Ауыл дамымай жағдай түзелмейді

Уақыты: 22.10.2023
Оқылды: 613
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Биыл Қазақстан фермерлер қауымдастығының құрылғанына 20 жыл. Осы уақыт ішінде аталған қауымдастықтың ауыл шаруашылығы саласының дамуына қосқан үлесі зор. Осыған байланысты атқарылып жатқан жұмыстарды облыстық фермерлер қауымдастығының басқарма төрағасы, Қазақстан ауыл шаруашылығы ғылым академиясының академигі Асқар Шәріпов әңгімелеп берді.

 – Асқар Қалиұлы, алдымен фермерлер қауымдастығының құрылуы мен негізгі мақсат-міндеттері туралы айтып берсеңіз?

Қазақстан фермерлер қауымдастығы 2003 жылдың 26 желтоқсанында азаматтардың ерікті түрде бірігу арқылы және аграрлық сектордың үкіметтік емес ірі қауымдастығы ретінде құрылды. Біздің облыста фермерлер қауымдастығының жұмысы әртүрлі себеппен 2015 жылға дейін тұралап қалды. Қауымдастықты басқаруды көп жылдық тәжірбиесі бар Ақшабай Керімбеков қолға алғаннан кейін қайта жанданып, 2015-2022 жылдар ішінде бірқатар жұмыс атқарылды. Қазір облыстық фермерлер қауымдастығы басқармасы мүшелігінде елге танымал бірнеше тәжірибелі мамандар бар. Қауымдастықтың негізгі мақсаты ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін мемлекеттік және мемлекеттік емес қолдау жүйесін жетілдіруге жан-жақты ықпал ету. Соның ішінде фермерлердің қаржылық ресурстары мен жаңа технологияларға қолжетімділігін кеңейту. Қауымдастық жеке кәсіпкерліктің мүдделерін қозғайтын нормативтік-құқықтық актілердің жобаларына сараптама жүргізу үшін Орталық мемлекеттік билік органдары мен «Атамекен» ҚР ҰКП тарапынан аккредиттелген. Қазір Қазақстан фермерлер қауымдастығының басқарма төрағасы, мәжіліс депутаты Жигули Дайрабаев ауыл шаруашылығына қатысты маңызы зор көкейтесті мәселелердің түйінін тарқату мақсатында заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлермен тікелей жұмыс істеуде. Қауымдастық қызметкерлері мен мүшелері орталық және жергілікті атқарушы билік органдарында ауыл шаруашылығына қатысты мәселелер бойынша жұмыс топтарының құрамына кіреді. «2021-2025 жылдарға арналған Ұлттық агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жобасының» тұжырымдамасын әзірлеу бойынша БҰҰ ФАО сарапшылары болып саналады.

Қауымдастық бүгінде қанша шаруа қожалығын біріктіреді және сіздердің атсалысуларыңызбен оң шешімін тапқан мәселелер бар ма?

– Фермерлер қауымдастығы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі әзірлеген 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобаға және 2022-2030 жылдарға арналған тұжырымдамаға өз ұсынысын беріп, біразы ескерілді. Мысалы, субсидиялау жүйесін жетілдіру мәселесін талқылау барысында қолданыстағы тетікке тиіспей, әзірленген ұлттық жоба аясында көзделген тетікті қалдыру ұсынылды. 2,5%-дан несие беріп, шаруаларды қолдау жөніндегі Жамбыл облысының тәжірибесін өзге де аймақтарға тарату ұсынылып, мәселенің түйіні тарқатылды. Фермерлерге тиімсіздігін, сондай-ақ бюджеттен қыруар қаражат талап ететінін ескеріп, көтерме-тарату орталықтарын салуға қарсылық білдірген мәселе оң шешімін тапты. Сондай-ақ, техниканың қымбаттауын ескеріп, фермерлерге оны бастапқы жарнасыз, сыйақы мөлшерлемесі төмен, жеңілдетілген лизингпен беру ұсынылды. Сөйтіп, бұл бағдарлама іске қосылды. Жетісу облысында 19 900 фермер тіркелген, соның 3 475 -сі қауымдастықтың мүшесі.

– Өздеріңізге белгілі, қазір шаруалардың көкейін тескен проблема көп. Солардың негізгісіне тоқталсаңыз?

