ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ БАЛЫҚ ӨСІРЕТІН ШАРУАШЫЛЫҚТАРДЫ КӨРДІ

Уақыты: 08.09.2022
Оқылды: 1411
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Алматы облысы әкімінің орынбасары Арслан Дәндібаев Еңбекшіқазақ ауданына іссапармен барып, балық өсірумен айналысатын шаруашылықтардың жұмысымен танысты.

Ең алдымен ол Тескенсу ауылдық округіндегі «Halyk Balyk» ЖШС-на ат басын бұрды. Аталған шаруашылық кезінде көптеген табыстарға кенелген. Кейін қоғам өзгеріп, өндірістік қатынастар жеке меншікке айналған кезде, мұндағы басшылық қолдан-қолға өтті. Алғашқы иесінің кім болғаны қазір ешкімнің есінде жоқ. Соның салдарынан талай мүмкіндіктер игерілмей қалды. Енді бұл жұмысты «Halyk Balyk» ЖШС қолға алып отыр. Олардың өндірісті қайта өркендетеміз деген құлшыныстары көңіл қуантады. Десе де, кәсіпкерлерге қазір  мемлекеттік қолдау ауадай қажет.

Аталған шаруашылықтың жалпы аумағы – 3221 гектар. Соның 1000 гектардан астамы су айдыны. Мұнда 30 тоған бар. Тоғандар жаздық және қыстық болып екіге бөлінеді. Шаруашылық ақ амур, сазан, бахтах, тұқы, дөңмаңдай және «Қызыл кітапқа» енген бекіре балықтарын өсірумен айналысады.

Облыс әкімінің орынбасары Арслан Момышұлы компанияның бүгінгі ахуалын жан-жақты саралады. Инкубациялық цехты, зертханалардағы жұмыс үдерістеріне көз салды. Мамандармен пікірлесті.

Шаруашылық директорының орынбасары Мейрамбек  Пазылбековтың айтуынша, мұндағы басты мәселе – су тапшылығы. Бүгінгі таңда айдындар құрғап барады. Ащысай және Лавар өзендері арқылы келетін су жеткілікті мөлшерде емес. Өйткені, егіншілікпен айналысатын тұрғындарға да су керек.Сондықтан осы мәселе оң шешімін тапса деген ұсыныстар айтылды.

Бұдан кейін жұмыс тобы Қырбалтабай ауылдық округінде орналасқан «Қапшағай НВХ-1978» деп аталатын балық шаруашылығын аралады.

– 2018 жылы шаруашылықты сатып алдық. Күні бүгінге дейін қалыпқа келтіру жұмыстарын жүргіздік. Қазіргі таңда екі тоғанды тазарттық. Бұл жұмыстарға 60 миллион теңге қаражат жұмсалды. Тағы да осындай 6 тоғанымыз бар. Олардың бәрін тазалауға қаражат жетіспей тұр. Сондықтан мемлекет тарапынан қолдау көрсетілуін сұраймыз, – дейді шаруашылық директоры  Абай Шәдибеков.

«Егер жоғарыда айтылған барлық тоғандар іске қосылса, жылына 300 тонна тауарлы балық пен 5 миллионға жуық шабақ өсіруге мүмкіндігіміз бар» дейді мамандар.

– Үкімет балық шаруашылығын дамытуға ден қойып отыр. Соның нәтижесінде 2021 жылы облыс бойынша жылына 6 мың тонна балық өсірілді. Биыл оны 8 мың тоннаға жеткіземіз деген жоспарымыз бар. Бүгінгі сапарымыздың мақсаты – аймақтағы балық шаруашылықтарының жұмыстарын көзбен көріп, көңілге түйіп қайту болатын. Бұл жерде шешімін таппаған бірқатар мәселелер бар екен. Соларды назарға алып, тиісті орындарға жеткізетін боламыз, – дейді Алматы облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қанат Нүсіпбаев.

Балық шаруашылығының ертеңіне сеніммен қараған жөн. Себебі, мемлекеттен алатын көмектерін, беретін өнімдері арқылы еселеп қайтаруға қауқары болатыны болжанды. Олар ішкі тауар айналымына белсене қатысумен бірге, сыртқы экспортты да қамтамасыз етуге үлес қоспақ. Біз балықшы мамандардың ой-пікірлерінен осыны аңғардық. Облыс әкімінің орынбасары Арслан Дәндібаев аталған саланың өркендеуі басты назарда болатынын айтты.

Болат МӘЖИТ

Еңбекшіқазақ ауданы,

Алматы облысы