Кәсіпкер қайтарымсыз грантты қандай мақсатқа жұмсай алады

Уақыты: 08.08.2023
Оқылды: 690
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Астана қалалық Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Қуаныш Сапаров кәсіпкер қайтарымсыз мемлекеттік грантты қандай мақсатқа жұмсай алатынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қайтарымсыз мемлекеттік гранттар Үкіметтің 2019 жылғы 31 желтоқсанда бекітілген Кәсіперлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасы аясында «жаңа бизнес идеяларды іске асыруға мемлекеттік гранттар беру» қағидасы негізінде беріледі. Биыл сәуір айында осы қағидаға бірқатар өзгеріс енгізілді. Енді грантқа тіркелгеніне үш жыл болған жеке кәсіпкер және республикалық тізілімге енгізілген әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілері ғана қатыса алады», - деді Қуаныш Сапаров Астана қаласының коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Басқарма өкілінің айтуынша, конкурсқа қатысу үшін: кәсіпкермен мемлекеттік грант көлемінің кемінде 20 пайызы мөлшерінде, оның ішінде бизнес-жобаға қатысатын жеке жылжымалы немесе жылжымайтын мүлікпен қоса қаржыландыруы, жаңа жұмыс орындарын құру, кәсіпкердің бизнес-жобасында инфрақұрылымның болуы және жобаны іске асыру үшін жеткілікті инфрақұрылым құру көзделген инвестициялық жоспардың болуы шарт.

«Кәсіпкерлер грант қаражатын тауарларды шығару немесе қызметтер көрсету үшін қажетті негізгі құралдарды, шикізатты және материалдарды, материалдық емес активтерді, технологияларды, кешенді кәсіпкерлік лицензия құқықтарын сатып алуға, зерттеу жұмыстарына және жаңа технологияларды енгізуге қатысты шығыстарға ғана жұмсай алады. Мемлекеттік гранттарға өтінім қабылдау дәл қазір жүргізіліп жатыр. Өтінімдер 7-16 тамыз аралығында Kezekte.kz онлайн портал арқылы электронды түрде қабылданады», - деді ол.

Фото: көрнекілікке алынды