ФЕРМЕРЛЕР ӨТІНІМ БЕРУДЕ

Уақыты: 13.02.2023
Оқылды: 1099
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Елде көктемгі науқанға бюджеттік несие беру жалғасуда. Биыл «Кең дала» бағдарламасы бойынша көктемгі егіс және егін жинау жұмысын қаржыландыруға республикалық бюджеттен 140 млрд. теңге бөлінді.

«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, өтінімді қабылдау басталған күннен 9 күн ішінде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерден барлығы 48 млрд. теңгеге 1 мың 211 өтінім түскен. Құжат жинауға кіріскен фермерлер де аз емес. «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, қаржыландырудың көп бөлігі – 5,8 млрд. теңге несие серіктестіктері арқылы берілген.    
Микроқаржы ұйымдары арқылы фермерлер 800 млн. теңге рәсімдепті. Биыл несие алуды жеңілдету және жеделдету мақсатында аграрлық несие корпорациясы қаржыландыруды тек несие серіктестіктері, екінші деңгейлі банктер және микроқаржы ұйымдарын қорландыру арқылы жүзеге асыруда. Агроөнеркәсіп субъектілері үшін сыйақы мөлшері жылдық 5 пайыздан аспайды.
Бұл қаражат жанар-жағармай, ауыл шаруашылығы техникасын жөндеуге қажетті қосалқы бөлшектер, минералды тыңайтқыш, тұқым сатып алуға және егін егу мен жинауға арналған өзге де іс-шараға жұмсалуы тиіс.
 Айта кетейік, өткен жылдан бастап бағдарлама шарты бойынша алғаш рет несиелеу мерзімі келесі жылғы көктемінің басына дейін ұзартылды. Ал бұрын несиелеу мерзімі қаржыландыру жылымен шектелген болатын. Сонымен бірге, оңтүстік аймақтар алғаш рет өткен жылдардағыдай сәуір айында емес, алдын ала, яғни былтыр желтоқсанда қаржыландырылған. Сондай-ақ, 1 гектарға жұмсалатын шығыстар нормативінің мөлшері орта есеппен 25 пайызға ұлғайтылды. Несиелеу бойынша толық ақпаратты Аграрлық несие корпорациясының облыстық филиалдарында немесе www.agrocredit.kz сайтынан алуға болады. 

Айгүл БАЙБОСЫНОВА
Сурет ғаламтордан алынды