Ұсыныс та, ұмтылыс та қажет

Уақыты: 02.02.2018
Оқылды: 1316
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Алматымен іргелес жатқан ауданға арнайы ат басын бұрған облыс әкімі Амандық БАТАЛОВ алдымен көп ретте қыңыр мінез танытатын Талғар өзенінің бүгінгі ахуалымен танысты. Себебі, жуырда болған қатты аязда өзенді мұз құрсап, соның салдарынан қала мен бірнеше ауыл ауызсудан тапшылық көрген болатын. Сапар барысында ол мамандарға талғарлықтарды қандай жағдайда да ауызсудан тарықтырмаудың жолдарын қарастыруды тапсырды. Амандық Ғаббасұлы содан соң Талғардағы «Бозторғай» және «Мелиоратор» ықшамаудандарының тұрғындарымен кездесті. Оған 252 көпқабатты үй тұрғындарының орталықтандырылған жылыту қазандықтарының жоқтығынан балконнан мұржа шығарып, темір пештерін пайдаланып отырғандығы түрткі болды. Қала тұрғындарының қыстай жоғары қабатқа шелектеп көмір тасып, күл шығаратынына қынжылыс білдірген облыс басшысы бұл қиындық жергілікті биліктің істі дұрыс жолға қоя алмауының салдары екендігін ашық айтты. Көмірді ұмытып, көгілдір газ келіп жатқан мына заманда өзекті өртер бұл қиындықты шешу жолдарын апта ішінде қарап, жылыту жүйелерін орталықтандыру жұмысын шұғыл бастауды қадап тапсырды.

