда. 
– Келешекте егіс көлемін 40 гектарға дейін жеткізбекпіз. Бас-аяғы төрт техника бар. Тұрақты түрде 3 адамды жұмыспен қамтып келеміз. Ал науқан кезінде 30 шақты жалдамалы жұмысшыға ақы төлеп, өнім жинаймыз, – деген Қизат Нұрдымақынұлы мемлекеттен тұқым мен гербицидке субсидия алғанын айтты. Сондай-ақ, шаруасын өрге дөңгелету мақсатында «Жеті нар» несиелік серіктестік» ЖШС-дан дала жұмыстарына арнап 3,5 млн. теңге қаржы алған. Оны бір жылдың ішінде қайтарып береді. Еңбегі ретті болып жатса, келесі жылы қызылша қазатын техникалық құрал мен тағы бір трактор сатып алуды жөн көріп отыр. 
Лабасы ауылдық округі бойынша 300 гектар жерге 74 шаруа қожалығы қант қызылшасын еккен. Жоспар бойынша зауытқа 11 тонна тәтті түбір өткізбекші. Бізді тәнті еткені – егістік алқабындағы қызу тіршілік. Бірі қант қызылшасын сабағынан ажыратып жатса, бірі трактормен жүк көлігіне тиеу үстінде. Осындай көрініске куә болып, іс іргелі болуына тілектестік таныттық.

Мәулен Әнербай.
Көксу ауданы.