– Қазір су тапшылығы көпті алаңдатуда. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің бағасы мен арзан несиеге қол жетімсіз. Тозығы жеткен техниканы жаңартудың қиындығы басым. Жетісу аймағында су ресурстарының 95 пайызы мұздықтан, 5 пайызы су қоймасынан құралған. Соңғы жылдары климаттың жылуы су резурстарының азаюына тікелей әсер етуде. Сондықтан оны үнемді пайдалану, 60 пайызға дейін кететін су шығынын азайту өте маңызды саналады. Облыста су үнемдеу мақсатында жаңбырлатып, тамшылатып суару әдісін қолдану алқаптарын соңғы жылдары 4,2 мың гектардан 12,0 мың гектарға дейін жеткізу қолға алынуда. Ислам даму банктің қолдауымен 2015 жылдан бері аймақта ішкі шаруашылық желілерде судың сіңуін азайту үшін механикалық тазалау жүргізілуде. Алдағы 3 жылда аймақта су үнемдеу технологиясын қолдану алаңын 12 мың гектарға жеткізу жоспарда бар. Бұл ретте жаңбырлатып суару машиналары мен тамшылатып суару жүйелерін сатып алған шаруашылықтар шығынының 50%-ы инвестициялық субсидиялау бағдарламасы бойынша субсидиялану қарастырылған. Біз оны 80%-ға жеткізу бойынша ұсыныс берудеміз. Қазір облыста тозған суару желілері шамамен 70%, оларды қайта жаңғырту жалғасуда. Су шаруашылығы нысандарын қалпына келтіру үшін республикалық және жергілікті бюджеттен, сондай-ақ Ислам даму банкінен 36,3 млрд. теңгеден аса қаражат тартылды. Қолданыстағы 1400 шақырым суару желісін жөндеу, 105 шақырым жаңа суару желісін (Қызылағаш суару алабы) салу жұмысы жүргізілуде. Бүгінде жөндеу, қалпына келтіру ісі облыстың барлық ауданында, сондай-ақ, Талдықорған қаласында атқарылуда. Нәтижесінде 26,5 мың гектар суармалы жер қалпына келтіріліп, жаңадан 4,5 мың гектар жер айналымға тартылады.

Жалпы, шаруаларға қандай көмек көрсетесіздер?

