Қала құрылысының кеңесі

Уақыты: 14.10.2017
Оқылды: 984
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашовтың төрағалығымен Қалақұрылысы кеңесінің отырысы өтіп, онда өңірдегі құрылыс пен жаңғырту жұмыстарына қатысты 6 жоба қаралды.

Алғашқы болып Талғар ауданы, Бесағаш ауылындағы «Villa 96» коттеджді қалашық құрылысының жобасы таныстырылды. Жобада әрқайсысы 2 отбасына лайықталған 29 коттедждің, сонымен қатар балалар ойын және спорт алаңдарының, велосипед жолдарының құрылысы қарастырылған. Аумағы түгелдей абаттандырылып, көгалдандырылады. «ПКС «Архат – 2» жобалау ұйымының өкілі Анастасия Шестопалованың айтуынша, коттедждердің біреуін әкімшілік мақсатта пайдалану жоспарда бар. Сол ғимаратқа балабақша, дәріхана орналастыруды қолға алуға болады.
Сонымен қатар, Қарасай ауданы, Қаскелең ауылдық округінде «Бибі Айша» тұрғын үй кешені құрылысының жобасы таныстырылды. «АБ-М» ЖШС өкілі Қамбар Өстеміров жоба аясында 312 пәтерлі 13 алты қабатты үйлер салынатынын жеткізді. Мұнда бір және екі бөлмелі пәтерлер, 3-ші класты үйлер орналасады. Тұрғын үй кешені тұрғындарының саны шамамен 800-дей адам болады деп күтілуде. 
Кеңес барысында Панфилов ауданы, Нұркент кентінде 100 нөмірлі қонақүй, Алматы қаласының батыс кіреберісіндегі құрылыс материалдарының гипермаркеті мен сауда кешенін салуға 18 млрд. теңге инвестиция тартылып, 2 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуға  мүмкіндік беретіндігі сөз болды. Сол қатарда «Қорғас» ХШЫО-ның жобасына енгізілген өзгерістер жұрттың көңілінен шығатындығы белгілі болды. Бұл жайлы «Урбостиль» ЖШС директоры Любовь Нысанбаева баяндап берді. 
Жалпы, осы жолғы қаралған барлық жоба сарапшылар жағынан мақұлданды. Олар келесі жылы көктемде құрылыс жұмысын жүргізбек.

Қ. ОМАРАҚЫН.