ҚАЙДАСЫҢ, ҚАЙТАРЫМСЫЗ ГРАНТ?

Уақыты: 14.02.2023
Оқылды: 1868
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Несін жасырайық, бүгінгі таңда шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау, тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсарту, ауыл және мал шаруашылығы, жастардың жаңа жобаларын қолдау, тағы да басқа сан түрлі бағдарлама бар. Соның ішінде жаңа кәсіп бастаймын деген белсенді тұрғындарға көмек болатын қайтарымсыз гранттардың да қатары көп. Алайда жерлестеріміз сол көмектен толық игілік көріп жүр ме?

Күнгейі

Қазіргі таңда қай елдің кәсіпкерлігі, соның ішінде шағын және орта бизнес саласы өркендесе, сол ел қуаттылықтың өлшеміне айналуда. Өйткені қазіргі әлем жаһанданудың жалпы қағидасына бағынып отыр. Еліміз де геосаяси әлемде өмір сүретіндіктен бұл заңдылықтан тысқары қала алмайды. Сондықтан мемлекет ұлттық экономиканың өзгелерге тәуелділігінен қорғау үшін бар мүмкіндікті пайдаланып, шағын және орта бизнес субъектілерін қаржыландырып, тыңғылықты жұмыстарды атқарып келеді. 
Несін жасырайық, нарықтық экономика экономикалық тұрғыда тезірек аяғымыздан тұрып кетуге, кәсіпкерліктің әдіс-тәсілін меңгеруге мүмкіндік берді. Сол қатарда мемлекет тарапынан жасалған қолдаудың нәтижесінде, отандық кәсіпкерліктің бәсекелестік қабілеті артты. Кейінгі 10 жылдың көлемінде еліміздегі шағын және орта бизнес өкілдері көптеген отандық және ұлттық тауар маркасын ойлап тапты. 
Кәсіпкерліктен кемелді жол табу азаматтардың сауаттылығы мен іскерлігі, еңбексүйгіштігімен тікелей қатысты. Халқымызда: «Жас келсе іске» деген нақыл бар. Бүгінгі жастар қолданылмалы техниканы толық біледі, инновациялық бағытта жұмыс істей алады, қолға алған әр бастамасынан үлкен нәтиже шығаруға күш-қуаты жетерлік. Оның түрлі жарқын көрінісіне куә болдық. Мемлекеттік гранттардың көмегімен жұмысын жүргізіп, шаруасын шалқытып отырған кәсіпкерлердің өнегелі жетістігі туралы газетімізде көптеген материал жазылды. Әлі де жазылып келеді. Бұл өткен жылдардың жетістігі. Бүгінде мұндай қолдаудың жаңа түрлері жұртшылықтың ықыласын аударуда.
Өткен жылдың 1 қыркүйегінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кезекті Жолдауында жүктелген бастамалары «Жастар-дың кәсіпкерлік үшін 2,5 пайыз жеңілдетілген микрокредит беру» тапсырмасын орындау мақсатында ағымдағы жылы Жетісу облысы бойынша 1 млрд. 245 млн. теңге көлемінде 249 микрокредит беру жоспарланған. Ол алдағы наурыз айында үлестіріле бастайды. Оны беру тәртібі Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің өткен жылғы 7 ақпандағы №47 бұйрығымен «Кәсіпкерлік бастамашылыққа жәрдемдесу жөніндегі шараларды ұйымдастыру және қаржыландыру қағидаларында» (бұдан әрі – Қағида) көрсетілген.
Қағидаға сәйкес, жас үміткерлерге мерзімді, ақылы, қайтарымды, қамтамасыз етілу, нысаналы пайдалану қағидаттарын сақтай отырып, түрлі салаға 5 жылға, ал ауыл шаруашылығындағы жобалар үшін 7 жылға дейін шағын несие беріледі. Оның ең жоғарғы сомасы 5 миллион теңге. Орташа мөлшерлемесі 2,5 пайыздан аспайтын несие беру атқарыла бастады. Әрине, бұл талай адамның бағын ашып, кәсіппен айналысуына ықпал етеді.

