Ақешкі су қоймасына енді көңіл бөлінеді

Уақыты: 09.11.2023
Оқылды: 604
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Қазақстан Республикасының Су ресурстары және ирригация министрі Н. Нұржігітов Жетісу облысындағы жұмыс сапарын аймақтағы су қоймалары мен суландыру жүйелерінің жұмысымен танысудан бастады. Алдымен Ескелді мен Ақсу аудандары аумақтарының қиылысында орналасқан Ақешкі су қоймасына тоқтап, аталған нысан жұмысындағы өзекті проблемаларға көз жеткізді.

1976 жылы салынған, Ақсу ауданының аумағындағы Көлтабан ауылы маңындағы 460 гектар егістік алқабына су беретін қойма бүгінде бос жатыр. Жобалық қуаты бойынша 2,5 миллион текшеметр су жинау мүмкіндігі бар қойма табанын бүгінде қайыр басып қалғандығы көрер көзге бірден аңғарылады. Өзен суы сол қайырдың арасынан жылтырап қана ағып жатыр.

Қойманың пайдаланылуы жөнінде Талдықорғандағы «Қазсушар» Алматы филиалының басшысы Саят Құдайбергенов ақпарат берді.

– Қайыр басқаннан кейін су қоймасы іс жүзінде 1,8 миллион текшеметр ғана су жинай алады. Оның түбін өз күшімізбен тазалап көрдік. Бірақ одан еш нәтиже шықпады. Толықтай тазалай алғанның өзінде көктемгі еріген қар суымен келген лай қайта басып қалады. Ал қойманың өзін көктем кезінде 2-3 күнде суға толтыруға болады, – деді ол.

Мәселені талқылай келе қиындықтан жыл сайын жер снарядтарын пайдалана отырып қана шығуға болатындығына көз жеткізілді. Министр соған орай жиналғандардың назарын күрделі қаржы жұмсап қойманы жыл сайын тазартып тұру экономикалық жағынан тиімді ме, тазалап тұрғанның өзінде қосымша 200-250 гектарға су бере аламыз ба, ол алқапта қандай дақылдар өсіруге болады деген мәселеге аударды. Аталған жайтты талқылай келе Нұржан Молдиярұлы «Әр филиалдан ұсыныс жасаңыздар, тазалауға қажетті жер снарядтарын алып берейік, өз кезегінде қоймаға көбірек су жинап, жаңағы айтқан 200-250 гектар алқапты қосымша игеру мүмкіндіктерін жасауымыз керек» деген тұжырымға тоқтады.

Су қоймасының түбін жыл сайын қайыр басып қалатындығы болмаса, бөгеттің өзінің талапқа сай салынғандығы байқалады. Кенеттен мол су келгеннің өзінде артық суды апаттық ағызу жолдары, басқа сөзбен айтқанда қауіпсіздік мәселесі де қарастырылған.

Нүсіпбай ӘБДІРАХЫМ

Сурет: Д. ЕРОФЕЕВ