Жұмыс жаңаша жалғасады

Уақыты: 02.02.2018
Оқылды: 1146
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Панфилов ауданының әкімі Темірлан Бектасов өзінің өңір тұрғындары алдындағы есебін қаңтар айының 18-і күні бастап, өңірдегі барлық округ халқымен кездесулер өткізді, өткен жылы жүзеге асырылған жұмыстар мен үстіміздегі жылы атқарылатын істерін жіліктеп, жіктеп ел-жұртқа жеткізді. Бұл жиындарда жергілікті тұрғындар арасынан сөз сөйлегендер өздерінің өтініш, тілектерін де айтып, ортақ проблемаларына аудан басшысының назарын аударды. Сонымен қатар аудан басшысының жұмысына қанағаттанарлық деген бағаларын да берді.

Өткен сәрсенбіде Жаркент қаласындағы аудандық Мәдениет үйінде аудан әкімінің қорытынды есепті жиыны өткізіліп, оған өңірдегі кәсіпорындар мен мекемелердің, қоғамдық ұйымдардың, құқық қорғау орындарының өкілдері шақырылды. Жиынға осыдан бір күн бұрын ауданға келіп, өткен жылы күрделі жөндеуден өткізілген әлеуметтік нысандарды аралап, атқарылған істің сапасын саралап, мекеме қызметкерлерінің жұмыс сапасымен жақын танысқан облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар қатысты. 
Ауданға жаңа жыл қарсаңында келген жаңа әкім баяндамасын Елбасының жаңа Жолдауын талдаудан бастап, өңір халқының негізгі тіршілік көзі – ауылшаруашылық өндірісінің жетістіктерін сараптауға ойысты. Өткен жылы ауылшаруашылық өндірісінде жалпы өндірілген өнімнің құны 37,6 миллиард теңгені құрапты. Ежелден егіншілікке етене жақын өңірде жалпы егіс көлемі 481 гектарға ұлғайып, жалпы 43,4 мың гектар суармалы жерге дақылдар өсірілген. Жарты ғасырдан астам уақыттан бері негізінен жүгері өсіруге бейімделген Жаркент жұрты облыста өндірілетін «дала аруының» 33 пайызын еншілейді. Өткен жылы жазиралы Жаркент өңірінің диқандары 25785 гектар жерге жүгерінің әртүрлі сұрыптарын өсіріп, одан жалпы 160 мың тонна өнім жинапты. Жиналған «дала аруы» дәнінің 92 мың тоннасы жергілікті крахмал-сірне зауытында өңделіп ұқсатылған. Саудада сұранысы жоғары дақыл өнімінің қалғаны да жоғары бағамен тұтынушысын тапты. Атап айтар болсақ, 24 мың тонна жүгері дәнін Шамалған сірне зауыты сатып алса, 7,5 мың тонна өнім базарларда сатылып, 32,5 мың тоннасы мал азығына сақталған.
Индустрияландыру картасы аясында іске қосылған Жаркент крахмал-сірне зауытында жүгері дәнін қалдықсыз өңдеу цехы іске қосылды. Оның өнім өңдеу қуаттылығы бұрынғы 20 мың тоннадан 90 мың тоннаға дейін көбейіп отыр.
Ауданда мемлекеттік бағдарламалар шапағатымен жылқыдан басқа түлік саны өсіп, тұқым сапасы да жақсарып келеді. Тек өткен жылы өңір шаруалары «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 670 ірі қара, «Алтын асық» арқасында 839 Шопаната түлігін, «Құлан» бағдарламасы бойынша 223 жылқы сатып алып, түлік түрлерінің тұқымын асылдандыруды жалғастырып отыр.
«Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағы сынды халықаралық, мемлекеттік ірі жобалар өркен жайған өңірде үстіміздегі жылы бірнеше өнеркәсіп орындарын іске қосу көзделген. Олардан жергілікті тұрғындардың өздеріне тұрақты жұмыс орындарын табары сөзсіз. Мысалы, «Элэнжи Фактори» ЖШС 41 миллиард теңге жұмсап, жылына 365 мың тонна сұйытылған газ өндіретін зауыт құрылысын бастауды жоспарлады. Жаркент крахмал-сірне зауыты өнім өңдеу қуатын бұрынғыдан да арттыру үшін өткен жылы 963 миллион теңгеге қосымша жабдықтар сатып алды.
Шағын және орта бизнеспен шұғылданатындар саны 8989-ға жетті. Оларда 23 мың адам жұмыс істеуде. Өткен жылы 36 миллиард теңгенің өнімін өндіріп, қызмет көрсетті. Жеке шағын кәсіпкерлік саласында 16 объекті іске қосылып, 597 миллион теңге инвестиция тартылды. Жаңа кәсіпорындардан 114 адам жұмыс орнын тапты.
Өңірде соңғы жылдары әлеуметтік құрылыс жұмыстары қарқын алды. Өткен жылы Нұркент ауылында әрқайсысы 60 пәтерден көпқабатты екі тұрғын үй құрылысы тамамдалып, пайдалануға берілді. Жалпы құрылыс және жобалау жұмысына 2017 жылы 3,6 миллиард теңге қаржы бөлініп, толық игерілді. Оның ішінде жоғарыда аталған тұрғын үйден басқа Жаркент қаласында 300 орынды жаңа мектеп құрылысы аяқталды. Биыл Жаркентте жеке 40 жалгерлік тұрғын үй құрылысы басталмақшы.
Аудан әкімі ел алдындағы есебінде өткен жылы салықтан қанша қаржы жиналғанын, бюджеттің орындалуы жайын саралап өтті. 2017 жылы өңірде бюджетке 6,3 миллиард теңгенің салық және басқа да міндетті төлемдері жиналып, жоспар 102,8 пайыз орындалыпты. Оның ішінде жергілікті бюджетке 3 миллиард теңге түсіп, болжам 102,3 пайыз орындалған.
Аудан әкімінің есепті баяндамасын талдауға «Құрмет» орденінің иегері, «Қарасу» кооперативінің төрайымы Күлғайша Бердіғұлова, Панфилов ауданының Құрметті азаматы Рехимжан Тохтахунов, орыс этномәдени орталығының төрайымы Галина Борисова, Көктал ауылындағы ардагерлер ұйымының төрағасы Сайлау Солтанқұлов және Жаркент гуманитарлық-техникалық колледжінің 3-курс студенті Әлия Әшім қатысты. Жиында сөз сөйлеушілер жаңа даму кезеңіне бет алған ел тіршілігінің өркенді өзгерістерін нақты мысалдармен дәйектеп атап өтті. Сонымен бірге аудан әкімінің есебіне қанағаттанарлық деген бағаларын берді. Аудан тұрғындары үшін шешімін күткен маңызды мәселелер мен ұсыныстар да айтылды. 
Жиынды облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар қорытындылап, облыста өткен жылы атқарылған бірқатар жұмыстарды саралап айтып, кездесуге келгендерге үстіміздегі жылы Жетісу аймағында жүзеге асыру жоспарланған істерді де таныстырды. Сонымен қатар өңірде жоспарланып, алайда діттеген межеден шыға алмай қалған өндірістік және әлеуметтік мәселелерді нақты цифрлармен саралап айтып, ауданға жақында тағайындалған әкімге үстіміздегі жылы мұндай кемшіліктерді болдырмауды тапсырды. Жаркент өңірінде ауылшаруашылық өндірісін өркендетудің мол мүмкіндіктеріне тоқталды. Сонымен қатар, аймақтағы халықаралық ірі жобалар құрылысының бүгіні мен келешегін де саралап жеткізді. 
Жақсылық Мұқашұлы залдан өзіне қойылған сауалдарға да жауап берді. Сауалдар қатарында аудан тұрғындарының негізгі кәсібі – жүгері өніміне субсидия төлеу мен шаруаларға «Бизнес бастау» бағдарламасы бойынша жеңілдетілген несиені кедергісіз беру мәселелері айтылды.

Мырзағали Нұрсейіт
Панфилов ауданы