Көлеңкесі

Халқымызда: «Алмақтың да салмағы бар» дейтін нақыл бар. Әрине, қайтарымсыз грант берудің пайдалы тұсымен қатар, байыптап ойлайтын қиындықтары да көп. Гранттар үміткерлер талабын үкілеп комиссияның алдына жеткенде әрқандай инновациялық жоба жергілікті жерде қолдау таба ма? Жоқ па? Өндірген өнімінің базардағы сұранысы бар ма? Өзге бәсекелестерінің алдында табан тіреп тұра ала ма? Осындай сан сауал алдынан көлденеңдей кетеді. Жоба қорғаушылардың дені: «Тек ақша қолға тисе, керекті құрал-жабдығын сатып алып, тау қопарып, жер көшіремін» деген үміттің алдауымен бәсекеге бас сұғады. Әйтсе де, бұл кезең сөздің емес, істің, іскерліктің дәуірі. Ыстық-суығын көріп, отымен кіріп, күлімен шығып, бір сүрініп, бір тұратын жұмыс барысынан өтпеген кәсіптің болашағы да баянды болмайтыны белгілі. Тіпті, байқауға жобасын ұсынған кейбір үміткер тілді-жақты асаба жігіттерді де жалдап әкеледі. Тойдың тонын аударып жүрген жігіттер кәсіпкерліктің қиындығы мен қыспағын қайдан білсін? Өкінішке қарай, біз қазір ине де өндіре алмаймыз. Демек, біздің жастар әлі де құр қиялмен өзен сапырып жүр. Соның салдарынан мемлекеттің қаншама қаржысы селге кетіп жатыр. Сондықтан, ең алдымен кәсіпкерлікпен айналысам деген азамат кәсіби сауатты болуы керек. Өкінішке қарай, біздің елде бизнестің құпиясын, кәсіпкерліктің қыр-сырын оқытатын бірді-екілі колледж болмаса, арнайы жоғары оқу орны жоқ. Бар деген күннің өзінде олардың аудиториясы тым жұтаң. 
Біз әдетте: «Мал терісінің құны жоқ, қойдың жүнін қайда апарарымызды білмейміз» деген сөзді жиі естиміз. Расында, Кеңес одағы кезінде Қазақстан қойдың жүні, терісімен-ақ шартарапты таңғалдырған. Сол күндер неге көзден бұлбұл ұшты? Оның бірнеше себебі бар. Біріншіден, қазір шетелдердегі киім-кешек өндірісімен айналысатын кәсіпорындар өзіндік құны жоғары қой жүні мен малдың терісінен гөрі, бағасы арзан синтетикалық материалдардан өнім өндіруді қалайды. Адамдар таза тері, майда жүннен өндірілген киім-кешектерді бағасына қарамай-ақ сатып алар еді, базардан таба алмайды. Демек, жүн мен теріні өңдеп, сапалы тауар өндірсек, сұраныс болады. Бірақ оны өңдеп, шикізат шығарып, саудаға салу мақсатында мемлекеттен берілетін қайтарымсыз гранттарға ұмтылғанмен, олардың өндіріс орнын ашуға рұқсаты болмағандықтан жобалары өтпей жатады. Тіпті, біздің елде «тері мен қой жүнін өңдеуге болады» дейтін сертификат беретін оқу орны да жоқ. Ондай сертификаты жоқ адам, сол тірлікпен айналыса да алмайды. 
Мемлекеттен берілетін қайтарымсыз гранттардың кейбірі телефон арқылы шешіліп жатады. Сондай грантқа қатысатынның көбі мықты-мықты орындықта отырғандардың жақыны болып шығатынын да жасырмаймыз. Соның салдарынан ауылдағы ағайын гранттан қағылып қалады. Ауыл аралап, жер шалып жүргенде кейбір ауылдастардың мемлекет тарапынан берілетін қайтарымсыз гранттарды жаңалықтардан естімесе, бірде-бір тұрғыны грант алып немесе грантқа қатысып көрмегенін көп естідім. Демек, оның қызығын қала маңындағылар көріп келеді. Ең қызығы, жетім-жесір, көпбалалы ана, тұрмысы нашар отбасыларға бағытталған гранттарға астында жүйткіген көлігі, басында үйі, күніне табыс әкелетін жұмысы бар азаматтардың таласып жататыны да шындық. Нысап қайда кетті?

Басында айтқан, ауыл мен мал шаруашылығын қолдауға бағытталған 2,5 пайыздық несие алсам деп шаруасын қайырып қойып, қабат-қабат құжатын көтеріп, сабылып жүргендердің қатары көбейіп келеді. Бұл бағыттың күнгейі мен көлеңкесі жайлы әлі де оқырманмен ой бөлісеміз.

Қажет АНДАС