9 айда ел экономикасы 4,7 пайызға өсті

Уақыты: 10.10.2023
Оқылды: 622
Бөлім: ЭКОНОМИКА

9 айда ел экономикасының өсу қарқыны 4,7 пайызды құрады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров айтты.

«Осы жылғы қантар-қыркүйек айларының қорытындысы бойынша Қазақстан экономикасының өсу қарқыны 4,7 пайызды құрады. Оның ішінде нақты сектор – 3,7, ал қызмет көрсету саласы 5,1 пайызға өсті. Салалар арасында ең жоғары өсуді құрылыс, сауда, сондай-ақ ақпарат және байланыс көрсетті. Негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсу қарқыны 12,1 пайыз болды. Инвестициялар ағыны көлік және қоймалауда – 59,4, саудада – 37,5, білім беруде – 23,7, ауыл шаруашылығында – 12,9, сондай-ақ өнеркәсіпте – 8,2, оның ішінде тау-кен өндіру өнеркәсібінде 4,3 пайызға артты», - деді министр.

Оның атап өтуінше, өңірлер арасында ең жоғарғы өсім Маңғыстау, Түркістан, Павлодар және Абай облыстарында байқалды.

«Алдын ала қорытынды бойынша 2023 жылғы қаңтар-тамызда сыртқы сауда тауар айналымы 4,2 пайызға өсіп, 91,1 млрд долларды құрады. Экспорт 51,2 млрд долларды құрап, оның ішінде өңделген тауарлар экспорты 16,2 млрд долларға жетті. Тауарлар импорты 39,8 млрд долларды құрады. Жалпы, оң сауда балансы 11,4 млрд долларға тең», - деді Әлібек Қуантыров.

Фото: көрнекілікке алынды