Бұдан соң әкімдікте ұйымдастырылған агроөнеркәсіп өнімдерінің көрмесімен танысқан Амандық Ғаббасұлы облыстық басқарма басшылары, аудан активі мен облыстық, аудандық мәслихаттың депутаттары, аудан ақсақалдары және қоғамдық ұйым жетекшілері, ауылдық округ әкімдері шақырылған алқалы жиынға қатысып, аудан әкімі Райхан САДЫҚОВАНЫҢ қорытынды есебін тыңдады. Арнайы баяндама жасаған аудан әкімі:
– Есеп берудің мақсаты – тұрғындарды аудан аумағында жүргізіліп жатқан әлеуметтік-экономикалық және саяси шаралар туралы хабардар ету, алдағы міндеттер мен негізгі бағыттарды айқындау. Жеткен жетістіктермен қатар, орын алған кемшіліктерді саралау, – деп ауданның әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерін әр сала бойынша тарқатты.
Оның айтуынша, мемлекеттік бюджетке түскен табыс көлемі 18,5 миллиард теңгеге жетіп, жоспар 102,4 пайызға орындалған. Оның ішінде республикалық бюджет 9,2 миллиард теңгені, жергілікті бюджет 9,3 миллиард теңгені құраған. Аудандық бюджетке 4,3 миллиард теңге түсіп, болжам 105,6 пайызға орындалған. Шығыс көлемі 18,1 миллиард теңгені құрап, 100 пайызға игерілген. Биылдан бастап Талғар қаласы мен барлық ауылдық округтерде төртінші деңгейлі бюджет енгізіліп, тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Талғар ауданының аграрлық аймақ ретінде ауылшаруашылық өнімдерін өндіруден облыс көлемінде 3-орынды иеленіп, өнім көлемін 47 миллиард теңгеге жеткізіп, жоспарды 103 пайызға орындағандығы ерекше аталды. Нәтижесінде 35 мың гектар егістік алқабынан 65 мың тоннадан астам дәнді дақыл жиналып, майлық дақылдардың, көкөніс, бақша дақылдарының өнімі көбейген.
Алматы қаласының айналасында азық-түліктік белдеуін дамыту бағдарламасын іске асыру мақсатында 2 жылыжай іске қосылған, барлығы 23 жылыжай жұмыс жасайды. Оларда 740 тонна көкөніс өндірілген. Былтыр 1,5 гектарға даниялық технологиямен компьютерлік жүйемен басқарылатын 1 жылыжай («Грин Эко» ЖШС), 5 мың тонналық неміс технологиясымен жабдықталған жеміс қоймасы («Баймене» ЖШС) іске қосылып, бұл бағыттағы жұмыстар жалғастырылуда. Сонымен бірге, 18 мың гектарға интенсивті, 5 мың гектарға ылғал сақтау, 2 мың гектарға су үнемдеу технологиясы, 153 гектарға алма бағын тамшылатып суару әдісі енгізілген.
Мал басының саны мен өсімділігі артып, 17 мың тонна ет, 73 мың тонна сүт, 22 миллион дана жұмыртқа өндірілген. «Сыбаға» бағдарламасы 126,3 пайызға, «Алтын асық» 112 пайызға, «Құлан» 148 пайызға орындалған. «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы» аясында отбасылық 15 тауарлы-сүт фермасы, 10 мал бордақылау алаңы, 4 жылыжай кешені, 9 ауылшаруашылық кооперативі құрылған. Етті және жеміс-көкөніс бағытындағы 2 ауылшаруашылығы кооперативін құру осы жылға жоспарланған. Биыл «Байсерке-Агро» кәсіпорнында америкалық технологиямен жабдықталған, халықаралық стандарттарға сай малды асылдандыру бағытындағы генетикалық зертхана іске қосылса, Алматы өндірістік кооперативінде Италияның желісімен жабдықталған, 800 басқа арналған тауарлы-сүт фермасы құрылмақ. Қазіргі таңда 740 бас мал әкелінген. Осы атқарылатын жұмыстардың аясында ауылшаруашылығы бойынша 48 миллиард теңгенің өнімі өндірілген.
Былтыр өндіріс көлемі 30,5 миллиард теңгені құраған. Биыл бұл көрсеткіш 600 миллион теңгеге артып, жалпы көлемі 31,1 миллиард теңгеге жететіндігі жоспарлануда. Одан бөлек кәсіпкерлік саласында 20 жаңа нысанның іске қосылуы жоспарлануда. Соның арқасында кәсіпкерліктен бюджетке түсетін қаржы көлемі 12 миллиард теңгені құрайтын болады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 4 пайызға артық.
Аудан әкімінің жарты сағаттық баяндамасында ауданның экономикалық жағдайымен қатар әлеуметтің әлеуетін арттыру мәселесі де кең көлемде баяндалды. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында атқарылған іс-шаралар тарқатылды. Елді мекендерді жаңа мектептермен, ауызсумен, жолмен және жарықпен қамтамасыз етуде жүзеге асқан жұмыстар жайы да жіпке тізілді. Өткен жылы №3, №6 орта мектеп пен №5 балабақшаны газдандыру жұмыстарына бюджеттен 70 миллион теңге бөлінсе, биыл 450 миллион теңгеге 18 білім саласының мекемелері көгілдір отын желісіне қосылады. 
Әлеуметтік саланың тағы бір маңызды бағыты – денсаулық сақтау қызметінің сапасын жақсарту мен қолжетімділігін қамтамасыз ету. Сонымен қатар, аудандағы спорт пен туризм ісін жандандыру, Мәдениет үйлерін халық игілігіне қайтару, күрделі жөндеуден өткізу бойынша да атқарылған жұмыстардың аз еместігі айтылды.
– «Жұмыс – жалқы, ырыс – ортақ» деп, еңбегін елдігіне, тірлігін бірлігіне балай білген халықпыз. Алдағы жылға қойылған міндеттердің барлығын өздеріңізбен бірлесе отырып атқарып, бұдан да зор жетістікке жетеміз, – деген аудан әкімі зор сеніммен баяндамасын аяқтады.
Сөз  кезегі тиген талғарлық белсенділер мінберге бірінен соң бірі көтеріліп, облыс әкімі Амандық Баталовтың назарын өткір де өзекті мәселелерге аударды. Алғашқы болып сөз бастаған Бірлік ауылының тұрғыны Сапархан Исаев мал жайылымының тапшылығын, мектептерде ай сайынғы тестілеудің ақылы болатындығын, тұрмыстық қатты қалдықты өңдейтін полигон құрылысына деген 78 миллион   теңгенің желге ұшпай, қайтарылуын, есепте тұратын науқастарға берілетін дәрінің тапшылығын, Белбұлақ ауылдық округінде Мәдениет үйінің, тірек пунктінің жоқтығын ашып айтты.
Бесағаштық Марат Қожамбердиев 30 мыңға жуық халқы бар ауылға ауылдық амбулаторияның қажеттігін құлағдар етті. Сондай-ақ, қайнарлық ақсақал Тұрсынғали Саудабаев ауыл арасындағы жолдарды асфальттауды, ауыл белсендісі Бақытжан есімді жігіт Тұздыбастаудағы Калинин ескерткішін алып тастауды, мәслихат депутаты Әбдіғани Бәзілхан тұрғын үй құрылысын өрістетуді, Жұмағыз Ботабаева тарихы терең Талғарда бірде-бір музейдің жоқтығын айтып, ұсыныс-тілектердің аяқсыз қалмауын сұрады. Бұған қоса, көлік дамыл таппайтын Алматы – Талғар, Құлжа күрежолдарының бойындағы елді мекендер үшін аспалы жолдың, кей тұста бағдаршамның керектігі де назардан тыс қалмады. Ертелі-кешкі кептеліс те елді мезі еткен мәселе саналады. 
Мінберге көтерілген ауданның Құрметті азаматы Қалимолда Байболов өз кезегінде аудан әкімінің есебіне көңілі толатындығын айта келіп, ауданға арнайы келіп, халықтың тыныс-тіршілігімен танысқан облыс әкімі А. Баталовқа аудан жұртшылығы атынан алғысын білдірді.
Алқалы жиынды қорытындылаған Амандық Ғаббасұлы жер жаннаты Жетісу өңіріндегі жетістіктерді баяндай келіп, есепте көтерілген мәселелердің әрбірінің маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар, тұрғындар тарапынан түскен ұсыныс-тілектің аяқсыз қалмайтындығына сендірді. Былтыр 64 пәтерлі бір үйдің пайдалануға берілуін көңілге медет еткен аудан әкімінің сөзіне қынжылыс білдірген облыс басшысы мұндай жайбасарлықпен кезекте тұрған 3000 адамның баспана мәселесін шешудің қиынға соғатындығын қадап айтты. Бұл орайда, мемлекеттік бағдарламаларды тиімді пайдалану қажеттігін атап өтті.
Жалпы, Талғар ауданының тығырыққа тірелген толғақты мәселелерін шешуде басшылық тарапынан ұмтылыстың аздығы мен ұсыныстың жоқтығын ашып айтқан облыс басшысы аудан әкімінен бастап сала басшыларының барлығына жұмыстарын ширатуды қатаң тапсырды.

Ұлбосын ИСАБЕК

Талғар ауданы