ТУРИЗМ ДАМИДЫ. АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ ЧЕХИЯ ЕЛШІСІМЕН КЕЗДЕСТІ

Уақыты: 03.11.2022
Оқылды: 1185
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Алматы облысының әкімі Марат СҰЛТАНҒАЗИЕВ Чехияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Рудольф ГИКЛДІ қабылдады. Бұл туралы Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Кездесу барысында тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастық, ауыл шаруашылығы, білім беру және денсаулық сақтау салаларындағы екіжақты қатынастар талқылады.

Чехия Елшісі атап өткендей, 1993 жылдың 1 қаңтарында біздің елдер арасында дипломатиялық қатынастар орнаған. 2021 жылғы екіжақты тауар айналымының көлемі 252,7 миллион АҚШ долларын құрады. Сонымен қатар, Чехия қазақстандық студенттердің Еуропада білім алуы үшін танымал бағытқа айналды, бүгінде онда білім алушы адамның жалпы саны шамамен 2,5 мыңға жеткен.

Өз кезегінде облыс әкімі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Қонаев қаласында Академиялық қалашық құрылатынын және осы ауқымды жоба аясында аграрлық салада мамандар даярлау үшін Чехия Республикасының жоғары оқу орындарының филиалдарын ашуды көздейтінін атап өтті. Жекелеген тараптар агроөнеркәсіп саласын дамытуды талқылап, мал шаруашылығы, жемшөп базасын дайындау және селекцияға қатысты ойларын ортаға салды.

Марат Сұлтанғазиев Елшіге Ұйғыр ауданындағы ыстық су базасында туризмді дамыту мәселесін пысықтауды ұсынды. Ол үшін облыс әкімдігі жылу көздеріндегі су құрамына толық талдау жасауға дайын екендігін жеткізді. Алдағы уақытта Чехиялық кәсіпкер Шонжыда заманауи демалыс аймақтарын ашуға қызығушылық танытуы мүмкін.

Рудольф Гикл кездесуде Алматы облысының көрікті жерлеріне барғанды ұнататынын атап өтті. Ол көбінесе «Көлсай көлдері» ұлттық паркіне және Шарын шатқалына баратынын айтты.

- Қазақстан мен Чехия арасындағы екіжақты қарым-қатынастың қарқынды дамуының арқасында болашақта сауда-экономикалық байланыстарды дамытуға болады, - деп қорытындылады Елші.

Кездесу соңында Рудольф Гикл облыс әкіміне жылы қабылдағаны үшін алғысын білдірді.

"АЛАТАУ-АҚПАРАТ"