АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА БИЫЛ 30 АДАМ ТАБИҒИ ГАЗДАН УЛАНҒАН - ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙ

Уақыты: 03.11.2022
Оқылды: 1206
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Қонаев қаласында ағымдағы жылыту маусымы және пеш қолдану кезіндегі қауіпсіздік ережелері тақырыбында арнайы баспасөз мәжілісі өткізілді.

Шарада Алматы облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Александр Рау баяндама жасап, өңірде қысқы маусымда жылу жүйелерін дұрыс қолдану, техникалық қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау міндеттемелері бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілгенін айтты. Алайда тұрғын үйлерді аралау барысында 500-ге жуық өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу фактісі анықталған. Аталған қауіптіліктің алдын алу бойынша бүгінде нақты ұсыныстар енгізілген. Бұдан бөлек, жылу жүйелерін қауіпсіз қолдану бағытында телеарна мен газет-сайттарда, әлеуметтік желілерде арнайы материалдар әзірленіп шығарылған.

Департамент өкілінің мәлімдеуінше, Алматы облысы бойынша жылыту маусымы кезінде 41 өрт оқиғасы тіркелген. Өрттің тұтануына негізінен электр желісінің тұйықталуы, пеш мұржаларының бітелуі себеп. Жылыту маусымы қосылған екі аптаның ішінде Алматы облысында ыстан улану дерегі байқалмаған. Бірақ департамент өкілі басқа қауіптің барын алдыға тартты.

- Қазіргі таңда өңірде қатты отынмен жылытылатын үйлер саны азайып келеді. Алайда бұл өрттің қаупін төмендетпейді. Есесіне, табиғи газдан улану қаупі артып отыр. Мәселен, биылдың өзінде 30 адам көгілдір отыннан уланған, оның 8-і - балалар. Табиғи газдан уланудың салдары мен себептерін болдырмау қажет. Бүгінде осы мақсатта тұрғын үй инспекциясына өз міндетін дұрыс орындамайтын сервистік компанияларға шара қолдану туралы хаттамалар жолдадық, - деді Александр Петрович.

Баспасөз мәжілісінде облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы энергетика және энергия үнемдеу бөлімінің бас маманы Ержан Әділет сөз алып, жылыту маусымының жұмысынан хабардар етті. Бас маманның сөзіне сүйенсек, биыл облыста 6-9 шақырым жылу желісіне күрделу жөндеу жүргізілген. Қазіргі таңда 6 мың тонна қатты отын қажет. Оның басым бөлігі облыстағы тұйықтарға тасымалданып қойған. Жалпы, облыс аумағында 27 көмір түсіретін тұйық бар. Өкінішке қарай, кейбір аудандарда көмір тұйықтары жасақталмаған. Бірақ бұл мәселе тұтынушыларға кедергі келтірмейді.

Басқарма өкілі өз сөзінде биыл көмір тапшылығы мәселесі туындамайтынын, бұл бағытта жұмыс жоспарға сай атқарылып жатқанын жеткізді.

Қуаныш ТҰНҒАТАР

Фото - автор

Қонаев қаласы,

Алматы облысы