Экономиканы басқарудың тиімді тәсілі

Уақыты: 02.02.2018
Оқылды: 1513
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Адам мен табиғаттың арасындағы байланыстың да уақыт шеңберіне бағынатыны заңдылық. Және ол дәуірге орай жаңарып, үнемі ілгері дамып отырады, өсу-өркендеу баспалдақтарынан өтеді. Соның айқын дәлелі – күн санап емес, сағат санап жаңарған озық технологиялар. Бұл қазір әлемді үлкен өзгеріске ұшыратуда. Қазақстан осы өзгеріске барлық жағынан дайын, әрі ғылыми бәсекеде қабілетті болуы үшін тың мүмкіндіктерін тиімді пайдалануы керек. Осы орайда қоғамдағы адам факторы шешуші рөл атқарады. 
Ұлы жырау Жамбыл бабамның туған халқына арнаған мына өлеңін еске түсірейін:
– Төбеге әкеп ту тігіп,
Той-мереке етіңдер.
Алалы болмай ауызың,
Ынтымақ қылып бекіңдер, – дегені дәл бүгінгі жаһандану сәтіне сай айтылғандай. Әлем халқы жаңа ғасырда бәсекелестік бағытымен алға ұмтылуда. Бүкіл адамзатты Төртінші өнеркәсіптік революция күтіп тұр. Мемлекет басшысы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты халыққа арнаған кезекті Жолдауында тұжырымды ой айтып, оны жедел жүзеге асыруды қажет ететін он жаңа міндетті жүктегені де сондықтан. 

Қазіргі таңда Қазақстан әлемге бейбіт бағытымен ғана танылып қоймай, барлық саладағы сапалы өнімдерімен де көзге түсе бастады. Әсіресе, ауылшаруашылығы саласында еліміздің әлеуеті өте жоғары. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Жолдауында агроөнеркәсіп кешенін заманауи технологиямен жабдықтау мәселесіне кеңінен тоқталса, оған мүмкіндік жетерлік. Қазақстанның жері кең-байтақ, топырағы құнарлы. Климаты түрлі дақылдарды өсіруге аса қолайлы. Бір сөзбен айтқанда, осы мүмкіншіліктерімізді толығымен пайдалануымыз керек. Өкінішке қарай, әлі де ауылшаруашылығы мақсатында қолдануға сұранып тұрған жер телімдерін пайдалана алмай отырмыз. Жолдаудың ерекшелігі сол, «Қазақстанда жасалған» деген брендті тез арада қалыптастыру үшін не істеу керектігі нақты міндеттермен көрсетілген. Бұл құнды құжаттың маңызын арттыра түседі.
Әрине, ол үшін дәнді дақылдарды қайта өңдеу кешенін дамытып, сапалы өнім ұсынатын зауыттар салынуы тиіс. Бұл қадамға бару үшін алдымен аграрлық сала бойынша кәсіби білікті мамандар даярлау қажет. Елбасы бұл мәселені шет қалдырмай, тез арада аграрлық университеттердің базасын қайта жасақтауды, сөйтіп, озық білім орталықтарын құруды ұсынды. Сонымен бірге, «ақылды» технологияларды дамытуды міндеттеді. Бұл – дала төсіндегі сан салалы  жұмыстарды адамның қара күші емес, озық технология түрлері атқарады деген сөз. Қазіргі таңда адам атқаратын суару, дән егу, тырмалау, жер жырту, тыңайту секілді дала жұмыстарына техниканың күші жеткілікті. Яғни, бұл тәжірибенің дамыған елдерде кеңінен қолданылып жүргені белгілі. Демек, еліміз тың бастамаларды тиімді пайдалануда.