– Жыл сайын көктемгі науқан басталар кезде жанармай бағасының өсуі шаруа қожалықтарына ауыр тиеді. Өндірілген  өнімнің өзіндік құнында жанармай көлемі 17-25% мөлшерін құрап, бұл жағдай өндірілген өнімнің бәсекелестікке қабілеттілігін төмендетіп, Үкімет берген жеңілдіктер шаруа шығынын жаппайды. Бұл жыл сайын қайталанатын әдет. Соңғы жылдары бұл оң шешімін табуда. Қауымдастық мүшелерінің араласуымен арзандатылған дизель отынының операторлары дер кезінде анықталып, келісім бағасы белгіленеді. Фермерлер қауымдастығының талабы бойынша өткен жылы ауыл шаруашылығы техникаларын жаңалау мақсатында Үкімет тарапынан 40 млрд. теңге жеңілдетілген несиенің бөлінуіне тікелей ықпал еттік. Біздің облыс осы бөлінген қаражаттың 1млрд. 200 млн. теңгесін пайдаланып, 72 жаңа трактор сатып алынды. Жалпы осы, басқа да бағдарламалар арқылы аймақтағы шаруа қожалықтары тозығы жеткен 450-ден аса техника түрлерін жаңартуға мүмкіндік алды. Биыл осы салаға қосымша 20 млрд. теңге бөлгізуге қол жеткізілді. Қазір «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның фермерлерге қоятын талабы өте жоғары. Көп құжат сұратады, кепілдікке қоятын мүлікті өте төмен пайызда бағалауымен қатар, сол кепілдікке койылған мүлік құнының 50% ғана беріледі. Құжаттарды тексеру ұзақ уақыт алады. Несиені шаруа қожалықтарының егін себу науқанына сәйкес келтірмей, керісінше, егін науқаны аяқталғаннан кейін шілде, тамыз айларына беріледі. Биыл барлық облыстық «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы 1 100 фермер несие алды. Бұл жалпы көрсеткіштің 0,6%. Облыстық несие корпорациясы кейіннен фермерлерді аудандық несие серіктестіктеріне жібереді. Олар фермерлерді мүше етіп алуға, жарна төлеуге мәжбүрлейді. Бұл жерде юстициядан тіркеуден өту, кепілдікті рәсімдеу біршама уақытқа созылады. Салдарынан көбі несиеге қол жеткізе алмайды. Сол себепті шаруа қожалықтарының арзандатылған несиеге қол жеткізуі үшін арнайы Агробанк құру жөнінде республикалық қауымдастық тарапынан іс-шаралар жүргізілуде. Үкімет тарапынан ауыл шаруашылығы бойынша қабылданатын көптеген қаулы қауымдастық арқылы сараптамадан өтеді. Онда біз өз тарапымыздан ұсыныс айтамыз. Ауылдық округтерде жерді тоздырмау үшін ауыспалы егістік жүйесіне көшіру үшін кооперативтер құру керек. Заңсыз жерлердің субарендасына құзыретті шаралар қолданылуы тиіс. Бұл туралы биыл 25 шаруа қожалығын біріктіретін Ескелді ауданындағы «Нам» шаруа қожалығы негізінде облыстық семинар кеңес ұйымдастырдық. Онда фермерлер осы мәселе бойынша өз ойларымен бөлісті. Қазір бұл шаруашылық Ескелді ауданында консалтинг кеңес беру орталығына айналуда. Фермерлер облыстағы сорт сынау стансысы жұмысымен семинар өткізу арқылы танысты. Сарқан ауданында сортты сынау стансысы жұмыс істейді. Қазіргі кезде 19 түрлі дәнді, дәнді-бұршақты және майлы дақылдар, жем-шөп, жаздық және күздік дақылдар сынақтан өткізілуде. Бұл негізінен Қазақстан, Ресей, Сербия, Украина, Түркия, Болгария, Франция, Канада және басқа елдердің ғалымдары өсірген жүгері, күнбағыс, майбұршақ, бидай, арпа, сұлы сияқты дақылдар. Стансы алаңында тек сынақ қана емес, сондай-ақ, отандық және шетелдік селекцияны жаңа әзірлемелерінен кейінгі аудандастыру жұмысы жүргізіледі. Мамандардың айтуынша, бұл түрлі инфекция мен зиянкестерге қарсы төзімділікті арттыруға, өнімділікті ұлғайтуға мүмкіндік береді. Дала күнінде фермерлер мен ғалымдар осы және басқа да тақырыптарды бірлесе талқылады. Дала күні – заманауи ауыл шаруашылығы технологияларын, селекциялық жетістіктерді, заманауи жоғары өнімді техниканы, зертханалық құрал-жабдықтарды таныстырудың тиімді алаңы. Семинар ауыл шаруашылығы министрлігі, фермерлер қауымдастығы, несие ұйымдарының өкілдері, экспорттаушылар, сондай-ақ, минералды тыңайтқыштар, жаңа техниканы әзірлеушілер және сатушылармен байланыс орнатуға мүмкіндік береді. Бұған қоса, бұл отандық және шетелдік фермерлер арасындағы тәжірибе алмасу мен іскерлік байланыстарды дамытуға қолайлы шара. Зерттеулер көрсеткендей, «Бесағаш» және «Димаш», сондай-ақ украиналық «Снегурка» күздік бидай сорттарының желімшесі мен шыны тәріздес қасиеті аса жоғары болып келеді. Бұл ұн тарту ісіндегі сапаның шешуші қасиеті саналады. Осы ретте канадалық майбұршақтың «Киркленд» және «Ривертон» сорттарын сынау да сәтті өтті. Салыстырып айтқанда, өнімділігі бірдей бола тұрып, олардың құрамында бұрын өсірілген сорттардың 40%-ға жуық майы бар. Технология саласында да жетістік біршама. Қазір зиянкестерден қорғау үшін 1 гектар алқапты өңдеуге небары 5-6 минут уақыт кетеді. Бұл туралы семинарға қатысушы, өсімдіктерді қорғау және карантин ҚазҒЗИ енгізу және коммерцияландыру бөлімінің меңгерушісі Ринат Фазылбеков ауыл шаруашылығында дрондарды пайдалануды тәжірибе жүзінде көрсетті. Семинарда фермерлер басқа да техникалық және ғылыми жаңалықтармен танысып, тәжірибе алмасып, іскерлік байланыстарды жаңартты.

– Ел бойынша Жетісу облысы негізінен қант қызылшасын өсіруге машықтанған. Бағалы дақылды қайта жандандыруға қандай үлес қосудасыздар?

