Қара отынға қолжетімді

Уақыты: 14.10.2017
Оқылды: 1157
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Облыс халқы тұтынуға қажет көмір қорының 90 пайызымен қамтылып отыр. Әзірге қара отын қарапайым халық үшін қолжетімді. Бұл туралы Талдықорған қаласының аумағында орналасқан теміржол бойы көмір қабылдау тұйықтарын аралап, ондағы мән-жайды көзбен көрген облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат ТҰРЛАШОВ айтты.

Шараның мақсаты да қысқы маусымға дайындықты тексеріп, ел аузындағы «көмір қымбаттап кетті» немесе «көмір тапшылығы болады» дейтін алыпқашпа сөздің рас-өтірігіне көз жеткізу. Осы ретте, Лаззат Махатұлы шаһар төңірегінде орналасқан 12 қойманы аралап, ондағы жұмыс жағдайымен танысты. Қазір олардың 8-і жұмыс істеп тұр. Қала бойынша қатты отынның мөлшері 140 мың тонна болса, 80 пайызы халықтың қоймасына жетіп үлгерген. 
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Әсет Қанағатовтың айтуынша, Балқаш және Сарқан аудандарында көмір жеткізуде аздаған қиындықтар бар көрінеді. Алайда, қазанның ортасына дейін бұл кемшілік өз шешімін таппақ.
– Кей адамдардың «қалада көмір жоқ» немесе «аймақтарда  қатты отын бағасы қымбат»  деп айтуының өз себебі бар. Бізге келетін көмірдің әр жолғы тасымал көлемі әртүрлі болатындықтан, сұранысқа байланысты аталған отын түрі кейде ерте таусылады. Бірақ, мұндай жағдайда қойма көп ұзамай толтырылады. Ал аймақтарда бағаның құбылуы – ол жерлерде теміржол бойына орналасқан қоймалардың жоқтығынан болып отыр, – дейді Әсет Серікұлы.  
Кәсіпкер Ахмадәли Омаров қазір өз сауда нүктесінде көмір тапшылығы жоқ екенін, күніне кемінде 3-4 вагон қатты отын жеткізіліп жатқанын айтты. Қазір де баға тұрақты. 
Осында бір ескеретін жайт – бүгінде халық қоймада сақталған көмірге емес, жаңа әкелінген өнімге сұраныс береді. Осыған байланысты облыс әкімінің орынбасары оларға қандай жағдай болсын тұтынушыларды үздіксіз отынмен қамтып, бағаны тұрақты ұстауды тапсырды.

Қ. ҚҰРМАН.