Қазіргі Қазақстанның жағдайын егемендіктің алғашқы жылдарындағы жағдаймен мүлдем салыстыруға келмейді. Ел ішін жұмыссыздық жайлап, экономика шатқаяқтаған шақта дәл қазіргі кезеңдегідей іргелі кәсіпорындар ашу ешкімнің ойына кіріп-шықпаған еді. Тарих үшін қас-қағым сәт саналатын 26 жылда Қазақстан қарыштап дамыды. Жаңа жұмыс орындары құрылып, сапалы өнім шығаруға ден қойдық. Қуаныштысы, тұтынушы бір кездегідей Қытайдың арзанқол бұйымдарына жүгірмейді. Халықтың тауар тұтыну мәдениеті мен талғамы өсті. Демек, экономикасы көтерілді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев алдымен экономикаға мән беріп, содан кейін ғана саясатты қолға алды. Бұл әлем елдерінде некен-саяқ қолданылатын басқару әдісі десек қателеспейміз. Ойлап көрсек, бір ғана «Болашақ» бағдарламасымен жылына қаншама жас шетелге білім алуға кетіп жатыр. Олар ертеңгі күні шетелдің қаңсығын тастап, таңсығын арқалап Отанына оралады. Сол жақтан алып қайтқан тың тәжірибелерімен, жан-жақты білімімен бөліседі. Сөйтіп, мемлекетті алға апаратын негізгі салалардың бәрі білікті кәсіби мамандармен толығады. Қазірдің өзінде бұл бастаманың өз жемісін бере бастағанына әр саладан көз жеткізіп жүрміз.
Жер жаннаты Жетісудың әсем табиғаты туризмді дамытуға аса қолайлы. Десек те, тек туризммен халықтың экономикасын көтеру мүмкін емес. Негізінен, Алматы облысы ауылшаруашылығына ден қойған аймақ саналады. Елбасы да түгін тартса майы шығатын Жетісу өңірін ауылшаруашылығы жағынан өркендетуді қолдап отыр. Оған Президенттің Алматы облысына жасаған әр сапарында аграрлық салаға қатысты нақты тапсырмалар беретіні дәлел. Сондай-ақ, әр сапарында шаруалармен кездесіп, емен-жарқын әңгімелесіп, жұмыс нәтижесін сұрап, бұрынғы жылдармен салыстыратыны  бар. Мәселен, осыдан біраз жыл бұрынғы сапарында қызылша өсіруді қайта қолға алуды тапсырғанда тұрғындардың басым көпшілігі бұған аса мән бермеген еді. Өйткені, кеңестік кезеңнен қалған зауыттар әлдеқашан тоқтаған. Халықтың алдыңғы буыны болмаса, кейінгі жастар қант қызылшасын өсіру технологиясын жетік меңгермеген. Қысқасы, қызылша алқабы қайта жайқалып, сапалы тәтті түбір өндіретінімізге күмән келтірушілер көп болды. Бірақ бастаған іс жемісін бере бастады. Қоғамдық пікір өзгерді. Елбасының тапсырмасымен Алматы облысында қызылша өндірісі қолға алынып, кеңес кезіндегі қайнаған тіршілік қалпына келді. Бүгінде қант қызылшасын өсіру көлемі жылдан-жылға өсіп, Көксу, Ақсу қант зауыттарының жұмысы жанданды. Жаңадан жұмыс орындары құрылып, отандық өнімнің сапасы арта түсті.
Мінекей, игі бастама бәрімізді өз нәтижесімен қуантты. Елбасы өңірдің әлеуетін білгендіктен осындай тапсырма берді деп ойлаймын. Ал жалпы облыс бойынша жыл сайынғы Жолдау аясында қаншама кәсіпорындардың ашылып, қаншама адамның жұмысқа орналасқанын қуанышпен еске аламын. Мәселен, Есік қаласынан шығарылатын «Фудмастер» компаниясының өнімдері Қазақстанды қойып, шетелде де сұранысқа ие. Алматы іргесіндегі «Байсерке-Агро», «Данон-Беркут» компанияларының өнімдері де халық тарапынан жоғары бағаланады. Ал облыс орталығы Талдықорғанда қаншама сүт өнімдерін шығаратын,  сусындар өндіретін зауыттар бар?! Бұл шағын және орта кәсіпкерліктің үлкен нәтижесі. Егер біз осы қарқында жұмысты жалғастыра берсек, «Қазақстанда жасалған» деген тауарлық брендімізді әлемге тез танытамыз. Елбасының бұл қадамға ерекше мән беріп, оны қолдап отырғаны баршаға белгілі. 