Қант қызылшасы тұқымын өндіру, қызылша өсіру және қайта өңдеу, шикі қантты сатып алу және қайта өңдеу, импорттық ақ қант сатып алу, қантты көтерме және бөлшек саудада өткізуді қамтитын қантты өндіру мен өткізудің толық өндірістік циклі бойынша жұмыс істейтін ұйымдар құру, олар үшін мемлекеттік басқару органдар тарапынан бақылаудың оңайлатылған рәсімін көздей отырып, жәрдемдесу негізгі мақсаттың бірі. Біз қызылша өсірудің озық технолгиясын қолдану бойынша жыл сайын облыстық ауыл шаруашылығы басқармасымен бірлесіп, семинар өткіземіз. Бүгінде қант өндіру саласы монополистердің қолында болуына байланысты қызылша өсірушілер оны зауытқа арзан бағаға өткізуге мәжбүр болып, қанттың зауыт сататын бағасына ықпал ету мүмкіндігіне қол жеткізе алмай отыр. Қант зауыттары статусын Жаңа Қазақстан саясатына сәйкес жалпы халық мүддесін ойлайтын қызылша сеуіп, өндіретін және сататын акционерлік қоғамға өзгерту керек. Бұл Түркия, Ресей, Франция, Германия сияқты алдыңғы қатарлы елдердің тәжірбиесі. Қазір 60% шығын шығаратын шаруа қожалықтары, ал 30% шығын шығарып, бар пайдаға кенелетін зауыт басшылығы. Соңғы 30 жыл ішінде облыстағы 2 қант зауыты талай жеке меншік олиграхтардың қолында болды. Енді оны халық мүддесіне бағыттауымыз керек. Осы мәселе бойынша Президентке облыстық фермерлер қауымдастығы атынан Ашық хат жолданды. Оң шешімі табылады деген үміттеміз.

– Бүгінгі таңда елде ауыл шаруашылығы техникаларының басым бөлігінің тозығы жеткен. Осы техникаларды жаңалау бағытында қандай жұмыстар жүргізілуде?

– Иә, аймақтағы ауыл шаруашылығы техникаларының 80 пайызы ескі. Сол себепті лизингке алатын техникалардың жолын жеңілдету шарасы және қосымша қаражат бөлу мәселесі көтерілуде. Шаруа қожалықтарына қажет техникаларды лизингке алып жатыр. Бірақ, бұл қаражат жеткіліксіз.

– Субсидия да өзекті. Осыған қатысты ойыңызды білсек?

– Үкімет 2020-2025 жылдар аралығында ауыл шаруашылығы саласына бұрын-соңды болмаған қолдау көрсетуде. Мысалы, құдық қазу, электр желісін тарту, жарық түсіру, мал бордақылау кешенін салу, асыл тұқымды мал басын әкелу, 1 литр сүт сауу, ет өндіру – бәріне субсидия беріледі. Десе де, субсидия өндірілген өнімнің түпкі нәтижесі, яғни, сапасы мен санына қарай беріліп, оның көлемі қазіргі беріліп отырғаннан 2 есе көбейгені дұрас. Бүгінде беріліп жатқан субсидиялық жеңілдіктерге фермерлердің көбі қол жеткізе алмайды. Ол үшін фермерлер бірнеше құжат жинау керек. Ал оны жинап, рәсімдеуге көп фермердің шамасы келмейді. Пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялауға қаражаттың жетіспеуі де кедергі. Ауыл шаруашылығы техникасына 25-30 пайыз берілетін субсидияның уақыты созылып кетеді. Гербицидке бұрын қарастырылған 50% субсидия, 25-30 % көлемінде ғана беріледі. Ағын судың бағасы биыл көтерілді. Бірақ, субсидия 20-30% ғана қарастырылды. Жүнге субсидияны мүлде алып тастағанына екі жыл болды. Осыны қайта қалпына келтіру керек. Субсидия түрлерін барынша қысқартып, оның біразын алдыңғы қатарлы шет ел тәжірбиесіндей соңғы нәтежиеге байланыстырып, фермерлерді бұл ауыртпалықтан босатқан дұрыс. 2024 жылға арналған жаңа субсидия қағидаттарында ауыл шаруашылығы кооперативтерінің тексеру одағының шығындарын субсидиялауды алып тастау жобасы қарастырылған. Біздің пайымдауымызша, бұл қазіргі кездегі Президенттің ауыл шаруашылығы кооперативтерін жандандыру қағидатына қайшы келеді. Осы ұсыныстар Қауымдастық тарапынан Ауыл партиясы Мәжіліс депутаттары арқылы Үкіметке жеткізілді.

– Алға қойылған жоба-жоспарларыңыз да аз емес шығар?

– Ауылдық округтерде жерді тоздырмау үшін ауыспалы егістік жүйесіне көшіру мақсатында кооперативтер құру орнына, керісінше  пайлары бойынша 2-3 гектарға бөлу жалғасуда. Заңсыз жерлердің субарендасы бойынша ешқандай шара қолданылмай келеді. Соңғы 30 жылда елде қой басы 2 есеге кеміді. Біздің аймақта да солай. Соның салдарынан таулы жерлерде жайлау – колхоз, совхоз жерлері орман шаруашылығы баланысына өтті. Жайылымдар қысы-жазы пайдаланылып, көбі тықырланып, тозды. Оны қайта қалпына келтіру үшін орман шаруашылығына өткен жазғы жайлауларды қайта жалға алып, тиімді пайдалануымыз керек. Мал шаруашылығында асылдандыру жұмысын қайта жандандырған дұрыс. Қой шаруашылығында асыл тұқым және қолмен ұрықтандыру өз деңгейінде жүрмейді. Көбіне қошқарды қосып жібереді. Асыл тұқымды ірі қара малды шет мемлекеттерден, Ақтөбе облыстарынан әкеліп жатыр. Бұл саладағы жұмысты да қайта қолға алып, асыл тұқымды малды субсидиялау шарасын тиімді өзгерту керек.

«Ауыл» ХДПП бірігіп, шаруа қожалықтарының абыройын көтеру, еңбек өнімділігін арттыру жолында Үкімет тарапынан беріліп жатқан жеңілдіктерді барынша қол жетімді жасау қажет. Өңдеу өнеркәсіптерін ашуға да ықпал еткен дұрыс. Мәселен, қант зауыты жанынан пиктин, спирт, лимонад, басқа сусындар өндіретін шағын зауыттар ашу маңызды. Мал шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу үшін кооперацияға бірігіп, олардың сапасын арттырған жөн. 2023-2024 жылдары жергілікті басқару жүйесіндегі жүргізілетін түбегейлі өзгерістерге байланысты, әр ауылдық округтерде әкіммен қатар қоғамдық кеңес мүшелері мен басшысы қайта жаңартылады. Мысалы, Көксу аданында қазір 2 416 фермер қожалығының 75-і немесе 3% ғана фермерлер қауымдастығының мүшесі. Келешекте аудандық фермерлер қауымдастығының жұмысын жандандыру үшін әр округте беделді бір фермерді  ауылдық қоғамдық кеңес мүшесіне сайлану керек. Ол жергілікті ауылдарда фермерлерді қауымдастық мүшесіне тартып, олардың мүдделерін қорғап, жылдық жарналарын жинаумен шұғылдануы тиіс. Бастысы ауылды дамытуға баса мән беру керек. Шаруа қожалықтары мал басын көбейтіп қана қоймай, ауыл шаруашылығы өнімдерін шығару керек. Сауылған сүтті зауыттарға өткізе бергеннен гөрі әркім құрт, май, ірімшік, сүзбе секілді өнімдерді өндірген тиімді. Бұл жергілікті бюджетке салық күйінде түсіп, аймақ экономикасына серпін береді. Одан бөлек, мал бордақылау алаңын, тауарлы сүт фермаларын, шұжық цехтарын іске қосып, консервіленген ет, сүт өнімдерін халықаралық стандарттарға сай экспортқа шығару маңызды. Елде жүргізілген аэроғарыш мониторингі пайдаланылмай жатқан жерлерді анықтап, нәтижесінде облыста 1млн. 200 мың гектар жердің бос жатқаны анықталды. Соның 857 мың гектары егістік жер. Осынша жердің 150 мың гектары мемлекет меншігіне қайтарылса, 448 мың гектар жер айналымға енгізіледі. Бұл бағыттағы жұмыс әлі де жалғасуда. Осындай халық байлығын іске қосу біз үшін өте маңызды.

– Мазмұнды әңгімеңізге үлкен рахмет! Жұмыстарыңыз жемісті болсын!

Айгүл Байбосынова