Кәсіпкер көбеюде

Уақыты: 17.10.2023
Оқылды: 610
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Жетісу облысындағы кәсіпкерлік қызметтің негізгі көрсеткіштері өткен жылмен салыстырғанда өсті. Бұл жыл сайын өңірлік кәсіпкерлер палатасы қатысатын Бірыңғай есеп беру күнінде атап өтілді.

Облыс әкімінің орынбасары Әсет Қанағатовтың айтуынша, өткен жылмен салыстырғанда жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 28,4%-ға артып, бүгінде аймақта олардың саны 60 мыңға жеткен. Жергілікті атқарушы билік өкілі бизнесті жүргізу және аймақтың экономикалық өсуін қамтамасыз ету үшін қолайлы жағдайлар жасау бойынша шаралар қабылданып жатқанын атап өтті. Олардың бірі бизнес субъектілерінің облыс әкімімен кездесулерін ұйымдастыру, соның арқасында кәсіпкерлер өз қызметін дамыту жолында туындайтын проблемалық мәселелер туралы айтуға мүмкіндік алады.
– Қазіргі уақытта көтерілген 18 мәселенің 13-і орындалды және 5-уі әкімнің бақылауында, – деді Әсет Қанағатов. 

Сондай-ақ, ол облыс бір жылдан аса уақыт бұрын құрылғанымен аймақтың бизнесті дамыту үшін үлкен әлеуеті бар екеніне назар аударды. Жергілікті атқарушы билік әзірлеген әлеуметтік-экономикалық дамудың нақты қадамдық жоспарымен іске асыру шеңберінде жағдайлар жасалған. 

Облыс кәсіпкерлері алдында мемлекеттік кірістер, құқықтық статистика және арнайы есепке алу, сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменттерінің, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшылары баяндама жасады. Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Еділ Зайытбековтың сөзінше, «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» ҚР Заңының 6-2-бабының 2 және 4-тармақтарына сәйкес, субъектіге бармай-ақ, мемлекеттік бақылау бойынша 6 профилактикалық тексеру жүргізіліп, жоғарыда аталған заңның 6-2-бабының 6-тармағына сәйкес 6 ұсыным шығарылған.   

Бұдан басқа, биыл тұтынушылардың өтініші бойынша 17 жоспардан тыс тексеру, 16 әкімшілік хаттама жасалып, кәсіпкерлерге 14 ескерту берілген. Жыл басынан бері 152 қабылдау өтіп, тұтынушылардан 379 өтініш түскен. Оның ішінде 146 өтініш бойынша мәселелер оң шешіліп, 8 143 000 теңге тұтынушыға қайтарылып, 213 тұтынушыға түсініктеме берілген. 

Осындай іс-шаралардың арқасында сындарлы шешімдер әзірленуде, кәсіпкерлік субъектілері мен ұйымдардың құқықтық сауаттылығы артуда, бұзушылықтардың алдын алу жүйесі дамуда. Кәсіпкерлікті дамыту мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі және еліміздің драйвері. 

– Өздеріңіз білетіндей, кәсіпкерлер палатасының мақсаты кәсіпкерлікті дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау және бизнес пен билік арасында тиімді әріптестік орнату. Мемлекеттік органдардың қызметкерлерімен, оның ішінде құқық қорғау жүйесімен кездесулер тұрақты негізде ұйымдастырылады. Өткен тоғыз айдың қорытындысы бойынша кәсіпкерлер палатасына кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау желісі бойынша 100-ден аса өтініш түсті. Айта кетейік, шамамен 50 пайызы оң шешімін тапты, – дейді құқықтарды қорғау жөніндегі басқарушы директор Думан Керімбаев. 

Облыстық кәсіпкерлер палатасының төрағасы Дәурен Оңалбаев атап өткендей, бірыңғай есеп беру күні маңызды іс-шара болып саналады. Өйткені мұндай кездесулерде кәсіпкерлердің қызметіне бақылау мен қадағалауды жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың жұмысына талдау жүргізіледі.

А. БАЙЖҰМАҚЫЗЫ
Фото: ашық дереккөзден