Жалпы Қазақстанда еңбек етуге ниетті адамға барлық мүмкіндіктер жасалған деген қорытынды шығаруға болады. Бізге тек осындайда ұлттық артықшылықтарымызды ұлықтау жетіспей жатады. Қазақ халқы жалқау деген стереотиптен арылып, сананы сапалы жақтармен жаңғыртуға тиіспіз. Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында да осы мәселелерді айналып өтпеген. Ұлттық код дегеніміз – ұлттық болмысымызды сақтай отырып, әлемге мәдениетіміз бен салт-дәстүрімізді таныту. Ендеше, тілімізді құрметтеп, дәстүрімізді берік ұстанып, бәсекеге қабілетті мемлекетке айналу үшін әр күнді ерекше күш-жігермен бастаған жөн. 
Қазақ халқында «Ай түнде керек, ал ақыл күнде керек» деген тәмсіл сөз  бар. Әр сөзден терең ой түйген, тектілікке, тәрбиеге көңіл бөлген халықпыз ғой. Ақылды ұлттың ғана мәңгі жасайтыны айтпасақ та түсінікті. Халық тек өндіріспен өркендемейді. Оған сананың ашықтығы мен тазалығы, ұлттық ерекшелік те керек. Біз кейбір Батыс елдері секілді тек технологиямен, өндіріспен бір жақты дамып кеткен жоқпыз. Мұның арты моральдық азғындыққа, рухани жағынан тұйыққа тірелуге алып келуі мүмкін. Қазақстанның даму бағыты бұл емес. Мұны Елбасы дер кезінде аңғарып, халыққа Рухани жаңғырудың басым бағыттарын көрсетті. Ендігі кезек – рухани байлығымыз бен экономикамызды құстың қос қанатындай тең алып жүру. Бұл міндет баршамызға ортақ құндылық. Қалай десек те дамудың қай жолы болмасын тек бірлік пен ынтымақ бар жерде ғана нәтижелі.
Елбасының жаңа Жолдауынан кейін біз бірлік пен берекенің қаншалықты құнды екенін терең түсіне түстік. Жас ұрпақ ұлттық кодынан ажырап қалмай Қазақстанның патриоты бола білгені жөн. Патриотизм халыққа адал қызмет ету десек, өнідіріс ошақтары мен жолдары, зәулім үйлері мен ұлттық салт-дәстүрі күннен-күнге жаңғырып келе жатқан жас Қазақстан үшін алар асу әлі алда. Біз әр асуда артымызға қарайлап, болашағымызға нақты міндеттер қоятын елміз.
Президентіміз бізге жүргізушісі жоқ техникамен аграрлық саланы қалай өркендетудің жолдарын көрсетті. Расында да қазіргі таңда ауылшаруашылығы десе қара жұмыс істеп, күн астында терлеп- тепшіп жүрген диқан елестейді. Әсіресе, жастардың санасында осындай түсінік қалыптасқан. Соның салдарынан агрономия саласында жас кадрлар тапшы. Бұл Жолдау ауылшаруашылығы бағытындағы біз атап көрсеткен кедергілерді жойып, жаңа міндеттер арқылы әлемдік озық технологияларды тиімді пайдалануға үндейді және жаңа ғасырда сананы сапамен өлшейтін кез келгенін тағы бір еске салып отыр. Халық осыны жадында ұстағанда ғана еліміз өркендеп, өседі. Ұрпағымыз бақытты ғұмыр кешетін болады.

 

Серік ҮМБЕТОВ,
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты