ҚАНТ ТАПШЫЛЫҒЫН БОЛДЫРМАУ ҮШІН КЕШЕНДІ ЖОСПАР ӘЗІРЛЕНДІ - ҮКІМЕТ

Уақыты: 02.09.2022
Оқылды: 1277
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Селекторлық режімде өткен Үкімет отырысында Қазақстан Республикасының 2023-2027 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы, «2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы», «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2023-2025 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» Заң жобалары қаралып, алдағы 3 жылға арналған республикалық бюджеттің жобасы мақұлданды.

Отырыста қаралған заң жобаларына ашық дауыс беру арқылы қолдау танытқан министрлер одан соң еліміздегі қант жетіспеушілігін болдырмау шаралары нәтижесін талқылады. Тақырыпқа орай Үкімет басшысы:

– Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және нарықты отандық өнімдермен толықтыру – біздің стратегиялық міндетіміз. Қалыптасқан жағдай кейбір тауар позициялары бойынша, әсіресе, қант нарығында проблемалардың бар екенін көрсетті, – деп мәселенің өзекті екенін ұғындырды. – Біз қант тапшылығы мен оның қымбаттауына қатысты халықтың наразылығын көріп отырмыз. Бұл жөнінде Мемлекет басшысы тарапынан да әділ сын айтылды. Осыған байланысты аталған саланы дамыту бойынша кешенді жоспар әзірленді. Біздің алдымызда, бірінші кезекте, қант зауыттарын отандық шикізатпен қамтамасыз ету міндеті тұр. Ол үшін егіс алқаптарын 11,5 мыңнан 38 мың гектарға дейін, яғни, 3 есеге арттыру жоспарланып отыр. Бұл алдағы 5 жылда отандық шикізаттан қант өндіру көлемін жыл сайын 250 мың тоннаға дейін жеткізуге мүмкіндік береді. Бұған қоса, қант зауыттарын барынша жаңғырту және олардың өндірістік қуатын арттыру қажет. Жалпы, қантпен қамтамасыз ету жағдайы тұрақталды. Қанттың қажетті қоры бар. Өңірлерде дүрлігуге жол бермеу қажет. Сондықтан қант бағасына қатысты түрлі манипуляциялардың алдын алып, алыпсатарлық әрекеттер мен қажетсіз делдалдарды анықтау қажет.

Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев өңірдегі қант қызылшасына қатысты мәліметтерге тоқталып, биыл облыста 6,0 мың гектарға салынған тәтті түбірден 210 мың тонна өнім алу жоспарланып отырғанын, өңірдегі Көксу және Ақсу қант зауыттары биыл 85 мың тонна қант өндіретінін, оның 25 мың тоннасы қант қызылшасынан, 60 мың тоннасы қамыс құрағынан алынатынын жеткізді.

– 2026 жылға дейін егіс алқабын 15 мың гектарға және жалпы түсімін 525 мың тоннаға дейін ұлғайту жоспарлануда. Сонымен қатар, қант зауыттарын жаңғырту көзделуде. Көксу қант зауытында қызылшаны қайта өңдеу қуаттылығын 2 есе ұлғайтып, Ақсу қант зауытында қант құрағын қайта өңдеу желісін толық іске қосып, жаңа қойма салу қолға алынуда, – деген Бейбіт Өксікбайұлы, межелеген міндеттерге тоқталып өтті. – Нәтижесінде, 2026 жылға дейін қызылша мен қант құрағынан өндірілген қант көлемі 190 мың тоннаға дейін ұлғаятын болады. Оның сыртында, Жаркент крахмал-сірне зауытын жаңғырту есебінен өнеркәсіптік мақсаттарға пайдаланылатын шәрбат өндірісі артады.

Жалпы, облыста аталмыш салаға жан-жақты мемлекеттік қолдау көрсетілуде, атап айтқанда, 420 техникамен жабдықталған 19 сервистік-дайындау орталығы құрылды. Шет елдік селекция мен отандық өндірістің тұқымдарын жеткізу жолға қойылды. Көксу қант зауыты тарапынан фьючерстік келісімшарт негізінде шаруашылықтарға көктемгі дала жұмыстарына қажетті материалдық шығындарға қаржылай қолдау көрсетілді. Өткізілген қант қызылшасының сатып алу бағасы тоннасына 22 мың теңгеден 30 мың теңгеге дейін көтерілді.

Әкімнің айтуынша, қант саласын дамытуға қажетті суару жүйелерін жаңғырту арқылы 8 мың гектар жерді сумен қамту жұмыстары жүргізіліп, су үнемдеу технологияларын пайдалану көлемін 5 мың гектарға ұлғайту, өнімділікті арттыру үшін егістіктерге минералды тыңайтқыштарды енгізу жұмыстары атқарылды. Сондай-ақ, қант қызылшасына берілер субсидия мөлшерін республикалық бюджет есебінен 10 мың теңгеге, яғни тоннасына 15 мыңнан 25 мың теңгеге дейін көтеруді сұраған Б.Исабаев диқандар үшін субсидияның аса өзекті екенін ұғындырды.

Айтылған ұсыныстар мен пікірлердің ескерілетінін жеткізген Үкімет басшысы қант тапшылығын болдырмау күн тәртібінен түспейтінін баса айтып, Ауыл шаруашылығы министрлігіне, облыс әкімдеріне тапсырма жүктеді.

Мәди АЛЖАНБАЙ

Жетісу облысы