Балық өсірудің берері мол

Уақыты: 17.10.2017
Оқылды: 1367
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Балық шаруашылығы жыл өткен сайын дамып келеді.  Десек те бұл салаға мемлекет тарапынан серпінді қолдау қажет. Балық шаруашылығының дамуының Қазақстан үшін маңызы жоғары. Біріншіден, еліміз теңіздер мен мұхиттарға шыға алмайды, екіншіден, балық еті бізде ғана емес, шетелде де үлкен сұранысқа ие. Үшіншіден, балық еті адам денсаулығына пайдалы, одан жасалатын өнімнен де түсім мол.

Іле өзені мен Қапшағай су қоймасы елдегі балық ауланатын ірі су қоймаларының бірі. Қапшағай уылдырық шашу-өсіру шаруашылығы Еңбекшіқазақ ауданына қарайтын Шалқар ауылында орналасқан. Бұл шаруашылық Қапшағай су қоймасында су электр стансысының салынуына байланысты балықтардың өз еркімен уылдырық шашып жетілуіне кедергі болғандықтан салынған. 1973 жылы іске қосылған шаруашылықтың жалпы көлемі 720 гектар, елуге жуық тоғандары бар үлкен аймақ. Жыл сайын мемлекеттік тапсырыс бойынша Қапшағай су қоймасына шабақтар жіберіліп отырады. ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрлігі Балық шаруашылығы комитетінің ұдайы өндіріс кешенінің кәсіпорындары балықтандыру жұмыстарын балық ресурстарын және басқа да су жануарларын сақтау және өсімін молайту жөніндегі бюджеттік бағдарлама аясында жүргізеді. Шаруашылық тоқырау кезеңін бастан өткерсе де, сақталып келген. Биыл мекеме жекеменшікке өтіп, жауапкершілігі шектеулі серіктестікке айналып отыр. 
Облыстық аумақтық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясы басшысының орынбасары Аян Бахияновпен аталмыш шаруашылыққа барып, күзгі уылдырық шашу жұмыстарының жайын көзбен көріп қайттық. Мекеменің жаңа басшысы Жансая Бекет, Қазақстанның ғылыми зерттеу институтының қызметкері Елена Данько бастаған мамандар жиналды. Шаруашылықтың бас маманы Болат Дүйсалиевтің айтуынша, биыл Қапшағай су қоймасына 8 млн.-нан аса шабақ жіберіледі. Бірінші тоғаннан жиналған шабақтарды өлшеп сараптағанда, өсіп-жетілуі жаман емес дейді мамандар. Орта есеппен салмақтары 20-27 грамды құраған. 
– Бұл бір жылдық нәтиже. Егер екі жыл өсіріп дамытсақ, салмағы 600 грамға дейін жетілмек. Мұндай салмақпен тұқы, дөңмаңдай, ақ амур асырауға қолайлы, шығыны аз, су талғамайды, биыл сапасы жоғары, тіршілік етуге бейімді. Мәселен, ірі қараны өсіру үшін екі жыл уақыт кетеді. Ал, балықтың өсу мерзімі өте қысқа. Жабық су қоймаларында сазан аналығын гипофиз гармонын салу арқылы бір жылда екі рет уылдырық шашқызуға болады. Бір аналық 2 млн. уылдырық тастаса, шамамен 150 мыңы тірі қалады. Яғни, мұндай көрсеткішпен 70 мың балық өсіп шығады, – дейді Елена Данько. 
Бірінші партиямен 600 бас шабақ тиеген автоцистерна жүк көлігімен Қапшағай су қоймасының Балтабай стансысына жеткізіліп, суға жіберілді. Бір тоғаннан балық аулаудың өзі бір күндік уақытты алады екен. Ал, барлық тоғанның жұмысы кемінде бір айға созылмақ.  
– Күн бұзылып, жауын-шашынға ұрынбай тұрғанымызда жұмысты сәтті аяқтасақ деп отырмыз. Балықты қолдан өсіру үшін экономикалық тиімділігі жоғары технологиялар әзірленген. Егер технологияның барлық талабы ескеріліп, қажетті температура мен дұрыс қорек жасалса, балық тез өсіп шығады. Отандық және шетелдік сұранысқа ие балықтарды өсіп-жетілдіруді мемлекеттің көмегімен алға жылжытсақ дейміз, – дейді жаңа басшылық.   
Жекеменшікке өткен мекеме алғашқы жылдағы жұмыстың жүріп жатқанын айтып, келер жылдан да үмітті екенін білдірді. 
Қарап отырсақ, елімізге Ресей, Қытай, Норвегия секілді елдерден түрлі консервілер, мұздатылған күйде балық сүбесі, уылдырықтар мен теңіз балығы, асшаяндар тасымалданады. Соңғы жылдардың көрсеткіші бойынша импортталған балық өнімдерінің көлемі 47 мың тоннаны құраған. Отбасы денсаулығын сақтау үшін де бізге импорттан гөрі отандық балық өнімдерін пайдалану тиімді болмақ.

Мақпал МЫСА.

Қапшағай қаласы.